Қоғам • 25 Қыркүйек, 2020

Фитнес-индустрия: Тынығудан – шынығуға Жұмыссыз қалған клубтар күш жинауға кірісті

435 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Пандемия отандық фитнес-индустрияны да әлсіретіп тынды. Қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болған нарықтағы ірілі-ұсақты ойыншылардың жартысынан көбі шығынға ұшырады. Жалпы жаһандағы жағдай аталған индустрияның бағытына да өзгерістер енгізді.

Фитнес-индустрия: Тынығудан – шынығуға Жұмыссыз қалған клубтар күш жинауға кірісті

fitnessblitz.com

Мемлекет демесе...

Қазақстан фитнес-индустрия операторлары қауымдастығының басшысы Татьяна Салатинаның айтуынша, бұл сала коронавирус пандемиясы кезін­де шы­ғынға белшеден батқан. Қауым­­дас­­тық мамандарының болжамын­ша, на­­рық­тағы ойыншылардың жартысы­нан көбі тарап кетуі мүмкін. Ал қалғаны шығынға бат­қан күйі жұмысын жалғастыра бермек.

– Мемлекет коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатыр. Демек, алдағы уақытта тағы да қатаң шектеу шара­лары енгізілуі мүмкін. Сондықтан біржола тұралап қалмас үшін фитнес-индус­трияға мемлекет тарапынан қолдау көрсе­тілуі керек, – деді ол бізге берген сұхбатында.

Т.Салатинаның пікірінше, алда қан­дай жағдай орын алса да, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып, фитнес-клубтардың жұмыс істеуіне рұқсат берілуі керек.

– Мемлекеттен қаржылай қолдау күтіп отырғанымызды жасырмаймыз. Әдетте ірі фит­нес-клубтардың ғимараты жал­ға берілмейді. Олар көп жағ­дайда несиеге алынған. Бір­неше ай бойы жұмыс істемей қаңтарылып тұрса да, мен­шік иелері банк алдындағы мін­дет­темелерін орындауы тиіс. Қазір жұмыс жанданып, адамдар жаттығуға келе бастады. Бірақ олардың қатары тым сиреп кетті. Мұндай жағдайда несиені қалай өтеуге болады? Сондықтан мемлекет біздің жағдайды түсініп, пайызсыз несие ұсынса немесе бұған дейін алынған кредиттердің пайыз­дық мөлшерлемесін төмен­детсе дейміз. Мұның бәрі ірі клубтарға қатысты. Ал шағын клубтар негізінен ғимаратты жалға алады. Олар үшін жал­ға алу құнын айтарлықтай төмен­детсе, көп көмек болар еді, – деді Т.Салатина.

Бұл бір ғана мәселе. Бұдан бөлек клубтардың комму­нал­дық шығындары мен қыз­меткерлерге төлейтін еңбек­ақысы бар.

1

 

Сенбінің салдары

Дәл қазіргі жағдайда таяқ­тың ұшы шағын клубтарға қаттырақ тиіп отыр. Олардың бір бөлігі онсыз да «көлеңкеде» жұмыс істеп келген еді. Бірінші кезекте солар жұмысын тоқ­татты. Одан кейін заңды түрде тіркелген шағын клубтар на­рықтан ығыса бастады.

– Ірі клубтар нарықтағы негізгі ойыншылар болып саналады. Олар негізінен ұзақ­мерзімді келісімшарттар бо­йын­ша жұмыс істейді. Қазір мұн­дай клубтар абонемент­терін ұзартып қана отыр. Жаңа клиент­термен толығып жатқан жоқ. Біздің болжам бойынша, жағдай осылай жалғаса берсе, нарықтағы шағын және орта клубтар жұмысын біржола тоқ­татады. Мұндай қиындық біз­дің елде ғана орын алып отыр­ған жоқ. Тұтас әлемдегі ахуал осындай, – дейді қауым­дастық басшысы.

Ірі клубтардың да жағдайы аса мәз емес. Біріншіден, олар ережелерді қатаң сақтау ар­қылы жұмыс істеуде. Бұлай жасамаса, айыппұл салынады. Екіншіден, ірі ойыншылардың алда-жалда қажет болар деп сақ­тап келген қаржылық қор­жынының түбі көрінді. Демек, олар да шығынға шырмала бастады.

– Шектеу шараларына бай­ла­ныс­ты демалыс күндері клуб­тар жұмыс істемей келді. Осының өзі үлкен шығынға жол ашты. Қазір жағдай біршама жақсарып келеді. Себебі әр өңірдегі эпидемия­лық жағдайға байланысты фитнес-клубтардың жұмысына рұқсат берілуде. Қалыпты режімге көшуде. Әдетте клиенттер жат­тығу жасауға сейсенбі, бей­сенбі, сенбі күндерін лайық көре­ді. Осыған дейін сенбі, жек­сенбі жұмыс істеуге рұқсат беріл­мегендіктен, келушілер дүй­сенбі-сәрсенбі-жұма фор­маты­на көшті. Сөйтіп, сенбі­нің сал­­дарынан сейсенбі мен бей­сен­бі бос қалды, – дейді Т.Салатина.

Қазақстанның төрт қа­ла­сын­да жұмыс істейтін «FitnessBlitz» фитнес-клубтар желісінің негізін қалаушы Да­нияр Молдахметтің айтуынша, компания карантин салдарынан биыл екі клубты жабуға мәжбүр болыпты.

– Компанияның табысы 70 пайызға қысқарды. Бұған негізінен демалыс күндеріндегі шектеу шаралары кері әсер етті. Бизнес қазір жар жағасында тұр. Оның жағдайын осылай бағалағанымыз дұрыс шығар.Тығырықтан шығу үшін клубтарды жауып, оңтайландыруға тура келді. Демалыс күндері біздің тренерлер ашық орындарда, воркаут алаңдарында жат­тығу өткізді. Осылай амал­дадық, – деді Данияр Молдах­мет журналистерге берген сұхбатында.

Үрей құшағындағы тұр­ғын­дардың ішінде фитнес-клуб­тарға барудан саналы түрде бас тартқандар да жоқ емес. Себебі мұндай жерде бетпердемен тұмшаланып жаттығу жасау қиын. Терге малшынған сәтте бетперде түгіл, үстіңдегі киім­нің өзі жайсыздық танытады. Сондықтан бала-шағасының амандығы үшін шынығуды тынығуға алмастырғандар көп.

 

Онлайн-жаттығу

Ресей сарапшыларының бол­жамынша, көрші елдің фит­н­ес-индустриясындағы ойын­шылардың 70 пайызы нарық­тан ығысуы мүмкін. Ал АҚШ-тағы нысандардың 90 пайызға жуы­ғы қазірдің өзінде жабылып қал­ған. Алайда олар жаңа тех­но­логияларды пайдалана оты­рып, онлайн-жаттығуға көшті. Қазақ­стандық фитнес-тренер­лер­дің де біразы онлайн фор­мат­қа ауысуға мәжбүр болды. Елі­мізде алғашқылардың бірі болып жаңа технологияның игі­лігін тиімді пайдаланған тре­нер­лердің бірі – астаналық Бауыржан Рысбек.

– Instagram желісінде 10 мыңнан астам оқырманым бар. Олардың бәрі бұлшық еттерді шынықтыру, дұрыс тамақтану туралы жазбаларымды оқып, кәдесіне жаратады. Карантин енгізіліп, фитнес-клубтар жұмысын тоқтатты. Кейін ашық алаңдарда жаттығу жасауға рұқсат берілді. Сол сәттен бастап Instagram арқылы тікелей эфир жүргізуге көштім. Сөйтіп, Қазақстанда алғаш болып онлайн-жаттығу форматына ауыстым. Менен кейін тренерлердің біразы осы формат бойынша жұмыс істей бастады. Бастапқыда тікелей эфирге 7 адам кірді. Кейін 20 адам қосылды. Соңында 40-50 адам­ды бір сәтте жат­тық­­ты­ратын деңгейге жет­тік. Тікелей эфир барысында әрбір адамды мұқият қадаға­лап отыруға тырысамын. Жал­пы, бұл оңай шаруа емес. Қиын­дығы көп. Бірақ білікті маман қандай жағдай болсын тығы­рықтан шығуы керек, – дейді Бауыржан Рысбек.

2016 жылы Рио Олим­пиа­­дасына қатысқан қазақ бокс­шыларының физиология­лық дайындығымен айналысқан Бауыржан Рысбек аз ғана уа­қыт­тың ішінде онлайн-жат­ты­ғуға арналған авторлық бағ­­дар­ламасын да әзірлеп үлгеріпті.

– Онлайн-жаттығу жүргізуді әлі де жалғастырып жатырмын. Елдегі эпидемиялық ахуалдың қалай өзгеретіні белгісіз. Сон­дықтан қазір осы жұмысты қыс­та да жалғастырудың қа­мын жасап жатқан жайымыз бар. Пандемия өмірімізге көп өзге­ріс енгізді ғой. Фитнес-индустрия да бағытын өзгертті. Әлемде онлайн-жаттығулар жедел дами бастады. Уақыт өте келе адамдардың көбі осыған көшуі мүмкін, – дейді Б.Рысбек.

Оның айтуынша, онлайн форматқа ойысудың бірнеше себебі бар.

– Біріншіден, клубта да­йындалатын адам кәнігі робот секілді жұмыс істейді. Айтылған дүниені ғана қайталайды. Ал даладағы жаттығу әлдеқайда еркіндеу. Екіншіден, клубта жаттығатын адамдардың дені «дұрыс істеп жатырмын ба?», «Мыналар менен сымбаттырақ әрі күштірек» деп қысылып-қымтырылып жүреді. Ашық алаңдағы жаттығуда мұндай ойдан арыласыз. Үшіншіден, клубта ұлдар да, қыздар да бірге жаттығады. Демек, адамның ойы арагідік басқа дүниеге ауып кетеді. Төртіншіден, қазір қаланың кез келген ауласында жаттығу жасауға арналған орындар бар. Тер сіңген клубқа барудың қажеті шамалы, – дейді астаналық маман.

Өкінішке қарай, отандық фитнес-тренерлердің барлығы дерлік карантин уақытында тығырықтан шығудың амалын қарастырмаған сыңайлы. Әйтпесе әдепкі жұмысты ашық алаңда да жалғастыруға мүм­кіндік бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Мұны жалқаулық дейміз бе? Әлде кәсіби кем­шілікке жатқызған жөн бе?

Сол секілді фитнес-клуб­тар­дың да әрекетсіздігіне таң­ға­луға болады. Әлемнің өзге елдеріндегі фитнес-индуст­рия бағытын өзгертіп амалдап жатқанда, отандық сала өкілдерінің омалып отырғаны түрлі ойға жетелейді. Қалай десек те, фитнес-индустрия енді бұрынғыдай болмайды. Пандемия фитнес-клубтардың өзін заман ағымына сай шыны­ғуға шақырғандай...