Талант – Алладан берілген ерекше сый десек, кез келген адам ол тартуды еншілей бермесі анық. Еншілеген жағдайда да атақ пен танымалдылықтың буынан тума табиғатын сақтап, қарапайым адами болмысына қылау түсірмей өтетіндері сирек. Ержан Серікбаевты сол қарапайымдылығына өмірінің соңына дейін ноқаттай да дақ түсірмей өткен жан дейді көзкөрген замандастары. 50-ге толуына үш ай қалғанда пешенесіне бұйыртқан дәм-тұзы таусылған композитордың бақилық болғанына қыркүйек айының 25-інде тоғыз жыл толады екен. Сазгердің үйіндегі жеңгеміз Кәмилә Серікбаева жарына деген сағынышымен бөлісті:
– Екеуіміз бір сыныпта оқып, кейін бір жерде жұмыс істедік. Біздің Ержан табиғатынан өте қарапайым, ұяң болатын. Бала күнінен спортпен айналысты. Сабағын жақсы оқып, музыканы жанына серік етті. Мектепте оқыған кезінде әнді көп айтпайтын. Кейін әскерге барып ашылды ғой деймін, келгеннен соң ән жаза бастады. Шыны керек, мен Ержанға емес, ең бірінші әніне ғашық болғанмын. Әуелде сәби, махаббат туралы әндермен басталған іңкәрлік кейін үлкен туындыларға қарай ауысты. Ең алғашқы әндерінің бірі – «Әдемі», одан кейін менің туған күніме арналған «Інжу-маржан» еді. Бірақ бастапқыда Ержанға композитор ретінде қарамадық. Әуесқойлықпен туған әндерінің бірі ғой деп жүре бердік. Кейінірек байқадық, Ержанның жүрегінен махаббат, сағыныш сезімі буырқана төгіліп, жанымызды баурап алды, – дейді композитордың жары.
Иә, сәбиге, жарға деген махаббаттан туған әндер кейін ата-ана, туған жер, Отанға деген ұлы сезімдерге ұласты. Ержан Серікбаев ән әлеміне өзгеше бағыт, айрықша беталыспен келді. Сазгердің бір әні екіншісіне ұқсамайды. Анаға деген махаббаты бөлек болса, туған жер, отбасы, досқа деген сезімдері мүлдем басқа қырынан жарқырай ашылып, шынайы жеткізілгендігінен болса керек, кез келген әні қысқа ғана уақыт ішінде әр жүректен өз орнын алып үлгеретін. Ән арқылы халқын қуантатын да, жылата да алатын. Тіпті ел арасында «Ержанның әндері қазақтың той дәстүріне дендеп еніп алған өзбек әуенін кейін сырғытты» дейтін құрмет лебізі де әлі күнге дейін көп айтылады. Әсіресе сазгердің соңғы жазылған туындыларының бірі саналатын әнші Дәурен Сейітжановтың орындауында халыққа кеңінен танылған «Таңғы қала» әні өзінің жанрлық ерекшелігімен де, әуен құнарымен де тыңдарман жүрегіне мықтап бекіді. «Алға, қазақ жігіттері!», «Қазақстан», «Алматы таңы», «Неткен өмір», «Алыстағы арман», «Ауылым, аңсадым», «Арысым», «Жан әке», «Сен қасымда болмасаң» әндері қазақы бояуымен дараланса, «Сека», «Ай-ай-ай», «Шымкенттің салқын сырасы» сынды әзіл-қалжыңға құрылған әндері жұртшылық тарапынан жылы қабылданды. Тіпті соңғы әні Шымкент халқының бойтұмарына да айналып үлгерді. Жүректен шыққан әннің жүрекке жетуі деген осы шығар.
Топырақ тартты ма екен, өмірінен қайтарынан бір күн бұрын туған жері Арысқа асығыс аттаныпты. Ертеңгі күні қайғылы қазаға себепші болған апатқа ұшырайды. Жарының айтуынша, композитор қай жерде жүрсе де: «Алматыда, Шымкентте жүріп өліп қалмасам екен, менің арманым – соңғы демімнің Арысымның топырағында үзілгені», – деп сөз арасында жиі айтады екен. Сол тілегі тағдырында орындалды.
– Аңсары ауылға ауатын да тұратын. Қалада ең көп дегенде екі апта ғана жүреді де, «елімді, достарымды сағындым» деп ауылға кетіп қалатын. Арыстың жағасында су кешіп, жаңа әнге шабыт алатын. «Мен әдемі киініп жүруден де шаршаймын, жалаң аяқ, жалаң бас ауылдың топырағын таптағым келеді» дейтін. Әндерінің дені сол ауылдың шаңына аунап-қунап келгеннен кейін туатын. Адамның ішінде бір нәзік сезімдер болады ғой. «Өзінің өмірден ерте кететінін сезіп жүрді ме?», деп ойлаймын кейде. «Тағдыр жолы», «Байқамаймыз» сынды әндері арқылы өмірге деген қимастық сезімін білдіргендей. Орындалмай кеткен армандар да әндерінің негізгі арқауы болатын. 40 жасынан шығармашылығын мұң «меңдей» бастады. Үнемі жүрегінде бір сағыныш жүретін. Шымкент пен Арыстың жағасы бір-ақ сағаттық жол ғой. Бірақ соған сағына ән шығаратын. Алматыда болса, шетелде жүргендей көңілі өрекпіп, сағынышына ерік беретін. Ержан бір орында отыра алмайтын, «баратын жерім, істейтін шаруам көп» деп үнемі асығыс жүретін. Өмірден де осылай асығыс аттанды. Жалғыз-ақ көңілге жұбаныш – пешенесіне жазылған келте ғұмырында Ержанымның осынша дүние жасап, халқының ұлына айнала алғаны. Айналасындағы адамдарға жасаған жақсылығы одан да көп. Кішіпейіл болатын, қолынан келген көмегін іркіп қалған емес. Оны күні бүгінге дейін барлығы айтып та жүр. Соңынан қалған жалғыз тұяғы – балам Бейбарыс екеуміз осыған шүкіршілік етеміз, – деп жары Кәмилә Серікбаева көз жасына ерік берді. Уақыт – өзі емші. Біз жұбатуға тырыспадық.
Уақыт-ағзамның сазгер пешенесіне бұйыртқан ғұмыры небәрі жарты ғасырмен тұйықталыпты. Осыдан тура тоғыз жыл бұрын ажал жастығына бас қойған таланттың бейнесі бүгінде сағынышқа айналып үлгергенімен, жазып кеткен әндері сұлулыққа жаны құштар әр тыңдарманның жүрегін сырлы сазымен тербетуде. Демек, сазгердің өзі өткенімен, ән-ғұмыр мәңгі жасайды, жыр-жүрек үздіксіз соға береді...