Қоғам • 28 Қыркүйек, 2020

"Алматы – Ұлан-Батыр" жаңа әуе рейсі ашылды

790 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Жалғас Әділбаев Моңғолия Үкіметінің Атқарушы агенттігі – Азаматтық авиация бас басқармасы және "Хунну эйр" әуе компаниясының басшылығымен бірге аталған компанияның "Ұлан-Батыр – Алматы – Ұлан-Батыр" бағытындағы әуе қатынасын ашуға арналған баспасөз конференциясына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Алматы – Ұлан-Батыр" жаңа әуе рейсі ашылды

Елші өз сөзінде Қазақстанның ең ірі мегаполисі мен Моңғолияның астанасы арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуымен құттықтап, 2019 жылғы 10 қазанда Нұр-Сұлтанда өткен Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин мен Моңғолияның Премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсухтың арасындағы келіссөздер барысында қол жеткізілген осы бағыт бойынша әуе қатынасын ашу жөніндегі уағдаластықтың толық орындалғанын атап өтті.

Аталған жаңа әуе бағыты екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және туристік салалардағы байланыстардың қарқынды дамуына мүмкіндік беретіні айтылды.

Бүгін "Хунну эйр" әуе компаниясының ұшағы "Ұлан-Батыр – Алматы – Ұлан-Батыр" бағыты бойынша алғашқы репатриациялық рейсті орындады. Әлемдегі эпидемиялық жағдай жақсарғаннан кейін ұшудың нақты жиілігі белгіленеді.