Таным • 18 Қыркүйек, 2020

Ұлтқа қызмет ету өнегесі

1002 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Биыл қазақтың көрнекті ғалымы, саяхатшы, географ, тарихтану­шы және этнолог, жазушы, сурет­ші, қазақ фольклортануының ғы­лы­ми негіздерін салушы, демо­­­к­рат Шоқан Шыңғысұлы Уәли­ха­нов­­­тың туғанына 185 жыл толып отыр.

Ұлтқа қызмет ету өнегесі

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбаев, EQ

Шоқан кәдімгі қазақи дәстүрді ұс­та­натын отбасында өсті, бала кезі бұ­рынғы өткен қорғаушы-батырлар, ма­хаб­батқа адал ғашықтар туралы аңыз-әңгі­мелерді сақтай білген Жанақ, Шөже, Жұмағұл, Орынбай, Арыстанбай сынды ақын-жыршылар өнерін көрсеткен ортада өтті. Жас кезінен халқымызға тән жалпы адамзаттық құн­дылықтар мен ұстанымдарды бо­йы­на сіңірді, өмірлік позициясын қа­лып­тастыра бастады. Жекеменшік қа­зақ мектебінде есеп-қисап, жазу, сурет салу пәндермен қатар шығыс әдебиеті, мәдениетімен жақсы таныс­ты. 1847 жылы жекеменшік қазақ мек­тебін тәмамдаған он екі жасар Шо­қан Сі­бір кадет корпусына қабылданды. Мұн­да, Ә.Марғұлан көрсеткендей, оның демократтық ұстанымдарының әрі қа­рай қалыптасуына ерекше ықпал еткен П.Гонсевский, Н.Костылецкий, В.Лободовский секілді озық ойлы, бі­лікті мамандар дәріс берді. Шоқан кадет корпусында Г.Потанинмен достас­ты, шығыстанушы И.Березинмен та­­­нысты, шығыстанушылар К.Гутков­ский, Капустин­дер­мен жақын араласты, В.Белинский, А.Гер­цендердің сы­ни мақалалары­мен, Н.Чер­ны­шев­ский, Н.Добро­лю­­бовтардың шы­ғар­маларымен, Т.Кар­­­­лейль­дің әлеу­меттік-пәл­сапалық еңбек­­­те­рі­мен танысты, А.Пушкин мен М.Лер­монтовтың өлең­дерін сүйіп оқы­ды. 1853 жылы 18 жасында корпус­ты бітірген Шоқан сол кездегі билік жүйе­сіне қатысты сыни, демократиялық жә­не саяси көзқарастары қалыптасқан, өз хал­қына және ғылымға қалтқысыз қызмет етуге бел буған өте бі­лімді адам болып шығады.

Патша әкімшілігі жаңадан қосылған қазақ жерлерін игеріп, әлі қосылмаған аймақтарды қосу үшін Қазақстанды үңі­ле зерттеуге кірісті. Бұл стратегиялық жоспарды жүзеге асыру үшін отаршылық аппаратқа жергілікті халықтың арасынан білімді, көзі ашық және адал, сенімді, ғылым мен қызметке берілген адамдар қажет болды. Ш.Уәлиханов дәл сондай адам еді.

Үкімет тапсырмасымен Шоқан 1855-1857 жылдары бес рет саяхат жасады; нәтижелерін «Дневник поездки на Иссык-Куль», «Западная провинция Китайской империи и г. Кульджа», «Записки о кир­ги­зах», «Географический очерк Заилий­ского края» атты еңбектерінде жүйелеп көрсетті. Жас ғалымның бұл еңбектерін ресейлік ғалымдар өте жоғары бағалады, әлі 22-ге де толмаған Шоқан 1857 жы­лы Орыс географиялық қоғамының то­лық мүшесі болып сайланды. 1858-1859 жылдары Ш.Уәлиханов оған де­йін Еуропа ғылымына жұмбақ болып келген Қашқарияға әйгілі сапарын жасап, ержүрек саяхатшы атанды. Ға­лым­ның экспедиция нәтижелері баян­далған «О состоянии Алтышара или шести восточных городов Китайской провинции Нан-Лу [Малой Бухарии]» атты іргелі еңбегінің ғылыми құндылығы әскери мамандар мен ресейлік және ағылшын ғалымдары тарапынан бірауыздан мойындалды.

Ш.Уәлиханов орыс әскерінің офи­цері болды және Қазақстан ол кезде Ре­сей құрамында болғандықтан сол елге қалтқысыз қызмет еткені түсінікті. Бірақ, Потанин көрсеткендей, «Уәлиханов қа­зақ халқына қызмет етуді, орыс билігі­нің алдында өз халқының мүддесін қорғауды және олардың серпіліп оянуына көмектесуді өзінің өмірлік мақсаты деп санады». Ғалым ХІХ ғасырдың екін­ші жартысындағы өмір шындығын, халқының тезге түскен тағдырын ескере отырып өз ұлтына қызмет етудің әдіс-амалын жасады.

Ғалым халықтың материалдық жә­не материалдық емес мәдениетін этнос бірегейлігінің ма­ңыз­ды факторы болып табылатын тұ­тас, жүйелі, төл құбылыс ретінде қа­рас­тырды. Туған халқын зерт­теуді өзі­нің міндеті деп таныды, оты­рықшы-көш­пелі қазақ мәдениетін ғы­лыми та­ным­­ның объектісі ету мақсаты болды. Шо­қан тарихи-географиялық сипат­та­ғы іргелі еңбектерімен бірге, қа­зақ фольк­лоры мен этнографиясы ту­ралы көптеген зерттеу еңбектер жазды. Ол еңбектердің зерттеу нысаны – ха­лықтың тарихы, сөз өнері мен эт­но­­графиясы, киімі, қару-жарақтары, үй-жайы, дәстүрлі әдет-ғұрпы, на­ным-сенімі, дүниетанымы, өмір сүру салты, қоғамның рухани өміріндегі дін­нің орны мен рөлі, дәстүрлі сот-құқық жүйесі мен Қазақстандағы жер қа­тынастары, жер суару жүйесі және диқан­шылық, ежелгі архитектуралық ес­керткіштер болды.

Ғалымның фольклортанулық мұра­сы­ның ішінде аса құнды еңбектерінің бі­рі – «О формах казахской народной поэзии» атты мақаласы. Халықтың эпи­калық мұрасын жетік біліп, өз зама­ны жыршыларының шығармаларымен таныс болуы Шоқанға эпикалық дәс­түрдің сол кездегі ахуалы туралы ма­ңызды қорытындылар жасауға зор мүм­кіндік берді, мысалы, қобыздың орнына домбыраның пайдаланылуы, жыр формасының өлең формасына ауысуы, ескі жырлар біртіндеп ығыстырылып, тың тақырыптар мен сюжеттерді арқау еткен жаңа шығармалардың пайда болуы және тағы басқа.

Эпосқа ерекше назар аударған Шо­қан тарихи жырларды батырлық эпос­тан нақты бөліп, жеке жанр ретін­де қарастырды. Зерттеуші жыр тер­ми­нін бірнеше мағынада: фольклор жанры мағынасында, өлең формасы мағынасында және жеке жыр мағы­на­сында қолданады. Ғалым шағын зерт­теуінде қазақ эпосының поэтикалық болмысы архаикалық формадан келе­сі формаға ауысқанын, дәстүрлі сюжет­тердің ығыстырылып, күні кеше өт­кен тарихи оқиғаларды жырлауға кө­ше бастағанын, яғни эпостың транс­фор­мациялануының жалпы сипатын анық­тады. Автор эпикалық жанрлармен қатар жылау, қайым өлең, мақал-мәтелдер, қара өлең, тарихи аңыз, әң­гі­ме, шежірелер, фольклорлық жанр­­ларды қарастырып, олардың әрқай­сысына қысқаша аннотация берді, бір­неше шежірелік және тарихи аңыз, әпса­налардың сюжеттерін ғылыми айна­лымға енгізді.

Ғалым зерттеулерінің ішінде аса ма­­ңызды еңбектердің бірі ретінде мо­йын­­далған «Очерки Джунгарии» атты зерт­теуі өзінің көзі тірісінде жарық көр­ген (1861) аздаған шығармаларының бі­рі. Еңбекте тотем бабалар туралы архаи­калық миф­­тер, ру-тайпалардың шежіресі, поэти­калық Ноғайлы дәуірінің эпостары (ав­тор бас қаһармандардың тарихи тұл­ға екенін құжаттармен дәлелдеген) тура­лы фольклорлық материалдар қам­тылған. Ш.Уәлиханов оларды нақты жүйе­ле­месе де, арнайы қарастырған, сипаттама беріп, әр жанрдың функциясын (қызметін) анықтаған.

Ш.Уәлихановтың «Тәңірі» атты ма­қа­ласындағы материалдар бақсылық­тың сыры мен спецификасын ашып, ми­фологиялық және ертегілік персо­наж­дармен таныстырып, халық арасын­да­ғы түрлі культтер, ғұрыптар, наным-се­німдер, тыйымдар туралы мол мәлі­мет береді. Ш.Уәлиханов айтып кеткен салттар мен ғұрыптардың көп­шілігі әлі күнге дейін сақталған. Халық­тың басым бөлігі бұл дәстүрлерді ұста­нып, орнымен ат­қарып келеді, мысалы: келін түсіру, әруақ­тарға тағзым [бабалар культі], айға [көкке табыну], жеке өскен дараққа [әлем ағашы мотиві] сыйыну, т.б.

Ғалымның «Следы шаманства у ка­­за­хов» атты зерттеуі халқымыздың ежел­гі наным-сенімдерінің энциклопедия­сы іспеттес. Ғалым өзі жазғандай «таби­ғаттың адамға, әсіресе оның санасы же­тілмеген кезіндегі өміріне ықпалы өте зор болды. Сондықтан адамзат бала­сы табиғатқа қатысты не істеу керек, нені істеуге болмайды деген ережені қалып­тастырып, соны басшылыққа алуға мәж­бүр болды». Олардың шығу төркінін Ш.Уә­лиханов өз кезіндегі ғылымның кон­цеп­циялары арнасында түсіндіреді. Ежелгі адамдардың қоршаған әлемді қалай қабылдағаны туралы ол былай жазады: «Байырғы адам күнді көріп таң қалып, оған табынған; айды көріп – оған табынған; ол көк Тәңірі деп аталған құді­ретті күші бар, уақыт сияқты мәңгі күш иесінің қатысы бардың бәріне, табиғат­тағы құбылыстарға түгел сыйынды».

Ш.Уәлиханов бақсыға, кейіннен қа­­ғи­даға айналған қысқа да, күрделі, бақ­сының мәртебесі мен қызметін нақ­ты­лайтын анықтама берді: «Бақсы – си­қырды білетін және жоғарғы күшпен бай­ланысқа түсе алатын адам, ақын, му­зыкант, сонымен қатар дәрігер». Ол өз халқының дәстүрлі көзқарастары­ның жиын­тығын шамандық терминімен береді. Шамандық, шаманизм – зерт­теушілер енгізген терминдер. Еуропалық, соның ішінде орыс зерттеушілері үстіне қоңырау ілген, көз үйренбеген, жат олар үшін, киімдегі, қолына дабыл ұстап, тү­сініксіз жоралғы жасап жатқан шаман/бақсыны алғаш рет көріп, оны халық дінінің негізгі фигурасы деп танығанға ұқсайды. Алайда бұл мүлде негізсіз. Ш.Уә­лихановтың айтуы бойынша «кү­нә­ні кешіріп, жазалайтын» жоғарғы құ­дай – Тәңірі, ал шаман – қарапайым адам, оны халық тек аспан мен адам, адам мен рухтар арасындағы дәнекер деп түсін­ген. Ш.Уәлиханов былай деп атап өтеді: «Көк аспан – бұл шамандықта жоғарғы Құдай». Ол Тәңірі ретінде көк аспанды түсінеді: «Тәңірі атауының өзі – аспан». Әрі қарай: «Тәңірі сөзін Шыңғыс хан билік еткен тұстың өзінде мұсылмандар Алла деп аударған...» дейді.

Тәңір туралы түсінік көктегі рух-ие туралы анимистикалық наным негізінде пайда болғаны, аспан – құдай деп қана емес, сол құдайдың тұрақты мекені деп те танылғаны белгілі. Тәңірге, Құ­ді­рет­ті Құдайға, Жаратушы Иеге, Қорғау­шы­ға табыну Еуразия даласында ғұн дә­уірінен белгілі. «Мифы народов ми­ра» атты еңбектің авторлары «Тәңірі тер­мині Орталық Азия халықтарының ежелгі мифологиялық қорына тиесілі және ғұн тілінде болуы мүмкін (б.д.д. ІІІ ғасырда және одан ерте)» деп жазады. Тәңірі Түркі қағанаты дәуірінде рес­ми құдай, түркілердің жебеушісі бол­ғаны 732 жылы Күлтегінге қойылған ес­керткіштегі жазбалардан белгілі. Тәңір­лік дегеніміз – қоршаған әлемге де­ген бастапқы көзқарастың тікелей нә­ти­жесі болып табылады. Тәңір культі, тәңіршілдік – дүниетаным және дін ре­т­інде жеткілікті деңгейде зерттелген жоқ. Осы орайда ғалымның ХІХ ғасырда жа­саған қорытындылары өте маңызды.

Ш.Уәлиханов қазақ фольклоры мен этнографиясын зерттеумен шек­тел­ген жоқ. Өз халқының патриоты, идеологиялық ұстанымы бойын­ша демократ Шоқан қазақ қоғамы үшін көкейкесті, өте өзекті болған проб­­ле­маларға, мысалы, патша әкімші­лігі­нің жергілікті халықтың мүддесін ес­кер­мес­тен, құқықтарын бұза отырып жүргізген сот және әкімшілік рефор­маларына қатысты өз ойларын айтпай тұра алмады. Сондай-ақ ол қазақ хал­қының материалдық-экономикалық жағ­дайының нашарлап кеткендігіне бей-жай қарай алмайды. Мысалы, «От­ры­вок из письма издателю» атты мақа­ласында Ш.Уәлиханов қарапайым ха­лықты қанайтын ауыр салықтар мен па­рақорлық, тікелей мағынасындағы тонаушылық туралы еш бүкпесіз ашық әрі нақты дәлелдермен жазады, ал «О кочевках казахов» атты мақаласында Ресейден көшірілгендерге қазақ жер­ле­рін тартып алып беруге ашық түрде қар­сылық білдіреді, ондай саясат малмен күн көріп отырған халықтың тұрмысына орасан нұқсан келтіретінін жазады. Ға­лым: «Заң бойынша казактарға жер қа­зақтардың өрісінің есебінен бөлінбеуі тиіс болғандықтан, мен қыстаулар мен шүйгінді жерлерді ең алдымен жер­гілікті қазақтарға үлестіріп, содан артыл­ғанын ғана казактарға беру керек деп есеп­теймін» деп жазады.

Ғалым «Абылай» атты еңбегінде (1860) тарихи деректерді, ауызша жеткен мәліметтерді, фольклорлық материал­дарды, өзінің жеке көзқарастарын бір жерге біріктіріп, ел ардақтаған тұлға­ның өмі­рі мен халыққа еткен қызметін ха­­лық тарихымен тығыз байланыста қа­­рас­тырып, есімі аңызға айналған, қа­зақ­тың жау қолында кеткен жерлерін қай­тарушы, мемлекетшіл тұлға, дипломат әрі саясаткер, тәжірибелі қолбасшы, ержүрек, кемеңгер Абылай ханның фе­номенін ашып берді. Ғалымның Абылай ханның тұлғасы мен оның мемлекеттік қызметі жайлы ғылыми концепциясы заманауи зерттеулерде дәйектеліп, жал­ғасын тапты.

Ал дін мәселелеріне қатысты зерт­теушінің көнеден келе жатқан наным-сенімдер мен мұсылмандықтың өзара үйлесім тауып жатқанын атап көрсеткені және А.И.Левшиннің еңбегіне жазған рецензиясы өте маңызды. 18 жасар Шоқан А.И.Левшиннің қазақтар өзде­рі­нің қай дінде екенін білмейді деген пі­кі­ріне қатысты былай деп жазды: «А.Лев­шин өзі айтып отырған халықтың на­дан­дығын сипаттауға беріле кіріскені сон­ша сиқыр мен дуа қазақ дінінің бір бө­лігі деп соғады; олар діннің бір бөлігі емес, барлық халықтарда кездесетін наным ғана». Жас ғалымның сиқыр, дуа, бал ашу, т.б. діннен бөлек қарастырып, наным-сенімнің қатарында жүйелеуі назар аударарлық.

Фольклор үлгілерін жинау Шоқан Шың­ғысұлының фольклортанулық қыз­метінің маңызды бөлігі болып табылады. Шоқан ел аузынан жазып алған фольк­лорлық үлгілер: «Едіге», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Абылай туралы эпос, «Ер Көкше», «Қарабатырдың тол­ғауы», «Орақтың өлеңі» сынды батыр­лық, романдық, тарихи жырлар, ерте­гі­лер, мақал-мәтелдер, халық әндері, жоқ­тау, аңыздар мен әңгімелер, қырғыз эпосының үлгілері және т.б. Өкінішке қарай, ғалымның жинаған фольклорлық материалдары мен зерттеулерінің басым бөлігі ғылыми айналымға жиналған, жазылған уақытынан көп кейін енгізілді. Ғалымның көзі тірісінде жарық көрген зерттеулері көп емес, мысалы, «Аблай» (1860), «Очерки Джунгарии» (1861), ал алғашқы «Шығармалар жинағы» орыс ғалымы Н.И.Веселовскийдің редак­ция­лық басқаруымен 1904 ж. баспа бетін көрді. ХХ ғасырда Ш.Уәлихановтың бестомдық Шығармалар жинағының басылымы екі рет жарық көрді (1961-1972 жылдары және 1984-1985 жылдары). Бұл жинақтардың шығуына Ә.Мар­ғұлан мен ол басқарған ғылыми ұжым зор еңбек сіңірді. 2012 жылы Ш.Уәлихановтың фольклортанулық ең­бектері «Классикалық зерттеулер» се­риясының аясында басылып шықты (12 том, жауапты ред. Б.У.Әзібаева). Ға­­л­ымның еңбектері қазақ тіліне ауда­рыл­ды, одан бөлек, «Таңдамалы шы­ғар­малар» сериясында, басқа да түрлі ғы­лыми-көпшілік басылымдарда бір­неше рет жарияланды.

Ш.Уәлиханов – ғылымның бір­не­­ше салалары бойынша (дінтану, тарих­­­тану, этнология, т.б.) алғашқы әрі те­рең, құндылығы бүгін де жо­йыл­­­­ма­ған еңбектер жазды, ал ұлт­тық фольк­лор­та­ну­дың ғылыми негіз­дерін қалады: оның еңбектерінде фольклорымыздың көптеген теориялық мәселелері алғаш рет зерттеу нысанына алынды. Атап айт­қанда Шоқан Шыңғысұлы қазақ фольклорының жүйеқұраушы жанрлық формаларын тұңғыш рет жүйелеп, ғы­лыми сипаттамасын ұсынды; эпостық мұрамыздың жеке жанрлық түрлерін/типтерін анықтап (қаһармандық, тарихи және ғашықтық эпос), әрбіреуін жеке жанрлық түр ретінде бөліп қарастырды; ғылымда алғаш рет тарихи құжаттар мен басқа да деректердің негізінде Едіге, Шора, Ер Көкше, Ер Қосай, Тоқ­тамыс, Сәтемір хан сияқты эпика­лық пер­со­наж­дардың прототиптері бар екенін дә­лел­деді; эпостық жырдың пайда болу алғышарттарының бірі тұтастану үдерісі екенін көрсетті (бірақ, бұл терминді қолданбайды); шығарушылар мен жеткі­зу­шілердің (ақын, жырау), айтушылар мен орындаушылардың (өлеңші, ер­текші, жыршы) типтерін бөліп анық­тады; ғалым тарихи-типологиялық, тари­хи-салыстырмалы және пәнаралық зерт­теулердің қажеттілігін тілге тиек етті және еңбектерінде тұңғыш рет қазақтың алғашқы діні – тәңірлік туралы терең де, нақты мәліметтер беріп, тұжырымдарын ұсынды.

Ш.Уәлиханов қазақтың және өзге де түр­кітілдес халықтардың генезисі мен тарихына жіті зер салып, оларды бө­ліп-жармай тарихи-саяси, мәдени бірың­ғай контексте қарастырды. Ш.Уә­ли­ха­новтың «эпостық поэмалар халықтың поэ­зиялық тарихы болып табылады, ал ха­лықтың рухани мәдениеті мен оның біртұтас этномәдени кеңістікте қа­лып­тасқан қоғамдық-әлеуметтік көзқа­рас­тарының жиынтығы – халықтың өт­кен өмірінен, оның дүниетанымдық ұста­нымдары мен мақсаттарынан, мен­та­литетінен тұтас көрініс береді» де­ген тезистері кейінгі зерттеулерде дәлел­деніп, бүгінгі гуманитарлық ғылымның жетістіктерінің бастауы болды.

Шоқан Шыңғысұлының ХІХ ға­сырдың 50-60 жылдары ұстанған ғылыми ұстанымдары бүгін де өзектілігін жойған жоқ, оның еңбектері бүгінгі ұлтқа қыз­мет етудің биік өнегесі бола алады, тіпті, сондықтан оның ғылыми және социо-гуманитарлық тұжырымдарын тереңірек ұғынып, түсінген жөн.

 

Бақытжан ӘЗІБАЕВА,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор