05 Қараша, 2013

Хас тұлпардай «Жас тұлпар» еді

2061 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Біздердің «Жас тұлпарымыз» туралы соңғы жылдары жиі әңгіме болып жүр. Оны көбінесе көзі ашық, ұлтжанды, саяси санасы терең жастар қозғап жүргені мені қатты қуантады.

Шын мәнінде, «Жас тұлпар» қазақ жастарының 60-жылдардың бас кезіндегі «жылымықта» қар астынан бүр шашқан нәзік бәйшешек іспеттес қазақтың алғашқы саяси-мәдени бейресми ұйымы болатын. Қатаң тоталитаризмнен кейін қайта оянып келе жатқан ұлттық санамыздың алғашқы белгі берерліктей қарлығаштары сияқты еді...

01-Жас тулпар 2

 

Біздердің «Жас тұлпарымыз» туралы соңғы жылдары жиі әңгіме болып жүр. Оны көбінесе көзі ашық, ұлтжанды, саяси санасы терең жастар қозғап жүргені мені қатты қуантады.

Шын мәнінде, «Жас тұлпар» қазақ жастарының 60-жылдардың бас кезіндегі «жылымықта» қар астынан бүр шашқан нәзік бәйшешек іспеттес қазақтың алғашқы саяси-мәдени бейресми ұйымы болатын. Қатаң тоталитаризмнен кейін қайта оянып келе жатқан ұлттық санамыздың алғашқы белгі берерліктей қарлығаштары сияқты еді...

01-Жас тулпар 2

Жас зерттеушілеріміздің үл­кен тарихи «көзқарасқа» деген тәжірибесіздігінен және қо­ғам­танымдық зердесінің көбі­несе бос жылтырға қызығу­шы­лығынан болса керек, әйтеуір документальді-деректік деңгейден аса алған жоқ. Өздеріміз де сол кезде саяси-ғы­лыми салмақты, ол қаншама ауыр болса да, кө­термейік деп, жеңіл-желпі жанр­ларға, мысалы, ән айтып, жыр тыңдап, тіл үйреніп дегендей, ша­­малы әрекеттерге үйір болдық. Шынын айтсақ, бұғанасы қатып, санасы бекімеген жастарға өздері «көтере алмайтын шоқпарды беліне байлап» не қыламыз! Өмір жолынан өтіп, мосқалданған біздер болмасақ, мәскеулік көп студенттеріміз мектептен кейін бірден ЖОО-ларға түскен, өз ана тілінде шорқақ сөйлейтін қазіргі жастарымыздың «алғашқы жолбике, көш бастаушылары» ғана еді. Бірақ ішінде естілері мен есей­­­­гендері де баршылық еді. Дәл солар «Жас тұлпарларымыздың» көзге көрінетін «Жал-құйрығы» ғана емес, бас-көз болатындай және алға жетелейтіндей «ноқ­та ағалары» еді. Олар өз қата­рының біршама алдында болып, ұлт болып ұйысудың, ел болып еңсе көтерудің өз кезіндегі дәре­жесінде ғана емес, одан да биігірек деңгейде ой бөлісе білді. Ел егемендігін дәл айта алмасақ та, оны көксейтінімізді жасыра алмадық (Шынтуайтына келсек, ол туралы ашық айту сол кезеңде әлі қауіпті болды).

Сөйтіп, біздердің «Жас тұлпа­рымызға» алғашында кімдер кірді. Олар Мұрат Әуезов, Сәбетқазы Ақатаев, Болатхан Тайжанов, Раушанбек Әбсаттаров, Болат Хи­саров, Тимур Сүлейменов, Мұ­­рат Ғылманов, Серік Бәй­ке­нов, ағайынды Қайрат пен Алтай Қадыржановтар, Марат Сембин (Ленинградтан), Клара мен Аймұқан Таужановтар, Мұрат Айтқожин, Марат Бал­та­баев. Қыздардан Қорлан Рақым­бекова, Әсия Махамбетова мен Сара Тыныштығұлова, Сабыркүл Асанова, Майра Ақшалова, тағы басқалар. Бұлар менің есім­де қалғандары ғана (Есімде қалма­ғандары одан да көп – авт.). Ұмыт­пасам, белгілі жазушы Софы Сматаев та біздің арамызда болды («Мен тірімін» өлеңдер жинағынан оқыдым). ГИТС-тің түлегі, талантты гобоист Темір Тікішевті де өзім «Жас тұлпарға» тарттым.

Осылардың көбі кейін қазақ мәдениеті мен ғылымының, өнерінің ірі қайраткерлері атанды. Біразы кезінде «Жас тұлпарда» болғаны үшін КГБ-нің ерекше «есеп-қиса­бында» тұрды. Дегенмен, олар өз талабы мен еңбегінің арқасында алға шыға білді. Әрине, біздің арамызда жеңіл-желпі пікірде болып, жолбике ретінде ілесіп жүргендер де жоқ емес еді.

1965-1966 жылдары «Жас тұлпар» үшін қиын кезең туып, ол саяси қудалауға түсті. Бұған Дінмұхамед Қонаев сияқты ел ағалары дер кезінде араласып, ашық айдап-қудалаудан аман сақтап қалды. Дегенмен, жал-құйрығынан айырылған «Жас тұлпарды» енді жүгендеп мініп алып, жәй «социалистік» жұмысшы арық-тұрақ атқа айналдырудың әрекеті басталып кетті. Осыдан 20 жыл өткеннен кейін болған Желтоқсан көтерілісіне біздерді – «Жас тұлпарды» кінәлау әрі орынды әрі заңды еді.

Бұл ретте өзімнің мәскеулік замандасым, жерлес жазушы, әрі ақын Софы Сматаевтың бір өлең жолдары есіме түсті:

«Өр мақсатпен от боп жандың,

күйіп те,

Ұлт мерейін өсірмек боп

биікке.

«Жас тұлпарға» билік

тұсау салғанда,

Баттық біраз ыза кекті,

күйікке».

Шынымен де солай болды, біз­дер КГБ-нің қара тізіміне ілі­гіп, шыр­мауында қалдық. Ол көбіміздің өсуімізге кедергі кел­тірді. Есімде, Желтоқсан көте­рілісінің екінші күні тиісті адамдар менің жұмысыма келіп, ешкіммен араласпаңыз деп ескерте тұра, үйімде және сарайымда парақшалар (листовкалар) бар ма деп тінтіп кетті. Өйткені, алаң­ға шыққан жігіттер қыздарға «Қазақ­тың санын өсіреміз бе?!» деп ұран тастаған көрінеді. Менің ол ұранымды қыздар қызу қолдап, қуаттаса керек.

Әуелде «Жас тұлпардың» мә­дени-танымдық жиналыстары мен шерулері көп болды. Ал өзімнің демография туралы алғашқы лекциям МГУ-де өтті. Оны қазақша айтып шықтым, өйткені, негізгі тыңдаушыларым сонда оқитын қазақ жастары еді. Сол кезеңде, ол қаншама қауіпті болса да, 30-шы жылғы санымызға әлі жете алмай отырмыз деп ашық айттым. Аштан қырылып қалғанымызды алғаш естігенде, кейбір қыздарымыздың көзіне жас алғаны күні бүгінге дейін көз алдымда. Осыным ар­тық болып кеткен жоқ па деп те қатты ойландым. Ол кейін КГБ-ге де жетпей қалған жоқ! Қайран жастық пен албырттық. Сақтықты ұмытып кететін кездеріміз болып тұратын...

Қысқасы, ендігіде саясат пен тарихқа көп берілмей, қазақ хал­қының өсу мүмкіншілігінің бүгінде жетерліктей мол екенін айтып, қатарлас жастарымыздың демографиялық санасы мен мінез-құлқына көбірек әсер ету керек болды. Бұл жемісті бастамамды саналы түрде ленинградтық қазақ студенттерімен кездесуімде алғаш рет іске асыра бастадым. Ұмытпасам, 1963 жылдың күзінде «Жас тұлпар» мүшелері пойызбен Ленинград қаласына келдік. Кейін Киевке де, Виль­нюске, Қазанға, Ригаға да бардым. Өйткені, сол қалаларда оқи­тын қазақ студенттері де «Жас тұлпарға» тартылған еді. Осының бәрін ұйымдастырып жүрген менің шын жолдасым Мұрат Әуезов еді...

Мәскеудің әртүрлі ЖОО-ла­рында 1 мыңнан аса қазақтың студент және аспиранттары оқып жатса, Ленинградта он­дайлық жерлестеріміз 300-дей екен. Кеме жасау институтының корпусындағы кездесу қызықты өтті. Қазақ жастарының арасын­да өз халқының тарихы мен өткенін білуге деген құлшыныс күшті екені байқалды. Бұл қалада да Алматыдағыдай демография дегенді әлі білмейді екен. Әңгіме қазақтың саны мен құрамы туралы болмақшы екен дегенге елеңдеп, көп студент жиналды. Енді оларға жаппай қырылып кеткенімізді айтпай, қайтсек тез өсетінімізді дәлелдеуге тырыс­тым. Қазақ әйелдерінің бала туу көрсеткіштері 1958-1959 жылдары 7-8 балаға жетіп, әлем көр­сеткіштерінің биік деңгейіне шық­қанын көлденең тарттым. Тіп­тен, Африкадағы халқы көп Нигерия сияқты елдердің мұсылман елдерімен деңгейлес екенін айт­қанда, олардың көбі рахаттана күлді. Қатар отырған бірен-саран қыз бала ұялған сыңай танытыпты. Бала туудың ең жақсы көрсеткіштері Қызылорда мен Павлодар облыстары дегенімде, қол соғып, өздерінің ниеттес екендіктерін білдіріп жат­қандар да табылды.

Ал келесі жылдың көкте­мін­­де өткен Киевтегі кездесу­де (Рау­шанбек Әбсаттаров ұйым­дастырды) менің демография жаршысы ретінде біраз төселіп алғанымнан емес-ау, олардың көбі көпбалалы отбасында өскендіктен болар, өзімді шын мәнінде іштей үндесетін жастар арасында отырғандай сезіндім. Сендер студент кезде­ріңде үйленіп алсаңдар тіптен жақсы болар еді деген сөзіме шын иланып, үйленгендері де болды. Өзім де олардан қалыспадым. Ленинградтық жолдастарымыз біздерді ескі Санкт-Петербургтің тарихи жәдігерлері көп жерін молынан аралатты. Тарихи жады­ларға тым құмар мен үшін ол бір ұмытылмас мейрамдай болды. Петр­сарайын, Қысқы сарайды, «Ав­ро­раны», әсіресе, Эрмитажды ара­лау естен кетпес­тей әсер қалдырды.

Өзім қатарлас студент жас­тар арасында демографиялық білімді таратуым алдымен өзім­нің өсіп-шыңдалуыма оң ық­пал ете отырып, шалғайда жат­қан Қазақстанның өзіндік этнодемографиялық бағытта дамуына да өз әсерін тигізді. Сол «Жас тұлпар» кезінде (1963-1965 ж.ж.) мен де өз тарапымнан үгіт-насихатымды тоқтатқан жоқпын. Мен ес білгелі, соғыстан соңғы жет­піс жылда қазақтың саны 5-6 есе өсті. Жалпы, менің кең жұртшылық алдына шығуым да осы «Жас тұлпар» кезінде бас­талды. БЛКЖО жолдамасымен 1965 жылдың жазғы каникул кезінде, сол кездегі Тың өлкесінің қазағы ең мол Қорғалжын ауданына концертпен сапар шектік. Қазақ даласының дарқан табиғаты және кеңпейіл жұртшылығымен асықпай танысу осы жолы жүзеге асты. Концерт алдында ауыл жұр­тына бала санын көбейтіңдер деп насихат жүргіздім. Сапардан көптеген жер-су аттары есімде қалды. Мысалы, Құланөтпес аралы, Егіндібұлақ ауылы, Мәриямның Дударайында айтылатын Ащы көл мен Тұщы көл, түпкірдегі Баршын ауылы, жол-жөнекей көрген ескі қорымдар мен күмбездер дегендей. Бәрі­нен бұрын Қорғалжынның қоқи қаздары күні бүгінге дейін есімнен кетпейді-ақ.

Сол кездегі Целиноград қала­сын көруімізге мүмкіншілік туды. Өлкелік басқарма орналасқан үлкен үй мен «Есіл» қонақ үйі жә­не «Тыңгерлер» сарайынан бас­қа ғимараттардың бәрі жайы­лып жатқан пәс үйлер еді. Қала қазақ­тарының саны тым аз, барлық халықтың тек 5-6 % пайызын ға­на құрайды екен. Қазақ мектебі болғанмен, оның өзі интернатпен ұсталып отырған көрінеді. Ұлт ин­теллигенциясы жергілікті газет пен крайкомның айнала­сында ға­на. Бүгінгі қалалық саябақта орна­­­лас­қан құрылыс жасақтарына ар­налған сарайда уақытша тұрып, Есілдің қолдан жасалған бөгенінде суға түсіп жүрдік. Осының бәрін ес­­­­ке алсақ, бүгінгі салтанатты Ас­тана ғажайып ертегідей кө­рінеді...

Алматыға келісімен Мұрат Әуе­зов «Жас тұлпардың» тек концерттік сапары туралы ғана хабар ұйымдастырды. Қазақша жақсы сөйлейтіндерден мен ғана қалғандықтан, хабарды маған жүргізуге тура келді. Бұл менің телевизияға алғаш шығуым еді. Онда «жыр тыңдаудан» артық әңгімеге барған жоқпыз!? Өзім Мұрат Әуезовтің өтініші бойын­ша сол кездегі жастар газеті «Лениншіл жасқа» мақала жаздым. Ол «Жас тұлпардың» жаңа сапары» деп аталды. Оны оқыған өжет қыз Әсия Мұхамбетова мақалаң өзіңнің «ста­тистикаңа» ұқсас болып кетіпті деп қатты сынады. Ал хабардың жақсы шыққанын сол Алматыдағы туған-туысқандар айтып жатты.

Бірде қол босағанда Фонвизин көшесінде, тау етегінде, сарқы­раған өзен жағасында жеке тұра­тын Мұраттың анасы Фатима апайдың үйіне бардық. Ол кісінің ана ретінде кенже ұлын ерекше жақсы көретінін байқадым. Басқалар карта ойнауға шығып кеткенде, мен Фатима апаймен жеке қалып, ол кісіден біраз әңгіме естідім. Бірінші рет Ілияс Жан­сүгіровтің «Ақ қала» поэ­масы бар екенін білдім. Сол жолы көптен көрмеген, атышулы АЛЖИРДЕ ат­тай сегіз жыл отырып шыққан Шәкі­тай жеңгеммен жақын таныс­тым. Ол атылып кеткен нарком Қали (Мұхаметқали) ағамыздың 1920 жылы Қарқаралыда қосылған зайыбы еді.

Ал Сібірде 15 жыл бойы айдау­да болған Шәмел жездем (Би­қан апамыздың күйеуі) менің Мәс­кеуде оқитыныма риза болып, бұ­рынғыдай баласынбай, сол кезде әлі ақталмаған алашордашылар туралы айтып берді. Олар тарих­тың бір сәтсіз кезеңінде шашылып қалған қазақтың сирек інжу-маржандары еді, деп көзіне жас алды.

Әңгімемді қорыта келе айта­рым, біздердің «Жас тұлпары­мыздың» 1-2 жылдан соң «жал-құйрығы күзеліп», аяғына тұсау салынса да, кеңестік тоталитаризм жүйесі оның «қасиетті» он үшінші мүшесіне тиген жоқ... Содан «Жас тұлпарымыз» на­ғыз хас тұлпарға айналып, қа­зақ халқының екінші де­мографиялық дүмпуіне тікелей араласты. Ғала­мат қолдан жасалған апаттан соң, 1934-1935 жылдары өмірге келгендеріміз бүгінде жетпісті алқымдап қал­сақ, елімізде аман қалған небәрі 2-ақ миллион аш-жала­ңаш қазақтан бүгінде айтар­лықтай ұрпақ өсіп-өніп, 11-12 миллионға жетіп отыр. Шет­елдік қазақтарды қосқанда жалпы санымыз 15-16 миллион адамды құрайды.

Мақаш ТӘТІМТЕГІ,

саясаттану ғылымдарының докторы,

демограф-ғалым.