Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Абайдың романтизмі – өмірге құштарлық пен ұмтылыстың әрі халқын жаңа заманға бағыттаудың, сана-сезімін, көкірек көзін ашудағы күрескерлік, нағыз шынайы әрі рухты романтизм. Абай өлеңдерінде елді жігерлендіріп, серпілтетін поэтикалық қуатты күш бар. Ол халқының қадір-қасиетіне жеткен ақын. Ел ішіндегі кейбір алауыздық, азғындық, аярлықтан арылу жолын іздеді.
В.Г.Белинский романтизм жайында: «Бұл – тілек, ұмтылыс, жанталас, сезім, күрсініс, күйзеліс, жете алмаған үміттерге деген аяушылық, жоғалған бақыт жайлы қайғы... бұл қуатты елестер әрине, әдемі де сүйкімді, сонымен бірге қол жете алмайтын және кез келген күмәнді шындыққа жат әлем. Бұл – қайғы-мұңнан нәр алатын махаббат», деген байлам білдіреді.
Абай ойында үнемі қалың елі қазағы жүрді. Аумалы-төкпелі тарих сахнасында халық тұрақтап қала ма, әлде осы бір қорлық пен қиянаттың, зорлық пен зұлымдықтың ығында кете ме деп қауіптенді. Ол ел мүддесі үшін күресті, жақсы, жарқын тілекке ұмтылды, өзге елдердің, мемлекеттердің ілгері кеткенін көріп, қайтсек солай боламыз деп үміттенді. Елдің надандықтан арылмауына күрсінді, күйзелді, қамықты. Жеке басының қамын ойлап, өз мүддесімен жүрмеді. Оған азаматтық ары, ақындық намысы, ұлтына деген аяушылық сезімі мен болашағына құлшындырған үміттер жібермеді. Көреген ойлар кемелденген көкірегінде ең соңғы сәтке дейін елге деген ерен сүйіспеншілікті сөндірмеді.
С.Торайғыров:
Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны...
Елдігіне, жеріне, һәм дініне,
Құрылды талай тұзақ, талай қақпан, – деп жан-жүрегімен шырылдап жырлап, сол заманның барлық қайшылықтарын ашты. Ол ілгері-кейінгі дәуірлерді санада сараптай келіп, осының бәрі Ресей патшалығының отарлық саясатының ықпалы деп тұжырымдайды. «Айтыс» дастанында Абылай хан билік еткен дәуірді аңсап, сағынады. Ал Абай сол дәуірдің рухын жүрегімен сезінсе де, енді өткенге оралу жоқтығын, жаңа заман ағымына ілесу қажеттілігін айқын ұғынды.
Белгілі кинорежиссер Е.Тұрсынов сұхбатында («Алаш айнасы» 24.11.2012): «Абайдың заманынан бері жан дүниеміз еш өзгермегеніне күйінемін. Абай қазақты жалқау, мақтаншақ, қыңыр, қараңғы, екіжүзді, шыр етпе, кеудемсоқ етіп сипаттады емес пе... Осы үшін Абайды кім жақсы көріп еді? Қазақ тек мақтағанды жақсы көреді. Айтыңдаршы, не өзгерді?» деп өзекті ойын жеткізген. Мұндай ой-пікірлер жүрегі ұлтым деп соққан әрбір қазақ ұл-қызының көкейінде тұр.
Абай заман қанша ауысып, қоғамдық құрылыс өзгерсе де, тамыры тереңге таралған бәйтеректей халықтың ұзақ жасап, мәңгілік ғұмырын жалғастырар себебін бір-ақ нәрсемен байланыстырады. Ол – адамның ниетін өзгерту, ақыл-ой, санасын, мінез-құлқын түзеу. Осылайша, ұлы ойшыл адамтану арқылы өмірді, қоғамды тануға жол ашады. Кереғар ой-пиғылдар мен кертартпа, керенау мінездерден арылмай, алға жүру қиын.
Адамды, адамзатты ар-иманымен қадірлеп, құрметтеудің, жан-тәнімен сүюдің үлгісі ол. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» – неткен ғажап даналық! Әлемдік қанатты қағидаға айналған Абай ойының тереңдігі мен кемелдігінің кереметтілігі.
Абайдың ұлтының алдыңғы қатарлы ғылымы бар, өркениетті елдер санатына қосылуын аңсап, армандап кетті. Ол халқының кейбір жағымсыз, жат әдет-қылықтарын, мінезін мінеп, сынау арқылы өз замандастарын өткір пікірталасқа шақырды, соны түзету жолдарын қарастырды. Алайда Абай заманында көкірегі ояу, көзі ашық азаматтардың бәрі ұлы ақынның ғибратты ойына ден қойған жоқ. Қазірде ден қойғаны шамалы. Кезінде алған білімін адвокат, тілмаштықпен ғана шектеп, Ресей патшалығына, болыстарға қызмет етті. Көрші елдердің озық өнер, біліміне бет бұрмады. Абай жастардың шен, шекпен алып, оқалы киім киюінен гөрі, халқының қам-қарекетін ойлайтын, соған жанымен күйетін, жүрекпен сүйетін опалы болуын көздеді. Оған адамгершілік, имандылық жайлы өлеңдерінен көз жеткіземіз.
Адам болудың асыл, ардақты парыз екенін Шығыс ақындары бірінен-бірі асыра айтқан. Мәселен,
Адам болсаң болғайсың адал жанды,
Жауыздықтан аулақ бол, сүй адамды.
Жақсылықты жақсылық табар іздеп,
Жаман ат пен жақсы атақ кім шығарды,
– деген Низамидің тағылымдық тармағында адам болу үшін адалдықтың, ізгіліктің жолын ұстау, жауыздық, жамандықтан аулақ болу, бір-біріне жақсылық, қайырымдылық жасау айқындалады. Ең бастысы, адамды сүю арқылы адам өзінің адамгершілік парызын өтейді. Абай поэзиясының да алтын арқауы – осындай ізгілікті ойлар.
«Ақынды ашу-ыза туғызады». Цицерон айтқан қағида Абай өміріне, тағдырына да үйлеседі. Ұлы тұлға өмір сүрген кезеңде Ресейдің отарлық саясатының қатал қысым-қиянатымен, айла-шарғыларымен уездерге, болыстыққа бөлінген халықтың тағдыры тұрлаусыз, болашағы бұлдыр еді. Патша билігі көшпелі дала өмірін бұзып, ежелгі дәстүрі мен тілінен, дінінен айыра бастады. Абай заманы шым-шытырық шырғалаң еді.
Отаршылдық дала еліне қатаң заң-жарғыларды қолданып, әбден күшіне енді. Онсыз да көшпелі өмір салтына көндіккен халық сансырап кетті. Елінің надандығы, сауатсыздығы, мал-мүлкіне мәз болып, жайбарақат тірлік кешуі ақынды қатты алаңдатты. Абай астан-кестеңі шыққан қым-қуыт қиын заманда халқын қалай біріктіріп, өзгелер қатарына қоссам деген саналы ойға нық бекінді. Соның айғағы – «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңі. Бұл туралы абайтанушы Қ. Мұхамедханов пайымдауы: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп туған халқының қамын жеп, жар салып елінің бостандығын, ерікті, еркін болуын көксеп отырып жазған өлеңі». Жыр бірден халқының сол кезеңдегі хал-ахуалынан басталады.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Қалың елі қазағының ұстарасыз аузына мұртының түсуі – ақынның тұспалды ойы. А.Нұрқатов: «Мұндағы «ұстара» сөзі әлеуметтік терең сырды, өмірдің реалистік шындығын танытып тұрған әрі тың философиялық ойға негізделген поэтикалық образ. «Ұстара» сөзі екінші жағынан ұлттық сана-сезім мешеулігінің символикалық бейнесі екендігін астарлап білдіріп тұрғанын аңғару қиын емес», дейді. Кейбір оқырман ауыспалы мағынасын аңғармай, ұстара кәдімгі шаш, сақал, мұрт алатын аспап деп ұғынуы да мүмкін.
Біздіңше ұстара астарында ақын халықты билікпен тұтастыратын ұстаз, басшыны меңзеп отыр. Әдетте ұстара өткір келеді. Демек, ақын елге өткір де өжет, сөзі де өтімді, ісі де өнегелі бір билеуші қажеттігін меңзейді. «Жақсы мен жаманды айыра алмай, екі ұртының бірі қан, бірі май болуы да» – өзара партияға бөлініп, болыстыққа таласып, қырқыстырып, күштісі әлсізді жеңіп, береке-бірлігі кеткен жұртының отарлық езгідегі тағдыры. Қаны – патшалық отарлық езгі, майы – болыс, билердің жайлы жағдайы.
Аузымен орақ орған өңкей қыртым:
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың.
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың.
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?!
Сөзден басқа ештеңені білмейтін жұртының патша әкімшілігінің малын иемденіп, жерінен айырғаны, күндіз күлкісі, түнде ұйқысы бұзылып, кәнігі қарекетін жоғалтқаны. Дәулетті дегендер – көрсеқызар іштарлық, қызғаныш, аярлық, арамдықпен күн кешетіндер. Әркім болыстыққа түсіп, жік-жікке бөлініп бас-басына би болған бай, болыс, билердің елдің берекесін алғанын ашына айтады. Жұртының езгіден езілген еңсесі, елдіктен айырылуы қабырғасына батады.
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді
өз ырқың.
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па құдай құлқын?!
Бірлік жоқ, береке жоқ,
шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың,
баққан жылқың.
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік
бұзды-ау шырқын.
Өз қолынан ырқы кеткен елдің басын қосу қиын, мынау келеңсіз әдет-қылықтан арылтып, жөнсіз, теріс мінездерін түзеу де мүмкін емес. Ниеті – баю, алу, жеу, болыс атану, патшаға құлдық ұрып қызмет ету. Береке, бірлігі жоқ елде ілгері ұмтылыс жоқ. Абай оған қоса халықтың жақсылыққа, жаңалыққа ұмтылмауынан, шын пейіл танытпауынан қауіптенеді. Байлығы, баққан жылқысының сапырылуы да өзгелердің билігінде кеткенін аңғартады. Күндестік пен бақталастық халыққа еш опа бермейді. Абай осының бәрін жеккөрініштілікпен қырт қылық деп жанға батыра жеткізеді. Тиянақсыз, байлаусыз, құр қылпыңдап, патша әкімшілігіне жағымпазданып жыртың-жыртың күлкімен жүргендерге ызаланады. Тіпті біреуге әлдебір ақыл-кеңес берейін десе де, сөзін елемейтін жұртының кейбір кесірлі, ұнамсыз қылықтарынан жиренеді. Абайдың бұл өлеңінде шын мәнінде дербес ел болудың алғышарттары нақты талдап көрсетілген. Ол халқының сол уақыттағы азғындық пиғылын аяусыз сынап, елді түзеудің жолдарын ортаға салады.
Петербургте соттың сұрауында украинның ұлы ақыны Т.Г.Шевченко: «Кіші Россияға орала отырып, мен жоқшылық пен алпауыттардың, посессорлар мен шляхтичтердің шаруаларды сұмдық қанағанын көрдім. Осының бәрі де мемлекет пен үкімет атынан жүргізілді де, жүргізіліп те жатыр», деп сол кездегі туған халқының басынан кешкен қиыншылықтарын тайсалмай жеткізген. Абай да Ресей патшалығының бодандық саясатының қысым-қиянатын көріп, білді, жанына батқан жайларды ашына толғанды. Мұны халқының ауыр жағдайына, сол кездегі билік үстемдігіне арнаған әлеуметтік мәндегі жырларынан сезінеміз. Ақын ашық жарияламаса да қанаушылықтың тамырын байқай отырып, одан құтылу жолдарын да қарастырған. Осы мақсатта халықты оқуға, білімге үндеді, ғылымға тартты. Ауыр ахуалдан арылудың бағыт-бағдарын көрсетті.
Қай заманда да халық басына түскен қиындықтарға алдымен ақындар алаңдап, соны қалай еңсеру жолын іздеген. Халқы үшін қабырғасы қайысып, елім деп еңіреген, жерім деп толғанған Гете, Шекспир ғана емес, 1750-1848 бір ғасырлық неміс әдебиетінде басқа да таланттар мемлекеттің жағдайын, сол кездегі қоғамдық өмірді аяусыз сынады. Сатиралық туындыларымен халыққа жақын болған Фридрих фон Логау Германиядағы ұлттық кедейлікті әшкерелеп, «Сарайға барып шындық ексең – екі жүзділік жинап аласың» деп биліктің берекесіздігін шенеді. Логаудың патриоттық болмысы – Германияның қорқынышты әрі бейшара хал-ахуалын жасқанбай, ашық айтуында.
Ол «Малай ұяла қоймас, өзінің малайлық табысынан, Франция, сен қожайынсың, Германия, сен жалшысың, Ұялсаң ұял, Германия, құлдыққа мына көнгеніңе!» деп француз үстемдігіне қарсы ұлт намысын оятты, дербес ел болуға үгіттеді. Ұлтының сана-сезімін оятып, халыққа іргелі ел болу қажеттігін өткір айтты.
Ал Фридрих Клиегер: «Біртұтас ұлт болуға, немістер бекерге ұмтыласыңдар, ең алдымен ұлт болудан бұрын, жақсы адам болып қалыптасыңдар», деген ұлағатты ой туындатты. Халықтың күрескер ұлдары көтерген осындай патриоттық ізгі ойларға шалғай Шыңғыстаудан Абай да үн қосты.
Абай өлеңдерінде отаршылдық биліктің елге жасаған ауыртпалығын жүрегімен сезініп, елін береке-бірлікке, жақсы тірлікке, өнегеге шақырды. Ақын «ел болайық, өзгелерден қалыспайық» деп жалаң сөйлемейді. Қуатты, мықты мемлекет болудың берік негізі – адамдардың саналылығы мен сауаттылығында, түсіністігі мен татулығында деп біледі. Ұлтты тәрбиелеп алмай, өзгелер көшіне ілесудің қиындығына көз жеткізеді. Қаптаған «қырттық құлықпен» ыртың-тыртың, жыртың-жыртың «қалпынан», «пыш-пыштан» құтылмай, жұрт болып жұдырықтай жұмылып, ұйысып, ұғысуға қиын.
«Қалың елім, қазағым» өлеңінде бүкіл қазақ сахарасындағы қалың елдің қайғысын тебірене жырлады. Халықтың шын үлкен дертін, мұңын айтып осы қиыншылықтан шығаратын не дегенде – өнер-білім деп алғаш өлеңмен анығын айтады». М.Әуезов өлең туралы осылай пайымдайды.
Сонау Ақшоқыда отырып, елім деп елжіреген, еміренген үлкен жүрек дүрсілінде қалың елі қазағының ауыр хал-ахуалы. Елдің ертеңгі тағдырын ойлап, тығырықтан шығар жол іздейді. Елдің елдігі енді білім, өнер, кәсіп үйренумен байланысты деп ұғады. Оны Шығыс та, Батыс та емес, іргедегі орыс халқынан үйренуге шақырады. Орыс білім, ғылымын меңгеру арқылы басқа елдермен байланыс жасау қажеттігін заман беталысынан сезеді. Отарлық езгідегі халықтың теңдігі жоқ, басқа басар жері де, асар тауы да жоқ еді. Мұны Абай көреген тереңнен түйсініп сезінді. Кейіннен Абай ойларын зерттеп түсінген Алаштың ардақты арыстары, ұлтының көреген кемеңгер тұлғалары, іріліктің ірі ізбасарлары – Әлихан, Ахмет, Міржақып, Тұрар, Халел, Қошке, т.б. елдің елдігі мен ертеңгі өркендеуінің өрісті жолын Шығыстан және дара даму жолына түскен Жапониядан іздестірді. Бірақ бұл батыл бағыт бастарына пәле болып тиді. Қасіретті тағдыр кешті, қайран қамқорлар.
Әнуар ТАРАҚОВ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің профессоры,
философия ғылымдарының докторы