Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Қыркүйектің 18-і күнгі дерек бойынша елімізде 107 134 науқас тіркелген, соңғы тәулікте 78 адам COVID-19 вирусын жұқтырған. Бүгінде 3835 адам емделіп жатыр, 1689 азамат қайтыс болды. Сонымен қатар коронавирус инфекциясының 30 579 ықтимал жағдайы тіркеліп, 26 533 адам емделді, 337 адам көз жұмды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.
«14 қыркүйекте coronavirus.kz сайтында КВИ-ге ұқсас пневмониядан айыққан 6 853 пациент туралы ақпарат жарияланды. Ал 15 қыркүйекте бұл көрсеткеш артып, емделіп шыққандар 26 335 адамды құрады. Мұндай күрт өсу 1 тамыздан 13 қыркүйекке дейін стационарлық, амбулаториялық деңгейде және үйде емделген барлық пациенттің дерегі мәліметтер базасына енгізілуіне байланысты болды», деп Б.Қожахметов.
Бүгінге дейін Қазақстанда COVID-19 вирусын қайта жұқтырған жағдай тіркелмеген. Коронавирус инфекциясынан кейін Кавасаки синдромына ұқсас дертке душар болған балалардың да жағдайы оңалып келе жатыр. Мұндай аурумен жалпы 35 бала ауырған. Соңғы 7 күннің ішінде бірде-бірде бір балада Кавасаки синдромы анықталған жоқ. 35 баланың 31-і аман-есен емделіп, үйіне қайтты. Қалған 4 бала қазір ем алып жатыр. Емделіп шыққан балалар учаскелік дәрігерлердің бақылауына алынған.
«Жау жоқ деме, жар астында» дегендей, бәлекет індеттің қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Коронавирустың болжалды екінші толқыны босаңсуға әсте болмайтынын қаперімізге салып отыр. Вирус жұқтырып, ауруханаға түскен науқастар саны 30 мыңға жеткенде карантин шаралары қатаңдатылмақ.
«Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі стационарларда кез келген сәтте коронавирус жұқтырғандарға 70 мыңнан аса төсектік орын дайындай алады. Бұл «қызыл шек» саналады. Қазір елімізде орташа есеппен 500-600 науқас анықталып жатыр. Егер бұл көрсеткіш 30 мыңға жететін болса, онда ең қатаң карантин шараларын енгізуге тура келеді», деді министрліктің ресми өкілі.
Оның айтуынша, коронавирустың орташа және ауыр формасымен ауырғандарды қамту үшін елімізге 5 мың өкпені жасанды желдету аппараты қажет. Бүгінде бұл аппараттар сатып алынып, ауруханаларға жеткізілген. Аппараттардың 1,5 мыңы Қазақстанда жасалған. Еліміз бойынша жұқпалы аурулар ауруханаларының, провизорлық орталықтардың басым бөлігі, ауруханалардың барлығы оттегі концентратымен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ 3,5 мыңнан аса мобильді бригада құрылды. Оның басты мақсаты – бір сағаттың ішінде науқасты жақын арадағы ауруханаға жеткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсету. Ауыл-аймақта медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 100 арнаулы автобус сатып алынып, әр өңірге үлестірілді. Бұған қоса шалғайдағы елді мекендерде жылжымалы дәріхана пунктері іске қосылды.
Сонымен қатар брифинг барысында ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиялық қадағалау басқарма басшысы Роза Қожапова індет жұқтыру қаупі күшейіп тұрған шақта елдердің санаты және әуе рейстерімен келетін жолаушылар жөнінде сөз қозғады.
Оның айтуынша, әуе рейстері бойынша өзгерістер енгізілді. Енді бірінші санатқа 12 ел кіреді. Бұл қатарда ҚХР, Таиланд, Моңғолия, Малайзия, Мысыр, Гонконг, Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Германия, Беларусь, Әзербайжан бар. Осы елдерден келген жолаушылар термометрия мен сауалдамадан өтеді.
Екінші санатқа 21 ел енгізілді. Осы елдерден сапарлап келгендер термометрия мен сауалдамадан бөлек, ПТР әдісімен зертханалық тексерудің теріс нәтижесі бар COVID-19-ға тексерілгені туралы анықтама ұсынуы керек.