"20 қыркүйек күні сағат 13:36-да Фурманов шыңынан 109 құтқару қызметіне шақырту түсті. Тоғыз жасар бала биіктіктен құлап кеткен. Оқиға орнына авариялық-құтқару жасағы құтқарушыларының экипажы, сондай-ақ жедел жәрдем бригадасы мен Медеу аудандық полиция басқармасының жедел - тергеу тобы жіберілді", делінген хабарламада.
Құтқарушылар жолдың ортасына көлікпен жетіп, тау жолының тар болуына байланысты ары қарай Фурманов шыңына жаяу көтерілді.
"Оқиға орнына жеткен құтқарушылар алғашқы медициналық көмек көрсетті. Баланың оң қолы сынған болуы мүмкін деген күдікпен медициналық шиналар салды. Осыдан кейін құтқарушылар тобы зардап шегушіні жедел жәрдем көлігіне дейін эвакуациялады. Құтқару жұмыстары сағат 18.20-да аяқталды", деп түсіндірді әкімдік өкілдері.
Дәрігерлер баланы шұғыл медициналық көмек орталығына жатқызды.