Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев «Бүгін – халықаралық тазалық күні. Осынау үлкен халықаралық бастаманы мемлекеттік емес ұйымдар көтеріп, соңғы 10 жылдан астам уақыт бойы бүкіл әлемде қыркүйек айының ішінде осындай шаралар өтуде. Мысалы, өткен жылы халықаралық тазалық күніне 180 мемлекетте 20 млн-нан астам адам қатысқан. Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің және елорда әкімдігінің бастамасымен осындай жақсы шара өтіп жатыр. Бір жағынан тұрмыстық қатты қалықтардан саябақтарымызды, көшелерімізді тазартсақ, екінші жағынан ағаш отырғызудамыз. Бұл құптарлық бастама. Жалпы, қоршаған ортаны қорғау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі. Президентіміз Жолдауында да осы мәселеге үлкен көңіл бөлгенін білесіздер», деді.
«Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған орман алқаптарында ағаш отырғызу тапсырмасын орындауға бағытталған бүкілхалықтық акцияның тек бастамасы. Ағаш отырғызу ел бойынша әлі жалғасын табады. Негізінен осы жерде, елорда орталығында жаңа парк болады. Болашақта бұл ағаштар спортшыларды желден қорғайды. Азаматтар жиі келетін, демалуға ыңғайлы әрі әдемі орынға айналады. Қоршаған ортаның жақсаруына әсерін тигізеді», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев шараның ашылуында.
Осы ретте Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы жылдың соңына дейін жаңа Экологиялық кодекс қабылдауды тапсырғанын, онда аталған саладағы проблемаларды шешуге қатысты шаралар қамтылатынын атап өтті. Президентіміздің бастамасымен ормандарымызда 2 млрд-қа жуық, қалаларда 15 млн ағаш отырғызылатынын еске салды. «Бұл – үлкен бастама. Ал бүгін осынау үлкен бастаманың тұсаукесері елордамызда өтіп жатыр десек, артық айтқандық емес. Жалпы, алдағы уақытта осы бағытта көп жұмыс атқаруымыз керек. Заңдар да қабылдануы тиіс. Осы бағыттағы жұмысты депутаттар да жалғастырады. Қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттік органдардың мақсаты мен міндеті емес. Өйткені қоғам мен мемлекеттік органдардың жұмысын біріктіргенде ғана жұмыс нәтижелі болады. Сондықтан әрбір қазақстандық қоршаған ортаға деген жауапкершілігін сезінуі тиіс. Табиғат байлығын қорғау, аялау, табиғатқа деген дұрыс көзқарас – ата-бабамыздан сіңген қасиет. Қазақ халқы ежелден табиғатпен үйлесімді тіршілік еткен», деді Сенат Спикері.
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев осы аптада Сенат ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң қабылдағанын атап өтті. Бұл құжат пайдаланылмай бос жатқан жерлерді Іле Алатауы табиғи паркі мен Бурабай ұлттық паркінің құрамына қайтаруға мүмкіндік береді. Жалпы, алдағы бес жылда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Сондықтан бүгінгі акцияны Президент бастамасының алғашқы нәтижесі ретінде қарастыруға болады. Сенат төрағасы мұндай көгалдандыру жұмыстарының берері мол және «World clean up day» сияқты акциялардың бүкіл әлем үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Биыл аталған шара бүкіл еліміз бойынша өткізіліп жатыр. Шара барысында эко-белсенділер ағаш отырғызып, қоғамдық орындарда, саябақтарда және басқа да жерлерде тазалық жұмыстарын жүргізуде.