Аргентинада 24 сағат ішінде 429 пациент өмірмен қоштасып, індеттен көз жұмғандар саны 13 482-ге жеткен. Жалпы, COVID-19 тудырған дерттің салмағын 540 147 жан сезінген көрінеді. Ел астанасы Буэнос-Айрес тұрғындары арасында ауру жұқтыру азаймай тұр. Өткен бір тәулікте 3 700 адамнан ауру табылған.
Әлем бойынша індет тарауы жөнінен алдыңғы орынның біріндегі Бразилияда 4 558 068 адам індет тырнағына ілініп, апта басында жаңадан 13 439 вирус жұқтыру фактісі тіркелген. Пандемия патшалық құрғалы Бразилия 137 272 азаматынан айырылған. Бұл елде бір күнде COVID-19-дан 377 адам қайтыс болды.
* * *
Осло билігі коронавирус таралуына байланысты шектеу шараларын қатайтты.
Dagens Nyheter газеті жариялаған мәліметте Ослода ауру көбеюіне байланысты қаланың барлық тұсында «қызыл аймақтар» анықталған. Бұл COVID-19 өршіп тұрғанын аңғартады.
Соңғы үш аптада Ослода ауру тіркелу көбейіп, қала тұрғындарына сақтық шараларын күшейтуге кеңес берілген. Енді ослолықтар қоғамдық көліктерде, сауда орындарында, қысқасы әлеуметтік қашықтықты сақтауға мүмкін емес жерлердің барлығында аузы мен мұрнын жауып, тұмшаны тастамауы тиіс. Бұған қоса халыққа өз үйлерінде 10 адамнан асатын топпен жиналуына болмайтыны қатаң ескертілген.
* * *
Париждіктер Италияға тест тапсырмай кірмейтін болды. Франция ЕО елдері арасында КВИ таралуы жөнінен алаңдатарлық күйде тұр.
Француздардың тест тапсырмай Италия аумағына кіргізілмейтіні туралы құжатқа Италия денсаулық сақтау министрі Роберто Сперанса
21 қыркүйекте қол қойған.
Италияның кәрі құрлықтағы пандемия әу бастан тырнағын қатты батырған мемлекет екені баршаға аян. Ауруханаларда орын жетпей, вирус жұқтырған жандардың көшелерде ем қабылдағаны, көптеген италиялықтың өмірмен қоштасқаны белгілі. Сондықтан да алғашқы соққыдан есеңгіреп қалған италиялықтардың бұл қарекетін түсінуге болады. Сәуірдің соңынан шілденің басына дейін ауру саны азайып келген Италияда міне, індет қарқыны күшейгені байқалады. Ал қайтыс болғандардың арасында жастар мен орта буын өкілдерінің көп болуы да жұртты алаңдатып отыр.
Франциядағы COVID-19-ға қарсы сақтық шараларының күшейгеніне қарамастан, мұнда да КВИ өршіп барады. Тек кешегі күннің өзінде 5 298 адам ауру жұқтырып, 827 пациент ауруханалардың жансақтау бөлімдерінде жатқан көрінеді.
* * *
Лондон мэрі Садик Хан астанада шектеу түрлерін қатаңдатуды жариялады.
Мэр «Ауруды ауыздықтайтын өзге таңдау жоқ. Екінші толқынның басынан бастап шектеу жариялаудың маңызы зор. Кейін вирус белең алғанда шектеуді қатаңдатқаннан гөрі қазір бекемдік таныту ел үшін пайдалы» деді. Ол Борис Джонсон басқаратын Үкіметке мейрамхана, барлардың уақытын шектеу, әлеуметтік қашықтық ұстауға мүмкіндік жоқ орындардың барлығында тұмша тастамау туралы ұсынысты жеткізетінін мәлімдеген.
* * *
Sveriges Radio санитарлық нормаларды сақтамайтын шведтіктердің вирус таралуына септесетінін хабарлады.
Стокгольм мен Гетеборгтегі әрбір үшінші мейрамхана мен барда әлеуметтік қашықтық қадағаланбайтыны жайындағы ескерту берілген. Стокгольмнің қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшысы Птер Броденмарк: «Наурыз айынан бері шектеу жарияланғалы 2 мыңнан астам тексеру жүргізілді. Көрсетілген кемшіліктерді жою барысын бақылау үшін жүргізілген екінші тексеруде біз жағдайдың әлі оңалмағанын аңдадық», дейді. Ол әрбір санитарлық норманы ұстамайтын азаматтың ауру таралуына көмектесетініне қынжылды.
Гетеборгте тексеру жүргізілген 900 тамақтану орнының 300-інде кемшіліктер анықталған.