Қоғам • 25 Қыркүйек, 2020

Ойыл ортайды, Жем үзіліп ағады

2368 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл жаз бойы Ақтөбе мен Атырау облыстарының аумағын көктей өтіп жатқан Ойыл өзені суалып, Жем тартылып, жағасындағы ел судың тапшылығын сезінді.

Ойыл ортайды, Жем үзіліп ағады

Ойылдың түбі көрінді

Бастауын Мұғалжар таула­рындағы еріген қар суы мен бұлақ көздерінен алып, жауын-шашынмен арнасын кеңейте ағатын Ойыл өзені Тайсойған құмында бір­неше тармаққа бөлініп, Жал­тыр­­көл мен Ақтөбе көлдері ара­сын­дағы Қаракөл тұсында сазға сіңіп жоқ болады. Бұрынғы кезде су тасыған мезгілде арнасы 10 метрге дейін ұлғаятын, ұзын­­ды­ғы 800 шақырым болатын өзен Жа­йыққа келіп құйған екен. Қазір Жа­йыққа жетпейді, тым таяз­­дан­ған арналары жіңішкеріп, үзіле ағады.

Қыркүйектің басында өзен­нің Атырау облысындағы Мия­лы елді мекені тұсындағы бал­шыққа айналған Жыланбас деген сағасының балығы қырыл­ды. Ойыл ауданының Миялыға өтер шекарасындағы Қаратал саға­сының суы ағынсыз болған­дықтан жасыл түске боялып, борсып кетті. Құрғаған Қараталдың жағасына шабындық шөп те шықпады. Содан ала жаздай Қаратал ауылының тұрғындары не шөп шаба алмай, не бақшаға су жеткізе алмай әбден қиналды. Соғыс жылдары атақты тарышы Шығанақ Берсиев осы Қара­тал­дың майда топырағы мен сулы арнасына еккен тарының әр гектарынан 200 центнерден өнім алып рекорд жасаған. Кейін бер­сиев­шілер бригадасы осы алқап­тан гектарына 100 центнерге дейін тары жинаған ырыс­ты ме­­кен­нің суы тартылған соң ажары кетті. «Қаратал құрғаса, тұр­­ғын­­дар ауыз сусыз қалып, таяу маң­­дағы Барқын құмдарында шо­ғыр­ланған жер асты суы да жо­­ғалады», дейді Қаратал ауы­лы­­ның тұрғыны Ерсұлтан Максимов.

Ойылдың тартылуына келгенде, пікір үшке жарылды. Ауыл тұрғындары өзен бойындағы бау-бақша егетін шаруашылықтар су арнасын өз қалауынша бұрып, бей-берекетсіз бөгеп жатыр дей­ді. Қаратал ауылының тұрғыны Серікқали Құлтеміров бөгетке су жиналмаудың себебінен көреді. Ол: «Бұрын Ойылдың Қаратал сағасының тұсындағы Тамдыкөл бөгетінің шлюздері күзден көк­темге дейін жабылатын. Содан көктемде су тасып, Қаратал арнасы әбден толғанда, жиналған су маусымның басынан Миялыға қарай жаз бойы жайлап жіберіліп отырады да, күзде шлюздер қайта бекітіледі. Қазір ағынды суды ешкім бөгемегендіктен, арна толмайды, су құмға сіңіп кетеді», дейді.

«Ойыл өзені қар мен жаңбыр суынан толығады. Екі жылдан бері жауын-шашын өте аз, қыста қар аз жауып, жерге тоң қатпады, жаңбыр да сирек жауды. Алда­ғы қыста қар көп болса, көктемде өзен арнасы көтеріледі деген үміт бар», – дейді Ойыл ауданының әкімі Асқар Қазыбаев.

Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөнінде­гі «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясының басшысы Ға­ли­долла Әзидуллиннің пікірі де Асқар Қазыбаевпен үндес: «Өзен суының азаюына құрғақшылық циклі әсер етті. Шындығында, жо­лай судың арналарын бөгеп, жі­бермей отырған ешкім жоқ».

Экологтар Ақтөбе облысы­ның далалық өзендері адам қо­лымен жасалған жыртқыштық әре­кеттердің салдарынан жылдан-жыл­ға құрып барады дейді. «Эко­жүйені қалпына келтіру үшін өзен жағалауын бойлай, әсіресе таяз­данған бөліктерінде жасыл желекті көптеп егіп, өзен арналарын тазалау қажет», – дейді эколог Александр Мандрыкин.

 Ақтөбе облысының Жем, Ойыл, Ырғыз, Ор, Сағыз өзен­де­­рінің арналары биыл мүлде жіңішкеріп кетсе, Сағыз үзіліп қалды. Бұл өзендердің бәрі де Орал тауының оңтүстік жалғасы – Мұғалжар жоталарының биігінде еріген қар суынан қоректенетін бұлақ көздерінен жиналады. Ойылмен 712 шақырым бойы қанаттас ағатын Жем өзені де бастауын Мұғалжар тауының оң­түстік-батыс беткейіндегі бұ­лақ­тармен жалғасқан Жанай және Жалаңаш өзендерінен алады. Қараша түсе қатып, сәуір туа салысымен қайта еритін Жем өзені де қазір үзіле-үзіле кей жерінде аралшыққа айналды, кей жерінде құрғап жатыр.

Ақтөбе облысындағы далалық өзендер суының таяздануына Мұғалжар тауындағы өзгерістер тікелей себепші. Таудың шеткі бөлігі – Бершүгір жотасындағы 20-дан астам қиыршық тас зауыттары 6-7 жылдан бері жоталарды талқандап келеді. Қазір тау баурайындағы бұлақ көздері бітеліп, жерүсті және жерасты суларының айналымы бұзылды. Экологтардың тағы бір жорамалы Жем, Темір өзендеріне жақын орналасқан мұнай кеніштері­нің зардабы тиіп жатыр. Өйткені мұнайы алын­ған жерасты қа­бат­тары босап қалған­дықтан, су жер астындағы бос кеңістіктерге қарай ағып кеткен.

 

Тау талқандалса, бұлақ көздері жоғалады

Солтүстік Каспий ойпаты мен Мұғалжар тауларының батыс, шығыс беткейлерінен бас­тау алып, меридиан бойымен ағатын өзендер құбылысын Аты­рау облыстық тарихи-мәдени мұ­раларды зерттеу орталығы­ның археологы Сейілхан Аманқұл­ұлы Санкт-Петербург Ғылым ака­де­миясының корреспондент-мү­ше­сі Н.Ханыковтың 1843 жы­­лы жариялаған «Ішкі және Кіші Орданы алып жатқан Қыр­ғыз даласындағы елді мекендер жө­ніндегі» мақаласынан тап­­қан. Орыстың ориенталист ға­лымы мынадай тұжырым жасайды: «Мұғалжар тауларынан басталатын Жем, Сағыз, Ойыл өзендері батыс бағытқа көлденең ағады. Сол себепті ағысы өте жәй. Өзен бойымен бұлақ көз­де­рін балдырлар мен қамыс, қо­ғалар бітейді. Жаздың күндері суы құрғап, қыс­та түбіне дейін қатып қалмас үшін өзен бойын мекендеген малшылар бұлақ кө­зін өз күштерімен тазалайды. Ал Мұғалжар тауының шы­ғыс бетінен бастау алатын Ыр­ғыз, Торғай өзендері сол­түс­тік­тен оңтүстікке тіке аға­тын­дық­тан сарқылмайды. («Ішкі істер ми­нистрлігінің журналы», 1843, «Іш­кі және Кіші Орданы алып жат­­қан Қырғыз даласындағы ел­ді­ мекендер жөнінде» мақаласы, 28-б.)

Сейілхан Аманқұлұлы «Н.Ха­­­­ныковтың меридиан сы­­­зы­­ғы­на қарсы көлденең аға­тын өзен­дердің ағысы жәй болады деген болжамы шындыққа жанасады деп ойлаймын. Бүгінде таудың жоғарғы беткейінен аға­тын көп­теген бұлақ көздері бітеліп қал­ған. Өйткені өзен жәй ағыспен көлденең ағатын болса, арнасын қамыс пен қоға басып тастайды», деп ой тастайды.

Бірнеше жылдан бері еліміз­дің әр өңірінде өзен арналарын кеңейту жұмыстарымен айна­лысатын «Компания спейстрой» ЖШС директоры Рашид Сламбектов өзен-көлдердің тайыздануына су түбіндегі бұлақтар көздерінің бітелуі тікелей себеп­ші деген пікірде. «Өзендер әдетте су астындағы майда бұлақтардан қоректенеді. Осы бұлақ көздерін тазартып тұрмаса, майда шаң- тозаңдар бітеп тастайды. Бұлақ көздерін ұсақ құмдар мен тастар бітемейді, керісінше осы жерден су жақсы сүзіліп, бұлақ атқылап ағады», дейді.

Тағы бір жорамал – Мұғал­жар тауының жоталары бауырынан қиыршық тас өндіретін зауыт­­тардың кесірінен, жерас­ты су көздерімен жалғасқан бұ­лақ көздері бітелгендіктен, су жо­ғалып барады. Бүгінде он­ шақ­ты жылдан бері шаң мен тозаң­нан көз ашпаған Бершүгір ауы­лы тұрғындарының арасында демікпе, аллергиялық сырқаттар көбейді. Балалар көп ауырады.

Сөйтіп Ақтөбе облысының далалық өзендерінің тайызда­нуына Мұғалжар тауындағы та­биғи жүйенің бұзылуы, жерасты және жер беті сулары айналымы­ның бұзылуы деп айтуға толық негіз бар. Экожүйені қайта қал­пына келтіру үшін қандай жүйелі жұ­мыстар жүргізген жөн? Осы мә­селеде әзірге экологтар мен мем­лекеттік органдар бір мәмі­леге кел­ген жоқ.

1

 

Ақтөбе облысы