05 Қараша, 2013

Ұя бұзбайды деген қазақ ұрпағының жиһадшылдығына жүрек сыздайды

411 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ханды да, қараны да ақылымен тоқтата білген Бұқар жырау бабамыз «Тілек» деген жырында «Бірінші тілек тілеңіз: Бір Аллаға жазбасқа. Екінші тілек тілеңіз: Әзәзіл, пасық, залымның тіліне еріп, азбасқа», деп еді. Осы екінші тілекті құлаққа ілмеген, ақша үшін ақылдан адасқан 150 қазақ халқымыздың «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегеніне қарамай, азғындардың тіліне еріп, оңбай жатқан Сириядан бір-ақ шығып отыр. Үлкендерді былай қойғанда, 30-ға таяу бейкүнә ұл мен қыздың солардың қатарында тұруы жүректі сыздатады-ақ. Олар «Алламен кездесуге асықпыз», дейді. Бұл – әзәзілдің сөзі.

 

Ханды да, қараны да ақылымен тоқтата білген Бұқар жырау бабамыз «Тілек» деген жырында «Бірінші тілек тілеңіз: Бір Аллаға жазбасқа. Екінші тілек тілеңіз: Әзәзіл, пасық, залымның тіліне еріп, азбасқа», деп еді. Осы екінші тілекті құлаққа ілмеген, ақша үшін ақылдан адасқан 150 қазақ халқымыздың «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» дегеніне қарамай, азғындардың тіліне еріп, оңбай жатқан Сириядан бір-ақ шығып отыр. Үлкендерді былай қойғанда, 30-ға таяу бейкүнә ұл мен қыздың солардың қатарында тұруы жүректі сыздатады-ақ. Олар «Алламен кездесуге асықпыз», дейді. Бұл – әзәзілдің сөзі.

Теледидардың көрсетуінде қарғадай қыздар қара киіммен тұмшаланып, көздері жылтырап тұрса, ер балалар жаттығып жатыр. Жымиып бір араб тұр. Бір ұл бала «Мына заман өзгерді, аттанатын кез келді, жүректерде иман оянды, найза қанға боялды, біздер шықтық мінеки, мақсат етіп арманды», дейді. Не деген қасіретті сөз. Бұл сөздің бейкүнә баланың жүрегін жарып шықпағаны анық. Үйретушілер, күйретушілер айтқызып отыр. Аттарын өзгертіп, «Қазақи» деп алыпты.

Сол азаматтарды теледидардан көрсет­кеннен кейін Ақмола облысынан «жиһадқа» кеткен А.Жансеңгіровтің анасының көз жасы алты тарам болып, «Сәбидің не кінәсі бар?» еді деп зар еңірейді. Кезінде көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбеков «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің», деп еді. Мынау сол қасіреттің көрінісі десек, қателеспейміз. Осындай күйге қалай түстік деген ой мазалайды. Бұл салғырттығымыздан болса керек. Зомбиге ауысып бара жатқан ұрпақтың тағдыры осылайша трагедияға айналып, қиянат жалғаса берсе, ұлттың келешегіне қауіпті. Мұны жұрт болып қолға алмаса, ұлт ұрпағы қор бола беруі кәдік.

Сонау замандары ұлтты адал сүю жөнін­де Жүсіпбек Аймауытов: «Ұлтшыл жұрт – Жапония. Олардың баласы жасынан ұлтым деп өседі. Есейген соң бар білімін өз жұртының күшеюіне жұмсайды», деген еді. Ал қазақты қайтсем түзеймін деп ащы тіл, улы сиямен өсиет қалдырған Абай күйінген бір тұсында: «Өзі ер жетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен?.. Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірер ме екен?..» деген болатын. Бұл – елдіктің алдындағы сөз. Енді, міне, тәуелсіздігімізді алып, ата-бабаның арманы орындалып, Елбасымыз жұртын жұмылдырып отырғанда, мынандай сұрқиялық ойыңды ойрандап, санаңды сарсытады.

Жат жердің топырағында жиһадшылдық жасаймыз деп шалыс басып жүрген үлкендерді қойып, айтқанның аузына қарап жүрген бейкүнә ұл мен қыз ертең атамекен, ата-баба, дос-бауыр демей, жатырға шабар жат қылық көрсетпейді дегенге кім кепіл болар екен? Академик Рах­ман­құл Бердібай айтатын «көзқаман», Әбіш Ке­кілбайұлы шығармасына арқау еткен «мәңгүрт» осындай ұлт қанынан айырылған сұлбасы бар, сұрқы жоқ топтан шығады емес пе? Ұрпағы осындай қасіретке ұрынғандар үшін бұл, әрине, ауыр. Ал отбасы амандардың: «Өртеніп жатқан өзгенің үйі, өз үйім аман», дей салуы – ұлт үшін апат. Данышпан Абай осындайда айтқан ғой, өзімшілдіктің өкіндірмей қоймайтынын.

Мұндай оспадарлық осы 150 қазақпен бітсе, қане? Бірақ, олардың «ізбасарлары» жоқ деп кім айта алады? Ендеше, «Ауруын жасырғанның өлетінін», жауырды жаба тоқығанның іріп-шірімей қоймайтынын ескеріп, діндегі осындай ойранның алдын бүгін алып, бүгін тамырына балта шаппасақ, ертең кеш болары анық.

Алла халқымызға аямай жер бергенмен, ұлтымыздың қанат жаюына мүмкіндікті кем етіпті. Зар замандар запыран құстырып, миллиондаған қандастарымызды жер жастандырса, бүгінгі өркениетке бет бұрған дәуірде жүз мыңдаған ұл мен қыз «абортқа» жұтылып кетіп жатыр. Елбасымыз халқымыз санын таяу жылдары 20 миллионға жеткізу қажеттігі жөнінде айтып еді. Бұл осылай кете берсек, орындала ма, орындалмай ма? Мемлекет бас­шы­сының жүктемесін жүре тыңдап, жел сөз­бен желе жортып өте шығамыз деу түптің түбінде опындырмай қоймайды. Мұндай ауыр жүкті «Әр қазақ – менің жалғызым» (С.Адай) деген ұлт ұлы сезінбесе, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтай: «Хан баласының қазақта қақысы бар еді, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!» деп арды ақша жеңген заманда намысын қамшылап, нардай қасқайып тұрып халқына қызмет етпесе, тәуелсіздік тағдыры қалай болады? Президентіміз Нұрсұлтан Назар­баевтың «Мәңгілік Ел» идеясын қалай іске асыра аламыз? Осы күнді аңсап кеткен мил­лион­дардың үміт-сенімін ақтадық деп ертең айта аламыз ба? Ендеше, ел болған тұстағы ұр­пақтың бүгінгі тағдыры, кемел-келешегі әрқай­сы­мыздың мойнымыздағы бесбатпан жүк екенін ойлы қазақ, дүниесі түгел қазақ ойлауы керек.

Ел ішіне кірген алалықтан оңған жұрт жер бетінде жоқ. Соны ерте түсінген атам қазақ атамзаманда «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген. Жартыкеш теңдікті місе тұтқан Міржақып Дулатов: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді, күні кеше құл едік, енді, міне, теңелдік. Қам көңілде қаяудан арман қалған жоқ. Ұл, қыз демей, баланы оқыт, қазақ!», деп еді. Бүтін теңдікке қол жеткенде ұрпақтың азғындауына жол берсек, онда алдыңғы толқынның кінәсі мен күнәсі ешқашан ақталуға да, ақтап алуға да келе қоймас.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».