Жуырда ғана әлеуметтік желіде қоғам белсенділері Қасым Қайсеновтің мүсіні өз есімімен аталатын саябақтың бір пұшпағында қалғанын жазып, мәселе көтерді.
– Қазақтың Қасымының атындағы саябақта Киров төрде, Қасымның есікте тұрғаны елдігімізге сын! Сүйекке таңба! Қасым кім, Киров кім!? Киров Ленин мен Сталиннен артық емес қой. Ескерткішін орнынан тайдырып, сол жағалаудағы идеялық тұрғыда ескірген ескерткіштердің қатарына баяғыда апарып қоюға болатын. Ал Қасымға үлкен ескерткіш жасалуы тиіс. Ол өле-өлгенше Шығысын сүйіп өтті, – дейді қоғам белсендісі, «Алтай Асу» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков.
Халық Қаһарманының бюстін көріп қайтайын деп саябаққа біз де барған едік. Саябақ іші жайқалып тұр. Жайқалған саябақтың қақ ортасында қолын көкке созған баяғы Кировтың мүсіні менмұндалайды. Орнында қасқайып Қасым Қайсенов тұрса қандай ғажап?! Егеменді еліміздің ұрпағы батыр бабасын біліп өсер еді. Ал балаға Кировты кім деп түсіндіреміз?!
Күзетшіге тақап барып, Қайсеновтің мүсіні қайда тұрғанын сұрадым. Сәл тосырқап қалды да жол сілтеді. Ойланып қалғанына қарағанда, күзетші де нақты білмейтіндей көрінді. Көз алдында тұрмаған соң қайдан білсін?! Сөйтсем, этноауыл жақтағы қоршаудың ішінде тұр екен. Ішінде болғанда да бір қуысында. Адам аяғы баса бермейтін көлеңкелеу бір бұрыш.
Қыл аяғы белгілі партизан жазушының Лихарев құрлы құны жоқ па еді?! Жуықта ғана қаланың ортасынан Лихаревқа арналған мүсінді Ертістің жағалауына жарқыратып тұрып орнатты. Бар еңбегі – 1700 жылдары қазақтың жеріне бекініс салған дейді. Ал Киров кім? Қазақ үшін басын бәйгеге тігіп пе еді? Орыс революционері, саяси қайраткер екен. Өмірбаянынан «Қазақстан үшін тер төкті» дегендей жолдарды таппадық. Бір байқағаным, Киров өлтірілгеннен кейін қырғын репрессия басталған.
«Елу жылда ел жаңа». Тарихты таразылап, ұлт мүддесі үшін күрескен тұлғаларды ұрпақ алдында насихаттай беруіміз керек. Мүсіндерін қояйық, есімдерін көшеге берейік. Патриоттық тәрбие деген сол.
Өскемен