Жобалар жылу, су, электр және газбен жабдықтау, сондай-ақ жол салу және жөндеу бағыттарын қамтыған.
– Бұл мәселені жүйелі түрде шешу үшін 2019 жылдан бастап моно және шағын қалаларға жыл сайын тұрақты түрде 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу көзделген. Мәселен, былтыр 17 моноқалада 7,7 млрд теңгеге 31 жоба іске асырылды, – деді Ұлттық экономика министрлігі Өңірлік даму департаментінің директоры Дәурен Жамбайбек.
Биыл қалаішілік жолдарды және инженерлік желілерді дамыту мақсатында 16 моноқала мен 5 шағын қалада 26 жобаны іске асыруға 8,8 млрд теңге бөлінген. Осының нәтижесінде 678 жаңа жұмыс орны құрылып, шаһарлардың 200 шақырымнан астам автомобиль жолы мен инженерлік желілер жаңғыртылады.
– Моноқалаларды қолдау жөніндегі бағдарламаны іске асыру 2012 жылы басталды. Содан бері белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, сумен жабдықтау желілерінің тозуы 70 пайыздан 61 пайызға дейін, электр тарату желілерінің тозуы 75 пайыздан 63 пайызға дейін төмендеді. Қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 43 пайыздан 57 пайызға ұлғайды. Белсенді жұмыс істейтін шағын кәсіпорындар саны үш есеге артты. 2012 жылы олардың саны 25,5 мың еді. Қазір 89,7 мыңға жетті, – деді Д.Жамбайбек.
Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, Қазақстанда 27 моноқала бар. Оның 8-і Қарағанды облысында. Атап айтқанда, Балқаш, Жезқазған, Қаражал, Саран, Сәтбаев, Теміртау, Шахтинск және Абай шаһарлары моноқалалар тізімінде тұр.
Қостанай облысында 4 моноқала бар. Олар – Арқалық, Жітіқара, Лисаков, Рудный. Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай, Курчатов, Риддер және Серебрянск те осы қатарда. Тізімге Павлодар (Екібастұз, Ақсу) мен Жамбыл (Жаңатас, Қаратау) облыстарынан екі қаладан енген. Ақмола (Степногор), Ақтөбе (Хромтау), Алматы (Текелі), Атырау (Құлсары), Батыс Қазақстан (Ақсай), Маңғыстау (Жаңаөзен) және Түркістан (Кентау) облыстарында бір-бір моноқаладан бар.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2012 жылдан бастап моноқалаларда кәсіпкерлікті қолдауға 38 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде 1,5 мыңнан астам жоба субсидияланған. Бұл мақсатқа 23,2 млрд теңге жұмсалған. 502 жобаға кепілдік беріліпті. Оған бағытталған қаржы көлемі – 7,2 млрд теңге. Сонымен қатар 5,9 млрд теңге көлемінде микронесие және 1,7 млрд теңге көлемінде 507 грант үлестірілген.
– Қолдау шараларының нәтижесінде моноқалаларда шағын кәсіпкерліктің тауар өндіру көлемі 2,1 есе өсті. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,3 есе ұлғайды, – дейді департамент директоры.
Қазір моноқалалардың экономикасын әртараптандыру жұмысы жүріп жатыр. Бұл – ұзақмерзімді процесс. Дәлірек айтсақ, 57 зәкірлі инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның 14-і тау-кен металлургия өнеркәсібіне қатысты. Бұдан бөлек химия және фармацевтика өнеркәсібі саласында 7 жоба, жеңіл өнеркәсіп бойынша 4 жоба қолға алынған. Құрылыс индустриясы және ағаш өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобалардың саны – 16. Сондай-ақ тамақ өнеркәсібінде 7 жоба, энергетикада 5 жоба, машина жасау саласында 4 жоба жүзеге асырылуда.
– Зәкірлік жобалар 9 мыңнан астам жұмыс орнын құруға және моноқалалардың негізгі капиталына инвестициялар тарту көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, – дейді Д.Жамбайбек.
Еске сала кетейік, моноқалалардың экономикасын әртараптандыру жөніндегі шаралар Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көзделген. Бағдарлама аясында экономиканың шикізаттық емес секторларында зәкірлік жобалар қолға алынып, шағын және орта бизнесті, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту шаралары іске асырылады.