Шамалған стансасындағы айналма автокөлік жолы мен жаяу жүргіншілерге арналған аталған көпір өткелінің құрылысына жергілікті бюджеттен 364,5 млн теңге бөлінген.
Салтанатты шарада құттықтау сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов: "Осыдан бір жыл бұрын осы жерде қайғылы оқиға орын алып, сол оқиғадан соң біз тұрғындарға көпір салып береміз деп уәде берген едік. Бүгін, міне, сол жаңа көпірдің ашылуына жиналып тұрмыз. Бір жыл ішінде жергілікті бюджеттен 360 млн теңгеден астам қаржы бөліп, жобасын дайындадық, сараптамадан өткізіп, осы нысанды салдық. Құрылыс жұмыстарын сапалы орындаған "ДСУ-13" мердігер компаниясына рахмет айтамын. Сонымен бірге бұл жерде көлік легінің көптігіне байланысты, біз "ҚазАвтоЖол" мекемесімен бірлесіп, айналма жол жасау қажет деп шештік. Келесі жылдың күзіне ол нысан да дайын болады деп жоспарланып отыр", деді облыс әкімі.
Атап өтсек, жүргіншілер көпірінің баспалдақтарын қосқандағы жалпы ұзындығы 61,56 метр, биіктігі – 9,8 метр. Екі жеделсатысы бар, бұл жүргіншілер көпірінің қолайлылығын арттыра түседі.
Жалпы өткен жылдың өзінде облыста 364,7 км жол мен 8 көпірге жөндеу жасалған. Биылғы жылы тағы 506,6 км жол мен 12 көпір жөнделеді. Сөйтіп жыл басында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар жолдардың үлесі 81% болса, жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 84%-ға жетпек.