Экономика • 23 Қыркүйек, 2020

Өріс кеңейсе, өнім артады

499 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құсы қиқулап, балығы тулаған Сарыкөлдің жағасында «Тіршілік» шаруа қожалығы қоныс тепкен. Құрылғанына жиыр­ма жыл толған қожалықтың басты бағыты – сүт.

Өріс кеңейсе, өнім артады

Тауарлы сүт фермасын қолға алған шаруашылық жетекшісі Бақытжан Мәселов осыдан екі жыл бұрын Ресейдің Барнау­лы­нан елу шақты сүтті сиыр алып кел­ген-тұғын. Аудан басшы­лы­ғы­ның көздегені де сауын сиыр­дың басын көбейтіп, сүт өнім­дерін өздерінде шығару еді. Әйт­песе ет бағытында мал өсі­ріп отырған шаруалар жетерлік.

– Қожалықты алғаш әкеміз ашқан. Үйдің кенжесі болған­дық­тан, кейін өзім араласып кеттім. 2018 жылдың күзінде Ресейден буаз құнажындар сатып алып, ауылға жеткіздім. Содан бері екі рет төлдеді. Пай­да­сын көріп отырмыз. Былтыр сауын­ға арналған автоматты ап­парат та сатып алдық, – дейді қо­ж­алық иесі Бақытжан Мәселов.

Аппарат 60 басқа арнал­ғаны­мен, қазіргі күнде 15 сиыр ғана сауып отыр. Алып келген сиырдың бәрін қаз-қатар тізіп қойып сауып алуға әбден болар еді. Алайда сүт өткізетін орын жоқ. Шағын ғана шаруасын дөң­гелетіп отырған қожалық үшін сүтті Өскеменге апарып өткі­зу тиім­сіз. Сол үшін де Бақыт­жан­­н­ың жұбайы Арай сауып ал­ған сүтті тартып, кілегейі мен ма­­йын аудан орталығына жөнелтеді.

Ал қалған 150 бас ірі қара Қарағаш жайлауында. Оның ішін­­­дегі симменталь асыл тұ­қым­­ды­сының саны осы күнде сексенге жеткен. Табындағы бұ­қалар да асыл тұқымды. Бұ­ларды жаз жайлауға айдайтын тағы бір себебі – ауыл маңында жайылымдық жер аз. Сарыкөлдің маңайы егістік алқаптары. Қо­жалыққа тиесілі 70 гектар жердің отызы ғана шабындық. Оның өзі алыстау Күршім ауылы жақта. Ал маңайдағы жерлер ауылдық тұрғындарға тиесілі.

– Жер кең болса, ауыл үшін ғана емес, ауданға мол пайда әке­лер ме едік?! Тұрғындарды да жұ­мыспен қамтуға болар еді. Әзір­ше төрт адамға тұрақты жұмыс беріп отырмыз, – дейді қожалық иесі.

Олардың екеуі бақташы. Бақта­шылар осы айдың соңына қарай Сарыкөлге түседі. Қыс­тақта қыстайғы жемшөп­тері әзір­леніп жатыр. Болашақта жүз шақты сиырды сауып, сүтін кәде­ге жаратып отыру қожалық жетек­шісінің арманы.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Күршім ауданы