Аймақтар • 26 Қыркүйек, 2020

Павлодар облысында оқушылардан COVID-19 анықталған мектеп карантинге жабылды

258 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шарбақты ауданындағы ауыл мектебінде 4 оқушыдан коронавирус анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысында оқушылардан COVID-19 анықталған мектеп карантинге жабылды

"Шарбақты ауданындағы Алексеевка ауылының мектебінде 3-сынып оқушысынан коронавирус анықталды. Оқушы соңғы рет сабаққа 16 қыркүйек күні барған. Атасының пневмонияға шалдығуына байланысты баланы тексеру кезінде коронавирус анықталды. Бұл баламен 44 адам байланыста болған. 44 адамды тексеру кезінде сыныбындағы 3 оқушы КВИ жұқтырғаны белгілі болды", деді Батырбек Әлиев.

Мектепке барып білім алатын 4 оқушыдан індеттің анықталғанына байланысты Алексеевка ауылының мектебі карантинге жабылды. Мектеп эпидемиологиялық жағдай жақсарғанға дейін жабық болады. 

Батырбек Әлиевтің айтуынша, 1 қыркүйектен бері Павлодар облысында 58 адам коронавирус жұқтырған. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі 14 бала бар. 

"14 баланың ішінде 9 бала мектеп жасында болса, 5 – 6 жасқа дейінгі балалар. Бұл 6 жасқа дейінгі балалар балабақшаға бармайтындар. Ал, қалған 9 баланың 4 – карантинге жабылған Алексеевка мектебінен, 5 – Шарбақты ауданы орталығынан, Павлодар және Ақсу қаласынан. Бұл 5 бала қашықтықтан білім алады", деді департамент басшысы.

Спикердің айтуынша, егер бір сыныптағы балалардан КВИ анықталса, сол сынып карантинге жабылады. Ал, егер бір мектептегі әртүрлі сыныптардан індет жұқтыру жағдайы тіркелсе, онда мектеп толығымен жабылады. 

Айта кетейік, Павлодар облысында осы уақытқа дейін 3897 адамнан COVID-19 анықталған. Оның ішінде белгілері бар - 2731, белгілері жоқ - 1166. Өткен тәулікте 4 оқиға тіркелді. Тәуліктік өсім 0,1 %-ды құраса, соңғы 7 күн ішіндегі күнделікті орташа өсім де 0,1%-ды құрады. Індеттен жазылып шыққандар саны – 3735.

Сондай-ақ пневмонияға шалдыққан 261 адам стационарларда жатыр.