Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бұл мақсатта Ресейден 60 млн теңгеге 70 мың «Гриппол» вакцинасы әкелініп, облыстың емдеу мекемелеріне таратылып берілген. Медицина қызметкерлеріне, Д-есебіне тіркелген балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, зейнеткерлер мен мемлекеттік мекемелердің қамқорлығындағы адамдарға, сондай-ақ індет белгілері анықталған науқастарға тегін екпе жасалады.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, алдын ала тұмауға қарсы сақтық шараларын қабылдап, иммунитетін көтергісі келетін тұрғындар өздері тіркеуде тұрған жергілікті емханаларға баруы тиіс.
Сондай-ақ облыс тұрғындары қыркүйектің он бесінен бастап өзіне қолайлы немесе тұрғылықты мекеніне жақын орналасқан емхананы өз қалауы бойынша таңдап, сол жерге қайта тіркеуге тұра алады. Ол үшін үйден шығудың қажеті жоқ. Электронды цифрлы қолтаңбаны пайдалана отырып, eGov веб-порталы арқылы қалаған емханаға тіркелуге болады. Тұрғындарды тіркеу компаниясы қараша айының он бесіне дейін жалғасады.
– Қостанай облысының тұрғындары қалауына қарай алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін кез келген медициналық мекемеге тіркеуге тұра алады. Қостанай қаласының өзінде мұндай 4 мемлекеттік емхана, 3 жекеменшік мекеме бар, – деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.
Қостанай облысы