Қоғам • 21 Қыркүйек, 2020

Жаңа толқынға дайындық қызу жүруде

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирустың күзде болуы мүмкін жаңа толқынына бас қала айтарлықтай дайындалып жатыр. Ауруханаларға кезең-кезеңмен төсек-орын қойылуда.

Жаңа толқынға дайындық қызу жүруде

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қар­масының хабарлауынша, қа­лада эпидемиялық жағдай тұрақты. Басқарма әкімдікпен бірлесіп күзгі-қысқы кезеңдегі COVID-19-дың алдын алу және емдеу іс-шараларының жоспарын жасады. Атап айтқанда, алғашқы медициналық-са­ни­тар­лық көмек ұйымдарының деңгейінде COVID-19 симп­том­сыз және жеңіл түрде ауыр­ған науқастарға, індет жұқ­тыр­ғандармен байланыста бол­ған­дарға қашықтан бас­қару бо­йынша жұмыс ұйым­дас­ты­ры­­лады. КВИ және пневмония­мен ауыратын науқастарға үй жағдайындағы ауруханалар ұйымдастыру, оларға ақысыз дәрі-дәрмектер беру қа­рас­ты­рыл­ған.

«Қаланың барлық емханаларында мобильді топтардың жұмысы пациенттерге үйге бару арқылы қызмет көрсету жұмысы ұйымдастырылды. Індетке күдікті науқастардан коронавирустық инфекцияға үйден ПТР тест алу қарасты­рыл­ған. Олардың саны 207-ні құрайды», дейді басқарма бас­шы­сының орынбасары Әлия Рүстемова.

Сондай-ақ 50-ден астам өкпені жасанды тыныстандыру аппа­раты, 2 компьютерлік томограф, өкпенің зақымдану пайызын көруге мүмкіндік беретін 7 сандық рентген жүйесі, 3 оттегі резервуары қосымша сатып алынған. Қаланың емдеу мекемелеріне 500-ден астам оттегі концентраторы, 250-ге жуық өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, 300-ге жуық флоуметр, 500 көпфункционалды арнайы кереует жеткізілді. 1600-ге жуық оттегі нүктесі бар.

Жалпы, COVID-19 коро­на­вирустық инфекциямен күресудің 3 кезеңіне жоспар құрылған. Атап айтқанда, 1-кезеңде 5 медициналық ұйымның базасында 1645 төсектік орын орналастыру жоспарлануда. Сонымен қатар көпсалалы медициналық ұйымдар жедел қабылдау және науқастарды жоспарлы түрде қабылдауды жалғастырады. 2-кезеңде бірқатар республикалық клиникаларда қосымша 1500 төсек орналастыру қарастырылған. Ал 3-кезең төсектерді тек қа­ла­лық ауруханалар мен емха­на­ларда ғана емес, сонымен қатар қонақүй кешендері мен жатақханалардың бейім­дел­ген бөлмелерінде орналас­ты­ру көзделуде. Санитарлық дәрігерлердің тексеруінен кейін бірқатар медициналық ұйым «ковидтік ауруханаларға» резервте тұр.

Әлия Рүстемованың ай­туынша, мұның барлығы 5600-дей орын, оның 465-і – реанимациялық орын.

Жақын арада медициналық жабдықтардан басқа жылжымалы флюорографиялық кешендер, цифрлы рентген жүйелері және жоғары дәлдіктегі жел­дет­­кіштер де келеді. Бүгінде ста­цио­нарлардың шамамен 94%-ы өкпені жасанды тыныстандыру аппаратымен қамтамасыз етілген.