07 Қараша, 2013

Қарақшыдағы қарақшылық немесе сен кімсің, «Х мырза»?

542 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Балықты – Түлкібас ауданына қарайтын, сай ішіндегі өзен бойын жағалай жатқан үлкен ауыл. Аты Балықты болғанымен, былайғы жұрт оны «Балықшы» деп атайды. Осы ауылдан төрт-бес шақырым қашықтықта Қарақшы деген жер бар. Егер сіз Алматы жақтан көлікпен келе жатсаңыз, Жаскешу ауылы мен Састөбе зауытының бұрылысына дейінгі жазықта жатқан шағын көлді бірден көрер едіңіз. Міне, сол көлдің жағасын, яғни Қарақшы деген жерді бүгінде Кәрімбаевтар әулетінің жеке-дара жайлап отырғанына бірнеше жылдың жүзі болды.

 

Балықты – Түлкібас ауданына қарайтын, сай ішіндегі өзен бойын жағалай жатқан үлкен ауыл. Аты Балықты болғанымен, былайғы жұрт оны «Балықшы» деп атайды. Осы ауылдан төрт-бес шақырым қашықтықта Қарақшы деген жер бар. Егер сіз Алматы жақтан көлікпен келе жатсаңыз, Жаскешу ауылы мен Састөбе зауытының бұрылысына дейінгі жазықта жатқан шағын көлді бірден көрер едіңіз. Міне, сол көлдің жағасын, яғни Қарақшы деген жерді бүгінде Кәрімбаевтар әулетінің жеке-дара жайлап отырғанына бірнеше жылдың жүзі болды.

Дәм бұйырып, тағдыр айдап, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында көптеген жылдар бойы еңбек еткен Тұрсынбек Кәрімбаев ақсақал бертінде туған жеріне оралып, Қарақшыға қазық қаққандағы басты мақсаты – шаруа қожалығын құру, жылқы шаруашылығымен айналысу болды. Сөйтіп, көп өтпей-ақ, көл жағасындағы қалың ағаштың арасынан үлкен қымызхана ашты. Екі баласын жұмылдырып, әжептәуір жерге егін екті, мал басын көбейтті, ауылдың бірнеше адамына жұмыс берді. «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген, ақсақал басқаратын «Әмір» шаруа қожалығы жоқ-жітікке қарасып, жол салу, басқа да көпшілік жұмылған істерге қаржылық қолдау көрсетіп отырды. Осыдан кейін бұл ауыл Тұрсынбек қарияны іскер де қайырымды жан ретінде жақсы тани бастады.

Әңгімеміздің басы Балықшыдан басталды ғой, осы ауылда ел атын айтуға қорқатын, тіпті үйінің қай жерде екенін саусағын шошайтып көрсетуге жүрексінетін бір кісі бар. Неге қорқады, неден сескенеді, біздің білгеніміз, жұрт ол кісіні қылмыстық авторитеттермен байланыстырады. Әйтеуір, ол отбасымен ерегіскендердің соңы жақсы болмайды екен. Елдің айтуынша, бұл үйге кірген малдың да, жанның да қайтып аман-сау шығуы өте қиын көрінеді. Тіпті құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өзі бұл отбасымен байланысудан қорқады-мыс. Ұлты басқа, бірақ қалың қазақтың арасында отырса да бәрінің «жүрегін» алып қойған осынау жанды тергеу ісі әлі аяқталмағандықтан, біз де аты-жөнін атамауды жөн көрдік. Жай ғана «Х мырза» дей салдық.

Өткен жылдың қараша айында кешқұрым Тұрсынбек қария жайылып жүрген жылқысына алыстан дүрбі салып қарағанда, малды біреулердің айдап бара жатқанын байқап қалады. Біреуге хабарлауға уақыт тығыз, дереу соңынан қуа жөнелген. Сөйтсе, малды алдарына салып алғандар «Х мырзаның» баласы, күйеу баласы мен жалшысы екен. Қарияның жөн сұрап, малды әрі-бері қақпайлағанына қарамастан, сол күйі 51 бас жылқыны әкеліп қораға қамайды. Осы жерде айқай-шуды естіп, үйден «мырзаның» өзі шыққан. Кәрімбаевтардың редакцияға жазған арызына қарағанда, «мырза» мұның көзінше жігіттеріне: «Шалды ұрып-соғып, өлтіріңдер», деп тапсырма берген көрінеді. Жігіттер жабыла кеткен, ауыр соққыдан шал есінен танып қалады. Көзін ашса, қораның ішінде жылқылардың шетінде жатыр екен.

Содан көп жылқымен бірге қамалған ерттеулі атына әрең мініп, қорадан қашып шығады. Артынан әлгілер қуған, бірақ ақсақал атының мықтылығының арқасында аман құтылады. Ал, содан соттасу... Осы істі қараған Түлкібас аудандық соты судьяларының бас­тары әбден қатса керек. Өйткені, күдіктілер: «Шалды ұрғамыз жоқ, жылқысы егінімізге түскеннен кейін әкеліп қамағанымыз рас. Тіпті, учаскелік полицияға да телефон шалдық. Бірақ, телефонын көтермеді. Ал, шалдың өзі үйіне кетіп бара жатып, аттан құлап қалған болуы керек», деп кінәларын мойындамайды. Бұл жақ: «Ұрды, өлтірмекші болды», деп дау­лайды. Екі жақтың да бірнеше куәлері бар. Сонымен не керек, ақырында аудандық сот «мырзаның» күйеу баласы мен жалшысын кінәлі деп тауып, шартты жазаға кеседі. Бірақ, не құдіреті бар екенін қайдам, соттың үкімінде «Х мырза» мен оның баласы туралы, олардың қандай жазаға тартылғаны туралы бір ауыз сөз жоқ. Біздің елден естігеніміз, олар бұл кезде бой тасалап кеткен көрінеді.

Балықшы сол кезде бір дүр етіп, бұл дау талай «құдайы шайдың» қызу әңгімесіне тамызық болған-ды. Одан бері де бір жылдай уақыт өтіп, оты енді-енді басыла бергенде, ойламаған жерден оқиға қайтадан лап ете қалды. Биылғы жылдың қыркүйегінде өрістен Тұрсынбек қарияның 12 бас жылқысы ұрланады. Қазір барлық ауылда мал ұрлығы өршіп тұр ғой. Көзбен көріп, қолмен ұстап алмаған соң кімнен көреді? Әйтсе де осы жерде аудандық полицияның қызметкерлері қарияға: «Жылқыңызды бағып жүрген Нұрбол деген жігіттің өзінен күдіктенбейсіз бе?» деген сауал қояды. Бұл ойланады. Нұрболдың әке-шешесі кезінде мұның қолында жұмыс істеген. Тірлігіне тап-тұйнақтай, біреудің ала жібін аттамайтын адал әрі момын жандар. Осындай жанның баласы бұған қаскүнемдік жасауы мүмкін бе? Мүмкін емес сияқты. Бірақ, жылқышы баланың жанары қайта-қайта жыпылықтай бергенінен бір секем алып қалғаны рас еді. Бұл қалай болғаны сонда? Қысқасы, полиция жылқышы жігітті тергеу­ге алады, ол көп ұзамай-ақ болған жәйттің бәрін айтып береді. Сөйтсе, 12 жылқыны түн ішінде біреулер қорқытып-үркітіп алып кеткен. Кімдер дейсіз ғой? Баяғы «Х мырзаның» баласы, бостандыққа шыққан баяғы жалшысы, тағы бір-екі жігіт бар. «Сол жолы Нұрбол полицияға осының бәрін жазып беріп, шалым Тұрсынбек екеуі үйге келді. Шалым жылқышы баланың ақ болып шыққанына, нағыз ұрылардың табылғанына бір жағы қуанып та қалды. Ертеңіне Нұрбол үйге қайтадан келіп: «Ата, әке-шешем «мені сотталып кетеді, сізден ұят болды» деп уайымдап жатыр. Сіз барып, менің кінәм жоқ екенін бір ауыз айтыңызшы. Көңілдері орнына түссін», деген өтініш айтты. Тұрсекең көліктің руліне өзі отырып, Нұрболды ертіп, сол жаққа кетті. Содан кейін түнімен хабар болмай қалды», дейді редакцияға жазған арызында Тұрсынбек қарияның бәйбішесі Тұрсынкүл Кәрімбаева.

Таңертең Тұрсынбек Кәрімбаевтың өлі денесі табылды. Өз көлігінің рулінде отырған қарияға біреу 20-дан астам рет пышақ сұққан. Соңғы соққыны жүрек тұсынан ұрған екен, пышақ кеудеге қадалған күйі қалыпты. Ал, жылқышы жігіттің денесі көліктен 300 метр­дей жердегі ағаштағы жіпке асылулы тұрған күйі табылды.

«Ертеңіне-ақ ауыл полицияға толып кетті. Олар бірден біз күдіктеніп жүрген, әлгі жылқымызды ұрлады деген адамның үйін қоршап алып, ешкімді жібермеуге тырысты. Яғни, олар ұлтаралық араздық тұтанып, бір сойқан болып кете ме деп қорықты. Естуім, ол кісі баласы екеуі қазір ауылға мүлдем келмейді. Ал, полиция тергеуді мүлдем басқа жаққа бұруда. Байқауымша, менің шалымды жылқышы жігіт өлтірді, содан кейін оның өзі асылып өлді дегенге келтіретін сияқты. Мен мұнымен келіспеймін. Біріншіден, ешқашан да жылқышы жігіт пен менің шалымның арасында түсініспеушілік болған емес. Екіншіден, шалымның жасы жетпістен енді асса да өмір бойы аттың үстінде жүрген оның бір жігітпен алысуға шамасы келетін. Қарулы еді. Бұл жерде басқа біреулер араласқан сияқты. Ең жаманы, Нұрболдың кезінде полицияға жылқыны кім ұрлағаны туралы жазып берген түсініктемесі жоғалып кетіп отыр. Шалым «Түн ішінде үш адам мылтық атып қорқытып, жылқыны алып кетті», деп жылқышы олардың кімдер екенін атын атап, түсін түстеп жазып берді» деп келген болатын», дейді көз жасына ерік берген Тұрсынкүл апа.

Иә, бұл іс бойынша біз ОҚО ІІД тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Еділ Алтынбаевпен сөйлестік. «Дәл қазір тергеу жүріп жатыр. Бұл оқиға жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы бас араздығы салдарынан болуы мүмкін деген болжамымыз бар. Нақты ештеңе айта алмаймын, сот сараптамасының қорытындысын күткен жөн», дейді тергеуші. «Кезінде Нұрбол Балқыбек полицияға жылқыны кімдер ұрлағаны туралы жазбаша түсініктеме берген екен. Бұдан хабарыңыз бар ма?» деп сауал қойғанымызда: «Менің одан хабарым жоқ, бұл мәселемен Түлкібас аудандық полициясы айналысуда. Солардан сұраңыз», деген жалтарма жауап қайтарды. Ал, Түлкібас аудандық полициясына хабарласқанымызда телефон тұтқасын көтергендер бір-біріне сілтеп, ақырында мардымды жауап ала алмадық.

Міне, бар болған оқиға осы. Әрине, біз бұл жерде тергеу ісінің әділдігіне күмән келтіріп тұрғанымыз жоқ. Бәрін уақыт көрсетеді. Бұрын-соңды Балықшы ауылын біреу біліп, біреу біле бермейтін. Әйтсе де, осы жылдың басында Балықшыдағы бір оқиға елді дүр сілкіндіргені әлі есімізде. Ауылдағы екі отбасының арасында жер дауы тұтанып, ашынған қазақ жігіті төрт бірдей адамды мылтықпен жер жастандырып, артынша өзіне-өзі қол салған болатын. Міне, Балықшы тағы да оқыс оқиғасымен жұрттың назарын аударып отыр. Алла ақырын берсін, әйтеуір! Әйтсе де, бұл оқиғаның ақ-қарасын анықтап, барлық іске әділ қарауды құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арына қалдырдық.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар