– Бұл – Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жалғыз ферма. Қазір бекірені шетінен сатып та жатырмыз, – дейді бекіре өсірушілер.
Шағын цехтың тұйық сумен қамтамасыз ету технологиясын пайдалануға мүмкіндік беретін дербес су тазартқыш жүйесі бар. Бекіре бассейніндегі су ауыстырылмайды, тек арнайы сүзгінің көмегімен тазартылып, оған ультрасүзгі қосылып отырады. Балық өсірушілердің айтуынша, бекіре су сапасына өте сезімтал балық екен. Табиғи ортада бірнеше ай ғана дамитын бұл балық мұндағы бассейнде жыл он екі ай бойы өсуін тоқтатпайды. Бастысы, су температурасын 20-22 градуста тұрақты ұстап, бекірені азықтан тарылтпай, жарық режімінің сақталуын қадағалап, қолайлы жағдай жасап отыру керек.
– Біз алдымен Ресейдің көптеген бекіре фермасын аралап көріп, олардың технологияларын зерттеп алдық. Одан кейін ғимарат тауып, құрылғыларды орнаттық. Шетелден қымбат бекіре шабақтарын әкеліп, бассейнге жібердік. Үш айдан соң шабақтар түгелдей қырылып қалды. Өте күрделі кезеңдерді бастан өткердік. Бірақ үміт үзбедік. Бұл кәсіпке, ең бастысы, табандылық керек. Біз, мінеки, дайын өнімге қол жеткізіп отырмыз. Мына бассейндегі бекірелер шамамен бір тонна болып қалар, – деді Валентин Ищенко.
Кәсіпкерлер бекіре азығын Ресейдің Белгород қаласынан алдыртады. Балық ұны, бидай, соя бұршағының ұнтағы, өсімдік майы сияқты тоғыз қоспадан тұратын бұл құрама азық пандемиядан кейін екі есе қымбаттап кеткен. Соған қарамастан балық фермерлері Қостанай ауданынан 1 гектар жер алып, өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.
Қостанай облысы