Қостанай қаласында тұратын жалғызбасты ана Надежда Дмитриеваның үйелмелі-сүйелмелі 8 баласы бар. Рузана, Эльвина, Вероника, Александра, Анастасия, Любовь, Виктория есімді жеті қызы үйдің кенжесі Викторды қолдан түсірмей, анасына қолғанат болып өсіп келеді. «Қостанай су» кәсіпорны биыл бұл үйдегі 8 балаға қысқы киім сатып алып беруді жөн көріпті. Үр жаңа қысқы күрте, сәнді комбинезон, бас киім, жылы әрі жеп-жеңіл етіктерді киіп көрген шиеттей балалар шаттыққа кенеліп қуанып қалды.
– Біз Дмитриевтер отбасын бұрыннан білеміз. Жыл он екі ай ішінде айналып келетін әр маусым қарсаңында міндетті түрде көмек көрсетуді үрдіске айналдырдық. Биыл «Мектепке жол» акциясы аясында жылы киімдер әкелдік. Көп бала тәрбиелеп отырған кәсіпорын жұмысшыларының отбасын да назардан тыс қалдырып көрген емеспіз. Оларды да мүмкіндігінше базарлықпен қуантып, тарту-таралғы жасап тұрамыз, – деді «Қостанай Су» МҚК директорының маркетинг және жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Арман Жүнісов.
Дмитриевтер отбасы биыл мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болыпты.
– Жалғызбасты адамға шиеттей баланы бағып-қағып өсіру қиын ғой. Дегенмен көпшіліктің, мемлекеттің қамқорлығын сезініп отырмын. Адамға кәдімгідей жігер береді. Қазір басымызда баспана бар. Бұған дейін қаладағы жеке үйлердің бірін жалдап тұрдық. Әуелі жетімдер санатында пәтер кезегіне тұрдым. Кейін әлеуметтік аз қамтылғандар тобының өкілі ретінде тіркелдім. Соңғы рет көпбалалы ана ретінде кезекке тұрып, көп кешікпей пәтер алып, баспана бақытына кенелдік. Үйіміз кең, бәрімізге орын жетеді. «Қостанай Су» кәсіпорны осымен үшінші жыл көмек қолын созып келеді. Биыл мамырда пәтерлі болғанымызды естіп, арнайы келіп құттықтап, тіпті үй құжаттарын ресімдеуге дейін көмектесті, – деді жалғызбасты ана.
Аталған ұжымның көпбалалы және толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 40 баланы өз қамқорлығына алып, тұрақты қолдау көрсетіп отырғанын айта кеткен жөн.
Қостанай облысы