Аймақтар • 22 Қыркүйек, 2020

Қостанайда учаскелік полиция пункті ашылды

154 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

№15 учаскелік полиция пункті Қостанай қаласында жаңа бой көтерген "Юбилейный" және "Алтын Арман" шағын аудандарына қызмет көрсететін болады. Жаңа бекетке орнатылған сапалы бейнебақылау жүйесі қалалық ПБ-ның жедел басқару орталығы арқылы басқарылады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанайда учаскелік полиция пункті ашылды

Таяуда ғана Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы: "Бейнебақылау жүйесін дамыту жөнінде көп айтылады. Бірақ соған қарамастан құқық қорғау органдары көбінесе өздерінің ғимараттарында құрылғысыз отырады. Түзеу мекемелеріне және полицияның қызметтік ғимараттарына жаппай бейнебақылау орнатуды тапсырамын", деген еді.

Қостанайлық полицейлер көп ұзамай-ақ осы талап үдесінен шығып, "Қауіпсіз аула" жобасын жүзеге асыруды қолға алды. Мәселен, жаңа ашылған полиция пункті қызмет ететін екі шағын аудандағы тұрғын үй аулаларына 20 бейнебақылау камерасы орнатылды. Осылайша, учаскелік инспекторлар өздеріне міндеттелген аумақтың қауіпсіздігін өз қызмет орындарында отырып-ақ бақылайтын мүмкіндікке ие болып отыр.

Полиция пункті бизнес өкілдерінің қолдауымен ашылып отырғанын айта кету керек. Қостанайдағы "БК-Строй"  құрылыс компаниясының басшысы Игорь Ким өзі салған тұрғын үйдің бірінші қабатынан учаскелік полицейлерге ауданы 60 шаршы метрлік екі бөлмелі пәтер беріп отыр. Ал осы ғимаратта орналасқан учаскелік полиция пунктіне кіретін жеке дәліз салынып, үш жұмыс кабинетіне инспекторларға қажетті компьютерлік техника қойылыпты.

Пункттің ашылу рәсіміне ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Баймұқашев қатысып, әлеуметтік жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсете білген демеуші компанияның басшысына министрдің  алғыс хат табыс етті.

- Президент Жолдауында ішкі істер органдары жүйесін реформалаудағы басты рөл учаскелік полиция қызметкерлеріне жүктелгені атап өтілді. Ең бастысы, полиция қол жетімді болуы керек және халықтың қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етуі керек. Қостанайда ішкі істер органдарын реформалау аясында елімізде алғаш рет осындай заманауи учаскелік полиция пункті ашылды, деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы М.Баймұқашев.

Жаңа ашылаған полиция пунктінде екі учаске инспекторы мен бір  ювеналды полиция өкілі қызмет атқарады.

- Бұл жаңа бой көтерген 2 шағын ауданды мекендеген 14 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қорғауға мүмкіндік береді, - деді жергілікті полиция қызметінің бастығы Құрмет Мәжікенов.

Қостанай облысы ПД бастығы Бекет Аймағамбетовтің айтуынша,  биыл   облыста учаскелік полиция инспекторының көмекшісі міндетін атқаратын 22 қосымша штат ашылған. Сондай-ақ, учаскелік полиция инспекторлары "JAC S3" маркалы 12 автокөлікпен қамтамасыз етіліпе отыр.

- 222 учаскелік инспектор "Алтел" мобильді байланысы бар телефон алды. Бұл тұрғындардың учаскелік полиция инспекторына тікелей тегін қоңырау шалуына мүмкіндік береді, деді ПД басшысы.

Жалпы, жыл басынан бері облыстың учаскелік полиция инспекторлары 1164 қылмыстың бетін ашып, 40 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.

Қостанай облысы