Руханият • 22 Қыркүйек, 2020

Жемісті жиырма жыл

12 рет көрсетілді

Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Театр төріндегі мерекелік шараға мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, аталмыш сала ардагерлері мен өнер ұжымдары қатысты.

Театр мерейтойына орай, Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық қазақ драма театрының жетекші ак­тері Қонысбек Бекайдаровты  төл мерекесімен құттықтап, өңірлік театрдың бүгінгі аяқ алысы жайлы сұрадық.

– Бүгінде біздің театр ұжы­мы тың ізденіс үстінде. Нәтиже­сін халық, театрымыздың тұ­рақты көрермендері көріп, біліп отыр. Театр сахнасы – киелі орын. Кейде сол киелі сахнаға кә­сіби актерлер жетіспей жата­ды. Қазір елордадағы Өнер уни­верситеті, Алматыдағы Т.Жүр­­генов атындағы өнер уни­­верситетінен бітірген бала­лардың көбі облыс орталық­тарына келе қоймайды. Шалғай дейді, дені Алматы мен Нұр-Сұлтанда қалғысы келеді. Біз­дің кезімізде тәжірибе алу үшін облыс орталықтарына ба­руға құлшынып тұратынбыз. Де­ген­мен қазір облыстық қазақ драма театрында еңбек етіп жүрген жастардың беталысы жаман емес. Тың ізденістері көп. Жет­пей жатқан жерлері болса, ақыл-кеңесімізді беріп отырамыз» – деді театр саңлағы.

Мереке барысында сахна өнерінің дамуына үлес қосып жүрген театр қызметкерлері марапатталды. Киелі театр тө­рінде талай тағдырлы рөл­дер­ді сомдап, көпшілік сүйіс­пен­шілігіне бөленіп жүрген сахна саңлақтарымен қоса, әдетте көрермен байқай бермейтін театр қызметкерлері – костю­мер, гример, инженерлер об­лыс әкімінің, мәдениет басқар­масының, Nur Otan партия­сы мен Қазақстан халық ассам­блеясының мадақ дипломдарымен, алғыс хаттарымен марапатталып, құшақтары гүлге толды.

Биыл пандемияға байланыс­ты мәдениет ордасының қан­шама жоспары іске аспай жатыр. Бірақ соған қарамастан, әртістер жазғы уақытта табиғат аясына шығып, онлайн форматта Абай өлеңдерін, қара сөздерін, спектакльдердің үзін­ділерін сахналады.

Жиырма жылдық мерей­­тойға орай театр өз мұра­жа­йын, шайхана залын ашып отыр. Мұражай төрінде Ілияс Омаровтың портреті, қайрат­кер­дің жұмыс орнынан бас­тап, өнер ұжымында іргесі қа­лан­ғаннан бергі еңбек еткен азаматтардың жеке затта­ры, суреттер, белгілі тұлға­лар сыйға тартқан дүниелер, эт­нографиялық заттар және басқа да көз тартар дүниелер қойылған. Бұл музей қараша­ңырақтың шежіресінен сыр шертіп тұратын тарихи мүйіске айналмақ.

 

Қостанай облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар