Тағайындау • 28 Қыркүйек, 2020

Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалының төрағасы тағайындалды

1462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, белгілі ақын, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы болып тағайындалды деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалының төрағасы тағайындалды

Орал қаласында Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының отырысы өтіп, оған Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет және төрағаның орынбасары Мереке Құлкенов қатысты.

Ұлықбек Есдәулет биыл 80 жасқа келген ақын Айтқали Нәріков пен жергілікті филиалды осы кезге дейін басқарып келген Ақұштап Бақтыгерееваға жемісті еңбегі үшін алғыс айтып, шапан мен камзол жапты.

Бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов сөз алып, қаламгерлер ұйымының жергілікті бөлімшесін бірнеше адамның кандидаты түскенін, одақ секретариатының бірауыздан шешімімен филиал директоры болып ақын Бауыржан Халиолла тағайындалғанын жеткізді.

Отырыста оралдық қаламгерлер де сөз алып, филиал алдында тұрған міндеттер мен шешімін күткен мәселелерді ортаға салды. Ақын Ғайсағали Сейтақ Жазушылар одағы секретариатының шешімімен келісетінін айтып, жаңа басшының жұмысына сәттілік тіледі.

Осы күні Қазақстан Жазушылар одағы мүшелерінің қатары қос жас ақынмен толықты. Олар – республикалық ресми мүшәйраларда бас жүлде алған талантты жас ақындар Айбол Исламғали мен Талғат Мықи.

Бауыржан Халиолла бізбен әңгімесінде таяу болашақта жүзеге асырғалы отырған жоспар-жобалары бар екенін жеткізді. Соның бірі – Орал қаласында ақын Қасым Аманжолов тұрған тарихи үйді «Қасым мен Абдолла атындағы Әдебиет үйіне» айналдырып, музей ретінде ашу. Бұл жөнінде болашақта кеңірек тоқталатын боламыз.

 Батыс Қазақстан облысы