Қыркүйек айының басында елорда аумағындағы ауылдың бірінде қайғылы оқиға болды. Абайсызда екі баланы трактор басып, бір жеткіншек оқиға орнында көз жұмды. Ал екінші бала елордалық балалар ауруханасына жедел жеткізілді. Ауыр халде түскен науқастың жағдайын хирургтер, нейрохирург, травматолог және реаниматологтер қарап, дереу аппаратқа қосып, операцияға алды. Бала 10 күн жансақтау бөлімінде жатты.
Аурухананың травматолог дәрігері Мұхтар Ахмұрзаевтың айтуынша, қыз бала клиникаға жарақаттық шок жағдайында түсіпті. Жамбас мүшелерінің жарақаттарына шұғыл жасалған операциядан соң жансақтау бөлімінде күні-түні ақ желеңді жандардың қадағалауында болған оның жағдайы жақсарды. Былайша айтқанда, мамандардың келісілген іс-әрекеттерінің арқасында бала аман қалды.
«Бала өте ауыр жағдайда, 3-дәрежелі жарақаттық шок жағдайында түсті. Мамандардың уақтылы жедел көмек көрсеткені аса маңызды болды. Бала аппаратқа қосылып, шокқа қарсы терапия жүргізілді. Шұғыл түрде ота жасау керек екені белгілі болды», деді дәрігер. Бес жасар қыздың басынан өткен оқиға ол отбасы үшін қатты соққы болғаны рас. Бірақ әйтеуір білікті мамандар қимылының арқасында баласы өлімнен қалған. Күн сайын ілгерілеп, жағдайы жақсарып келе жатқан балапанын құшқан ананың қуанышы немен өлшенбек? Дәрігерлерге шексіз алғысын қалай жеткізерін білмеген анасы қазір қызының қасында, көрер жарығын тауыспаған Алла тағалаға разылығын білдіреді.
«Қазір қызымның жағдайы да, көңіл күйі де жақсы. Әкесімен бейнебайланыс арқылы телефонмен сөйлесіп тұрады. Барлық отбасы, туыстардың атынан дәрігерлерге мың алғыс айтамыз. Бірінші, Құдайдың қалауымен, екінші, дәрігерлердің арқасында қызымыз қазір аман-есен қасымызда», дейді қыздың анасы.
«Біз дәрігерлер үшін де қыздың аман-есен шығуы үлкен қуаныш. Жамбас пен зәр шығару жолдары қатты зақымданған. Қазір баланың жағдайы тұрақты. Барлық процедураларды аяқтағаннан кейін үйіне шығарылады», дейді Хирургиялық бөлімнің басшысы Ринат Байгиреев.