07 Қараша, 2013

Судья – сот жүйесіндегі басты тұлға

740 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғалы бері мемлекет тарапынан сот саласына барынша қолдау мен қамқорлық жасалып келеді. Жүргізіліп жатқан реформалар мен өзгерістер қаншама! Соған қарамастан, соттардың жұмысы әлі де көңіл көншітпейді, жұртшылықтың оған деген сенімі төмен. Неге? Мұның қандай да бір себебі бар ма? деген сұрақ көпшілікті мазалайтынын естіп жүрміз.

5бетке

01-Бекет Тургараев

Тәуелсіздік алғалы бері мемлекет тарапынан сот саласына барынша қолдау мен қамқорлық жасалып келеді. Жүргізіліп жатқан реформалар мен өзгерістер қаншама! Соған қарамастан, соттардың жұмысы әлі де көңіл көншітпейді, жұртшылықтың оған деген сенімі төмен. Неге? Мұның қандай да бір себебі бар ма? деген сұрақ көпшілікті мазалайтынын естіп жүрміз.

Ата Заңымызда айтылғандай, биліктің бір тармағы саналатын сот жүйесі – елімізде адам құқығы мен бостандығы сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің бірден-бір кепілі. Сондай кепілдік пен әділеттілік болғанда ғана қоғам дамып, өркендейді.

Сот жүйесіндегі негізгі қозғаушы күш, басты тұлға судья болып табылады. Соңғы кездері сот саласына қатысты айтылып жүрген сын-ескертпе, кемшілік, көңіл толмаушылық, тіпті тыйылмай келе жатқан парақорлық пен сыбайластық фактілері де осы судьяның жұмысына, іс-әрекетіне қатысты болып отыр. Әрине, сыбайластық пен парақорлық, тамыр-таныстық тек сот жүйесіне ғана тән деуден аулақпыз. Ол – бүкіл қоғамды жайлап отырған дерт. Әйтсе де оның сот саласындағы зардап-залалы ауыр. Өйткені, мұнда адамдардың құқығы мен бостандығы қорғалып, тағдыр талайы шешіледі.

Қалыптасқан тәртіп бойынша бүгінде елімізде судьялыққа үміткерлер барынша қатаң таңдау, іріктеуден, бірнеше сатылы сүзгіден өткізіледі. Соған қарамастан оның қатарына кейбір жаны мен ары таза емес, суық қолды адамдардың өтіп кетіп, ондайлар артынан сыбайластық және парақорлық сияқты қылмыстық әрекетімен әшкере болып, «бір қарын майды бір құмалақтың шірітетініндей» бүкіл саланың атына кір келтіріп, дақ түсіріп жатқаны жасырын емес. Сондықтан біздің ойымызша, судьялыққа үміткерлерді таңдау жүйесінің жұмысын әлі де қатаңдатып, оның ең соңғы сатысы саналатын Жоғарғы Сот кеңесі қазіргідей негізінен қоғамдық сипатта емес, кәдімгі штаттық негізде құрылып, ол кеңесті тәуелсіз, ешкімге бұра тартпайтын турашыл, зейнеттік демалыстағы судьялар мен прокурорлар, басқа да тәжірибелі заңгерлерден жасақтаса дұрыс болар еді. Оған, тіпті, Жоғарғы Соттың ықпалы жүрмейтіндей болуы керек. Сондай-ақ, Жоғарғы Сот кеңесі төрағасы қызметіне де елге, халыққа танымал, беделді, туралықтан таймайтын, зерделі де зейінді азамат сайланғаны жөн.

Ал, Жоғарғы Сот көптеген шет мемле­кеттердің дәстүр-тәжірибесіндей судьяны таңдау ісінен тыс болып, тек сот төрелігін жүзеге асырумен ғана айналысуы тиіс. Сот төрелігі мен кадр таңдау ісі бір жерден шешілгенде әділдік таразысының тең бо­лып, жағдайдың оңалып кеткенін көрге­ні­міз жоқ. Олай болса, біраздан бері айты­лып келе жатқанындай судьялыққа үміт­кер­­лерді іріктеп, шешу құзыреті түбегейлі Жо­ғарғы Сот кеңесіне жүктелгені жөн болар еді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев судьяның ары мен жанының таза болуы керектігін, сот жүйесінің ха­лық алдындағы абыройы мен беделі, жұ­мы­­­­­сының сапасы мен деңгейі судьяның білік­тілігіне, парасат-пайымына тікелей бай­­ланысты екенін ұдайы айтып келеді. Ол бұл мәселені судьялардың соңғы екі съе­зінде, жыл сайынғы жолдауларында, сот­тың жұмысына қатысты басқа да сөй­ле­ген сөздерінде назардан тыс қалдырған емес.

Бұл орайда, Елбасымыздың судьялар­дың IV съезінде сөйлеген сөзінде: «Қоғамда Фемидаға деген жұртшылықтың сенімі әлі де төмен. Сот саласындағы келеңсіздік, былық-шылық тыйылмай отыр. Судьяның жұмысының сапасына, оның моральдық бет-бейнесіне деген көңіл толмаушылық жетіп артылады», – деп айтқаны еске түседі.

Осы сияқты, Президент республика судьяларының өткен V съезінде сот саласындағы ең өзекті деген алты мәселені көтеріп, оларды төмендегіше санамалап көрсетіп берді:

«Біріншісі – бұл сот корпусына адал емес адамдардың келу жағдайлары. Судья кадрларын іріктеудің қолданыстағы жүйесі – біршама күрделі елеуіш болғанымен, судья қоғамдастығы өзін кездейсоқ адамдардан толықтай қоршай алмай отыр.

Ал адал және ең бастысы, сатылмайтын сот билігінің болуы елдің бүкіл құқықтық жүйесінің сапалы жұмысының міндетті шарты болып табылады.

Екінші мәселе – бұл жекелеген судьялардың жеткіліксіз кәсіби деңгейі мен моральдық-этикалық бет-бейнесі.

Үшінші мәселе – бұл сот төрелігін жүргізудің сапасына көңіл толмаушылық пен кінәрат қоюдың бар екені. Бұл жерде әңгіме сот саласындағы былық-шылық, соттың қателіктері, тіпті кей ретте заңнаманы бұзу жағдайларының ұшырасатыны туралы болып отыр.

Төртінші мәселе – сот өндірісінің жеткілікті түрде жетілмегендігі жөнінде. Қазақстандық соттың әділеттілігі осыған байланысты болмақ.

Бесінші мәселе – сот шешімдерін орындау деңгейі мен сапасы жайында. Сот билігінің беделі мен ықпалдылығы тікелей осыған байланысты.

Алтыншы мәселе – заңнаманың жай-күйінде жатыр. Сот дауларын туғызатын себептердің бірі – қолданыстағы құқықтың жетіспеушіліктері мен кемшіліктері болып табылады», – деді.

Қарап отырсақ, көтерілген алты мәс­е­ленің тең жартысы, яғни үшеуі судьяның жеке тұлғасына қатысты екен. Демек, бұдан шығатын қорытынды, сот жүйесін жөндеу үшін ондағы адам факторына, судьяның рөлі мен қызметіне жете мән беріп, жауапкершілігін де, мәртебесін де көтеру қажет.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Конституциясының 79-бап, 2-тарма­ғын­да: «Республиканың жиырма бес жасқа толған, жоғары заң білімі, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс стажы бар және біліктілік емтиханын тапсырған азаматтары судья бола алады» деп көрсетілген. Осыған байланысты судьялардан және жұртшылық тарапынан талайдан осы бапқа өзгеріс енгізіп, төменгі жас мөлшерін 30-ға көтеру керек деген ұсыныс айтылып келеді. (Бұл мәселені кезінде мен рес­публика Судьялар одағының төрағасы ретінде IV съезде көтергенмін. Оны деле­гаттардың көпшілігі қолдаған). Өкі­нішке қарай, тиянақты шешімін тапқан жоқ. Олай дейтініміз, 22-23 жасында оқу бітіріп, небәрі 2-3 жыл қызмет жасаған азамат, қысқа уақыт ішінде оң-солын та­нып үлгермейді. Тіпті, үздік оқып, білім алған күннің өзінде, оған өмірлік тәжі­рибе жетіспейді. Мұның ақыры кейде ал­бырттықпен, жастықпен шалағай да асы­ғыс үкім шығару, әлдебіреудің тағды­рына ауыр соққы тигізіп, орны толмас өкінішке, қателікке апарып соқтырып жатады. Ал, отыз жаста қанша айтқанмен адам ақыл тоқтатып, біршама тәжірибе жинақтап қалады. Мұндай талап бір жағынан өмірде көріп жүргеніміздей кейбір шенді-шекпенділер мен қалталылардың шала-шарпы оқу бітіріп, тиіп-қашып жұмыс істеген, бойы келгенмен ойы келмейтін дүмбілез балаларын «25 жасқа толды ғой», деп тамыр-таныстықпен судьялыққа тықпалауына аз да болса шектеу қояды. Съезде айтылған ұсыныс бойынша төменгі шегі 30 жасқа көтерілмегенімен, тәжірибесі мол білікті судьялардың жетпіс жасқа дейін қызмет етуіне болады деген өзгеріс енгізілді. Бірақ, бұл өзгерістің әзірге жүзеге асырылуы мардымсыз. Орындалуы жоқтың қасы. Республика көлемінде ондай тәжірибелі, өз саласының білгір маманы болған, денсаулықтары жарамды қаншама судья шетқақпай болып зейнеттік демалыс­та жүр. Істердің сапалы жүргізілуіне, жалпы сот жүйесінің имиджін көтеруге, кейінгі толқын судьяларды үйретіп, тәрбиелеуге олардың көп көмегі тиер еді. Өкінішке қарай, 2010 жылы асығыстықпен көптеген тәжірибелі судьялар қысқартуға ұшырап, одан саланың жұмысына кәдімгідей нұқсан келгені көпшілікке мәлім.

Әлемнің көптеген дамыған, өркениет­ті елдерінде құқық қорғау орындары қыз­­меткерлерінің материалдық жағдайы­­на ерекше мән береді. Өздерінің саяси тұрақтылық, ғаламат экономикалық-әлеу­меттік дамуымен әлемді таңдандырып, «Азияның жолбарыстары» атанып отырған Сингапур, Малайзия, Тайвань, Гонконг және Оңтүстік Корея елдерінде судьялардың қоғамдағы мәртебесі айқындалып, жоғары деңгейге қойылған. Мысалы, Сингапурда судьялардың жылына алатын жалақылары 1 миллион долларға дейін өсірілген. Сон­дықтан оларда судьяның пара алуы деген түсінік жоқ. Әлгіндей жалақы алып, барлық жағдай жасалынған әрбір судья мұндай артықшылықтардан айырылып, абыройы айрандай төгілмес үшін барын салып жұмыс істеп, адал қызмет етуге ұмтылады.

Ендеше, Мемлекет басшысы бір кезде «арзан сот қымбатқа түседі» деп айтқандай, қалыптасқан ахуал бізде де судьялардың жалақысын, материалдық жағдайын биік деңгейге көтеру қажеттігін меңзейді.

Айтқандай-ақ, «Нұр Отан» партия­сы­ның таяуда өткен съезінде сөйлеген сөзінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтеру – жемқорлықпен күресу шарала­ры­ның бірі екендігіне тоқтала отырып, «ол осы табыс есебінен отбасын асырауы қажет. Сонда оған қарабет болып, өмір бойы мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеуден айырылудың қажеті қанша. Бұл біздің ортақ ісіміз», – дегенді айтты.

Әрине «таяқтың екі ұшы бар» демекші, судьялардың жағдайын жақсартумен қатар, олардың заң алдындағы, халық алдындағы жауапкершіліктерін де күшейту керек. Заңсыздыққа жол берген, пара алған, ауыр қылмыстар жасаған судьялар басқалардан гөрі қатаң жазалануы тиіс.

Бізде бүгінде аудандық соттан бастап, Жоғарғы сотқа дейін барлығы дерліктей сәулетті де, сәнді ғимараттарға көшіріліп, судьялардың жұмыс істеулеріне барлық жағдайлар жасалынған, олардың жұмыс орындары компьютермен, интернет желісімен, басқа да автоматты жүйелермен қамтамасыз етілгені белгілі. Солай бола тұра судьялар өздеріне бөлінген істерді дер кезінде қарап үлгере алмай жатады. Неге? Өйткені, жүктеме шектен тыс ауыр. Мәселен, кейінгі бір мәлімет-деректер бо­йынша Астана, Алматы және Қарағанды, Шымкент сияқты ірі қалаларда әрбір судьяның ай сайынғы жүктемесі 150 істен айналады екен. Қарапайым арифметикаға жүгінсек, мұндай жүктемені орындауы үшін әр судья күніне жеті-сегіз істі қарап, тиісті шешім шығарып отыруы керек. Мұндай ауыртпалық жағдайда судьядан сапалы жұмыс күтуге бола ма? Бір жағынан бұлай жүктеменің тым көбейіп кетуіне жоғарыда аталған асығыс әрі орынсыз қысқартудың әсері болғаны анық. Демек, «басқа салды, біз көндік» деп отыра бермей, осы шаруаға құқықтанушы ғалымдар мен мамандарды тартып, азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, экономикалық, жасөспірімдер істері бойынша жүктеменің тиімді де ұтымды ортақ еңбек нормативін ғылыми тұрғыдан жасап, соған сәйкес судьялардың штаттық санын айқындап, белгілеген дұрыс болар еді.

Бұған қоса, жасыратыны жоқ, бізде судья­­лардың істерді қараудың процес­­­суал­­дық формасы мен үлгісі баяғы Кеңес өкі­меті кезіндегідей ескіше. Бір істі қарау ба­рысында пәленбай беттен тұратын үкім мен шешім толтырып, әуре-сарсаңға түсіп жатады. Былайша айтқанда, уақытты текке шығындап, қағазбастылыққа жол беріледі. Про­цесс үстінде судья протоколдың дұ­рыс толтырылуына алаңдап отырады. Бұл сайып келгенде, жұмыстың сапасына шы­­­ғарылатын үкім-шешімнің объек­тив­ті­­лі­гіне тікелей әсер ететін заңды құжат. Мұ­ны да ғылыми-практикалық тұрғыдан қа­­растырып, дамыған елдердің тәжірибе-үлгі­сіне зер салып, оңтайлы жолын тапқан абзал.

Осы сияқты, бізде белгілі бір катего­риядағы істерді қарауда сот практикасының тұрақсыздығы, яғни ортақ тәжірибенің болмауы да судьялардың жұмысына нұқсан келтіріп жүр. Әрі бұл соңғы жылдары қатты белең алып құбылып тұр.

Сот саласындағы айтпай кетуге болмайтын ендігі бір өзекті мәселе – бұл судьяларға жасалатын әкімшілік ықпал мен қысым және олардың ісіне орынсыз да заңсыз араласу. Бұл ащы да болса бізде бар және орын алып отырған шындық. Оны жасырып, бүркемелегеннен ештеңе ұтпаймыз және қолға алып жөндемесе жағдай өзінен өзі түзеле қоймайды. Сырттан болатын нұсқаулар мен қоңырау шалуларды айтпағанда, соттың өз ішіндегі басшылық тарапынан болатын әкімшілік ықпал мен қысымның өзі жеткілікті. Алысқа бармай-ақ, мұның нақты мысалы мен көрінісі жуырда мәдениеттің, ғылымның үлкен ордасы саналатын Алматыда, оның қалалық сотында орын алды. Мұның аяғы неге апарып соқтырғаны жұртқа мәлім.

Бұл түйінді шешудің бірден-бір жолы – судьяларға жасалатын әкімшілік ықпал мен қысымды заңды түрде шектеу және тү­бегейлі жою. Оның механизмдері мен тетік­терін іске қосу болып табылады. Ол үшін сот төрағалары (алқа төрағалары да) өркениетті елдердегідей судьялардың өз ішінен тәжірибелі де беделді, адал да, таза судья ауысып тұру ретімен белгілі бір мер­зімге сайланып отыруы тиіс. Және де оның негізгі міндеті сот жұмысын ұйым­дас­ты­рып, үйлестіріп отырумен ғана шек­те­ліп, судьялардың шешім шығаруына, ішкі істе­­рі­не араласпайтындай, араласса ол қыл­мыс саналатындай болуы керек. Осылай ет­­кенде ғана біз қазіргідей төрағалардың өз­дерін «бастық» сезінетіндей билік пен әкімшілік қысым мен ықпалынан арыламыз және олардың төралығын төбесіне қойып, сонау Оралдан – Таразға, Алматыдан – Ақтауға немесе керісінше төрағалыққа ауы­сып, сапырылысып жатуының қажеттілігі болмай қалады. Жасыратыны жоқ, қазіргі Жоғарғы Сот кеңесінің іс-тәжірибесінде кейбір келеңсіз жағдайлар кездесіп жатады. Мәселен, қандай да бір судьялық орынға конкурс жарияланады да оған лайықты кандидатураны таңдау кезінде таңғаларлық шешім шығарылады. Және бұған әлдебір мықтының ықпалы болғаны сезіледі.

Жалпы, бізде сот жүйесіне, басқа да салаларға қатысты заңдардың қағаз жүзінде жазылуы жақсы. Олар уақыттың талабымен үндесіп, жетілдіріліп, толықтырылып отырады. Тіпті, Ата Заңымыздың 77-бабында: «1. Судья сот төрелігін асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға бағынады. 2. Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді», деп тайға таңба басқандай нақты көрсетілген. Сондай Конституциялық биік талап қойылған. Алайда, бұл талаптардың іс жүзінде орындалуының әлсіз, нашар екенін судьялар да, жұртшылық та жақсы біледі. Сондықтан осыны қадағалап, бақылаудың, жүзеге асырылуын қамтамасыз етудің қандай да бір механизмі мен жолдарын ойластыру қажет-ақ.

Біздің ойымызша, халықтың сот сала­сына сенімінің төмен болуының тағы бір себебі, көпшілік әлі де оған тек жазалау­шы орын деп қарайды. Себебі, бізде ақтау­дан гөрі соттау басым. Мұны тым терең­де­мей-ақ мына мәліметтер аңғартып тұрған­дай. Батыстың дамыған елдерінде сотта қа­ралған істердің 40-50 пайызына ақтау үкімі шығарылатын болса, бізде ол көр­сеткіш 8-9 пайызды ғана құрайды. Мына тұрған көршілес Ресейдің өзінде 20 пайыз деңгейінде. Осы бағытта да мақсатты жұ­мыс жүргізгеніміз өз нәтижесін берер еді.

Кәсіптік білім мен біліктілікке, көре­ген­дік пен сезімталдыққа байланысты болатын, ара-тұра кездесіп қалатын судья­ның қателігі, асығыс үкім шығаруы да өз алдына бөлек әңгіме. Бұл жөнінен жақын­да ғана мынадай мәлімет келтірілді. Рес­публика бойынша өткен 9 айдың ішінде судьялардың қателігінен 2 мың адам зардап шегіпті. Бұл аз сан емес. Осыншама адамның өмірі мен тағдыры деген сөз.

Республикадағы сот жүйесінің бүгінгі жағдайына алаңдаушылық білдірген Елбасымыз таяуда Жоғарғы Соттың басшы­лығына білікті заңгер, тәжірибелі судья Қайрат Мәмиді қайта тағайындады. Ақи­қатын айтар болсақ, Қайрат Мәми Пар­ламенттің жұмысына қанығып, саясатпен де суарылып, бұрыңғыдан да шыңдалып тәжірибе жинақтап қайтты. Басқаны қайдам, менің өзім ұзақ жылдар бірнеше облыстық соттың төрағасы болып және басқа да жауапты басшылық жұмыстар атқарып, онымен қызметтес болғанда байқа­ғаным, Қайрат Әбдіразақұлы сот саласының барлық сатыларынан өткен, оның мүмкіндігі мен потенциалын және осал, кінәратты тұстарын жақсы білетін кәсіпқой заңгер судья, адамгершілігі мол, парасат-пайымы жоғары, ерік-жігері мықты азамат. Ол биліктің үлкен және жауапты тармағы саналатын Сенатты басқарып, Елбасыдан мол тәлім-тәрбие алып, озық өнеге көріп, қоғамымыздың мұң-мүддесін, талап-тілегін, бағыт-бағдарын бұрынғыдан да тереңірек түсініп, біліп қайтты. Сол себепті Қайрат Мәми Президентіміз талап етіп отырғандай және халықтың сұранысына сай Жоғарғы Соттың, жалпы республикадағы сот жүйесінің жұмысын биік деңгейге көтереді деген сенімдемін.

Жаңа төраға өзінің алғашқы жұмыс кеңесінде конституциялық талаптарға сәйкес судьяның мәртебесін түбегейлі нығайту, артық әкімшілдік ықпалдан бас тарту және сот төрелігін жүзеге асыру ісіне араласпау, қандай да бір қол сұғушылыққа жол бермеу керек деген мәселелерді көтеруі біздің жоғарыда айтып өткен ойларымыз мен ұсыныстарымыздың дұрыс екенін аңғартқандай.

Сөз соңында Судьялар одағы туралы да бірер пікір айта кеткім келеді. Бұл аты айтып тұрғандай республика судьяларының басын біріктіретін, сот саласында көкейтесті мәселелерді көтеріп отыратын қоғамдық ұйым. 1996 жылдан бері бес съезд өткен болса, оның қай-қайсысында да сот жүйесіне және судьялардың қызметіне қатысты талай маңызды мәселелер көтеріліп, орынды ұсыныстар айтылды. Алайда, шынын айтқанда, олардың қолға алынып, іске асырылуы көңіл толарлықтай емес. Бұл ретте судьялардың өзара пікірлер алмасып, тәжірибе бөлісіп отыратын мінбері болуға тиіс «Заңгер» журналының негізгі бағыт-бағдардан ауытқып, ғылыми бюллетеньге айналып кеткенін, сондықтан оған мәжбүрлеп жаздыру фактілерінің орын алып отырғанын айтқан жөн. Осы сияқты «тәні саудың жаны сау» демекші, судьяларды спортпен айналысып, сергек болуға шақыратын, ынтымақтастыққа бау­литын елеулі бір іс-шара спартакиаданың да бәсеңсіп қалғаны көпшілікке мәлім. Бұдан келіп енді Судьялар одағының жұмысын жандандырып, оның әлеуеті мен мүмкіндігіне қарай қоғамдық ұйым ретіндегі рөлі мен ықпалын арттырудың қажеттігі туындайды.

Басты тұлға салиқалы судья өзінің адал қызметімен, кәсіби біліктілігімен сот­тың беде­лін өсіреді. Олай болмаған жағ­дай­да судья керісінше беделін түсіреді. Сот беделі – мем­лекеттің беделі. Ал, мемлекеттің бедел-абыройы қоғамның дамып гүлденуінің алғышарты.

БекетТҰРҒАРАЕВ,

Қазақстан Республикасының

еңбек сіңірген заңгері.

Соңғы жаңалықтар