02 Қараша, 2013

Қытай дамудың моделін өзгертпекші болып отыр

284 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

01-11-13-razvitie-kitai-1

Бейжіңде Қытай Компартиясы басқарушы органының алда болғалы тұрған экономика саласындағы аса маңызды мәселелерді талқылауға арналған отырысы туралы хабарланды. Қарашаның 9-12-сі күндері өтетін орталық комитеттің пленумында жобасы бірнеше айдан бері партия ішілік пікірталаста талқыланып жатқан «реформаны жан-жақты тереңдету» туралы қаулы қабылданатын болады. Сарапшылардың бірқатар алдын ала болжамдарына қарағанда, бұл жердегі басты әңгіме өзінің тірегін ең алдымен ішкі нарықты ынталандыруға бағытталатын дамудың жаңа моделі туралы болып отырғанға ұқсайды. Бұл жайлы Ресейдің «Независимая газетасы» жазды.

2012-2013 жылдардың шегінде Қытай билігі басына келген жаңа басшылықтың шаруашылықты жүргізудің формуласын өзгертуге ықыласты екені биылғы жылдың наурыз айында белгілі болды. Сол кезде өткен Халық өкілдерінің бүкілқытайлық жиынында елдің жаңа басшылығын қалыптастыру үдерісі аяқталды. Өткен жылғы қараша айында болған Қытай компартиясыныңXVIII съезінде жоғары партиялық лауазымдарға сайланған Си Цзиньпин мен Ли Кэцян парламент сессиясында тиісінше ҚХР төрағасы және Мемлекеттік кеңестің (үкімет) премьері болып бекіді. Тап сол кезде нарықтық реформаларды тереңдете түсу және урбанизациялық революция деп аталатын үдерісті бастан кешу секілді шаралардың қолға алынатыны туралы болжамдар айтыла бастады.

Қытайдың басқару шеңберіне жақын жүрген экономистердің түсіндірулерінше, мұндағы басты идея дамудың қазіргі қолданыстағы экспортқа бағыт ұстаған моделінің жағымсыз жақтарын түзету ниетінен туындаған. Бұл бағыт экономиканың жылдам өсуіне зор серпін беріп отырғанымен, соңғы жылдары, әсіресе, әлемдік дағдарыс жағдайында, өсудің қозғаушы күші ретіндегі рөлін жоғалтып алған. Осымен бір мезгілде қазіргі жүйенің кемшіліктері мен залалдары да айқын аңғарылып шыға келді. Бұл көбіне-көп мемлекеттік инвестицияның тиімділігі төмендеуінен, экспортқа жұмыс жасаушы портты провинциялардан елдің қалған бөліктерінің қала бастауынан көрінеді. Елдегі барынша өткір проблема ретінде жер ресурстары жетіспеушілігі қатты байқалатын деревнялардың тоқырауға ұшыраушылығы да айтылуда. Соның нәтижесінде деревняларда тұратын жұмысқа қабілетті 250 млн. адам қалаларға қарай ағылып, ішкі мигранттың үлес-салмағын арттырып жіберген. Олар қазір тұрақты тіркелімсіз, тұрақты баспанасыз құрылыстар мен зауыттарда жұмыс жасауда.

Реформа теоретиктері бұл проблемалардың бәрін бұдан да гөрі өткір тұрған проблема – урбанизациялық революция арқылы шешуді ұсынады. Ол деревняларда тұратындарды жаппай қалаларға көшіріп, оларға сол жақтардан жұмыс көздерін тауып беруді қарастырады. Бұл революция нарықтық қатынас – мунициалды облигациялар мен құнды қағаздарды шығару жолымен жеке қаржыларды көптеп тартуды кеңінен қолдану негізінде жүргізілу тиіс. Ал қытайлықтар әлемдегі жеке адамдарының байлықты көп жинаған елдердің қатарына жатады. Реформа авторларының айтуларынша, деревнялардағы шаруалар қазір онсыз да толып, аузы-мұрнынан шығып жатқан қалаларға апарылмайды, оларға негізгі бағытты өнеркәсіпті дамыту ғана емес, қызмет көрсетуді түрлеріне ұстайтын шағын және орта дәрежелі елді мекендер салып берілмекші. Бұған әлгінде айтылған жеке байлардың облигациялар сатып алуға жаратқан қаржылары жұмсалады.

Бастапқыда бастама авторларының жоспарлары тіпті орасан зор болды. Олар таяудағы 10 жыл ішінде деревнялардың 400 млн. тұрғынын қалаларға орналастыру, бұл үшін 40 трлн. юань (шамамен 6 юань 1 доллар тұрады) қаржы жарату идеясын көтерді. Бірақ сарапшылардың жоспарды бұдан әрі жан-жақты талқылаулары мен оның партия ішілік пікірталастары барысында бірқатар келіспеушіліктер туындады. Мұның дені мемлекеттік жоғары лауазым иелеріне қаржылық жағынан шектеу салынатынына байланысты шықты. Бұл, әсіресе, провинция мен одан да төменгі бөліктердегі басшылардың құзыры шеңберіне лайықты келмейтін орасан зор ақшаларды бере алмау тұрғысынан көтерілді. Осыған байланысты инвестицияның көлемін қайта қарау тапсырылды.

Қазір әдепкі жобаның едәуір өзгеріске ұшырауы ықтимал екені де жоққа шығарылмайды. Ал пленумда қабылданатын қаулы жалпы сипатта ғана болуы мүмкін. Бұған саяси бюроның орталық комитеттің пленумын шақыруға арналған шешімінде оның «реформаны жан-жақты тереңдетуге байланысты бірқатар маңызды проблемаларды шешуге» арналатыны туралы берген хабарламасы айғақ болатын сияқты. Сонымен қатар, жаңа қадамдардың «компартия басшылығымен қытай халқын жаңа дәуір жағдайына алып баратын ұлы революция» болып табылатын реформа саясаты шеңберінде жасалатыны да айтылды. «Реформаларды жан-жақты тереңдету мақсаты – социализмді Қытайдың ерекшелігімен ұштастыра отырып дамыту және жетілдіру», - делінген шешімде.    

Сәкен Майлыбай.