Қазақстан • 30 Қыркүйек, 2020

Төтенше жағдай ұтқырлықты талап етеді

1303 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Апат айтып келмейді ғой. Айтып келгеннің өзінде оның алдын алатын қал-қауқарымыз бірде болғанымен, бірде бола бермейді. Қандай да бір табиғи, не болмаса техногендік апатқа тап бола қалсақ санамыз сан-саққа жүгіріп, әлдекімнен әлдеқандай көмек күтеміз.

Төтенше жағдай ұтқырлықты талап етеді

Мұндайда өзіміз секілді ет пен сүйектен жаратылған нағыз батырлар қол ұшын созар еді. Олар – азаматтық қорғаныстың алдыңғы шебінде жүрген төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, бейбіт күннің батырлары. Бұл күштік құрылымның ірге қалағанына да биыл ширек ғасыр толып отыр.

Бүгінгінің ақиқаты – осы! Топан су жайылса, төтеп беретін, тілсіз жау бой бермей бара жатса, аптығын ауыздықтай алатын қалқанымыз бар. Бірақ бұл сала да ұдайы дамуды, түлеу мен түрленуді қажет етеді. Онсыз да, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуден қолы босамайтын Ішкі істер министрлігін артық өкілеттіктен арылтатын кез келді. Неге? Себебі ғылымы мен ілімі, әсіресе заманауи техникасы дамыған ХХІ ғасыр – табиғи жəне техногенді апаттар дәуірі саналады. Сондықтан аталған апаттарға осы азаматтық қорғаныс саласындағы жеке ведомствомыз болмай төтеп беру аса қиын.

Осы мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Қазақстан халқына Жолдауында да айрықша мән беріп отыр. Президент бұл саланың маңызын алға тарта отырып «Ішкі істер министрлігі құрылымын қайта қарап, оны саладан алшақ міндеттерден арылту керек. Бұл маңызды ведомство жұмысының тиімділігін арттырады. Біздің табиғи жəне техногенді апаттар дəуіріне қадам басқанымызды ескеріп, Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет деп санаймын», деген болатын.

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы жарияланғаннан кейін арада бір аптадан артық уақыт өткенде жаңа министрліктің құрылғаны туралы хабардар болдық. Осы жылдың 9 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігін құру туралы» Жарлығы жарық көрді.

Иә, Жолдауда берілген тапсырманы жүзеге асырудың жүйелі жұмысы жолға қойылды. Осылайша, биылғы 11 қыркүйекте Президент Төтенше жағдайлар министрі қызметіне бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымын атқарған Юрий Ильинді тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Алайда бұл ведомствоны жоқ жерден пайда болды деп айтуға тағы ауыз бармайды. Айтайық, елімізде бірнеше рет құрылып, бірнеше рет мәртебесі ауысқан органдарды еске түсіре қалсақ, алдымен осы азаматтық қорғаныс саласы ойға оралар еді. Кеңес өкіметі ыдырап, егемен ел болғанымыздан бергі жылдарда төтенше жағдайға жауапты орган комитет те, агенттік те, тіпті жеке министрлік те болып үлгерді.

Қош. Байырғы өкілеттілігі өзіне қайтып оралған жаңа ведомствоның ендігі жемісі мен жеңісі алдағы жылдарда тәжірибесімен тәнті еткен Юрий Ильиннің есімімен байланысты болмақ. Алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Елдегі тыныштық пен тұрақтылықты тұғырдан түсіріп алмау үшін де білек сыбана әрекет ету қажет. Себебі бұл саланың қызмет ауаны аса кең. Алуан түрлі апат бар. Тек өткен жылдың өзінде құтқарушылар Тараздағы көп қабатты үйдегі жарылыстың, Нұр-Сұлтан қаласында сүт комбинатының ғимаратындағы газ жабдықтарының, сондай-ақ Арыстағы әскери бөлімнің оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстардың салдарын жойды. Маңғыстау облысының «Қаламқас» мұнай кені орнындағы апатты жоюға қатысты. Ақмола, Алматы, Қарағанды және Павлодар облыстарында орын алған ірі табиғи өртпен күрес жүргізді. Бұған қоса елдегі тасқын және сел құбылыстарының салдарын азайту бойынша іс-шараларды қамтамасыз етті.

Алдымызда апат атаулының барлығын түгендеп шығу міндеті де тұрған жоқ. Ең алдымен Мемлекет басшысының Жарлығында айтылған «өрттің алдын алу мен оны сөндіру» мәселесін тілге тиек етсек пе дейміз. Себебі осы жылдың өзінде ел аумағында жеті мыңға жуық өрт оқиғасы тіркеліп отыр.

«Жығылатын жерімді білсем, сабан төсеп қояр едім ғой» демекші, қатердің қай күні, қай тұстан төнері әлі де беймәлім. Өткен жылы Ресейдің қара орманы отқа оранғанда «тілсіз жау» деп бекер айтылмаған екен ғой деп жағамызды ұстап едік. Яғни топан су қаншалықты қауіпті болса, айналасын жалмаған жалын да соншалықты қасірет. Осындай оқыс оқиғалардың алдын аламыз деп қаншама жүрек жұтқан азамат басын бәйгеге тігіп жүр.

«Нағыз өрт сөндіруші жүктелген міндеттерді атқару кезінде өзі туралы ойламай, басын қауіпке тігіп, адамдардың өмірін құтқаруы тиіс...». Бұл сөйлемді біз өрт сөндірушінің сонау 1909 жылғы лауазымдық нұсқаулығынан алдық. Содан бері бір ғасырдан астам уақыт өтті демесеңіз, төтенше жағдайлар қыз­метінің ұстанымы өзгере қойған жоқ. Бейбіт күннің батырлары баяғы­дай басын бәйгеге тігіп келеді. Бір қызы­ғы, Қазақстан аумағында осы өрт сөн­дірушілер туралы алғаш ХІХ ғасырдың соңында айтыла бастаған көрінеді. Тіпті мұрағат деректері 1934 жылы ел аумағында өрт сөндіруге арналған 18 автокөліктің болғанын айғақтайды. Ендігі күні еліміздегі өрт сөндіру қызметінің иелігінде 2836 бірлік (1557 бірлік негізгі, 340 бірлік арнайы, 939 бірлік  қосалқы) техника бар көрінеді. Яғни жүз жылдық жылнамаға жетер-жетпес уақытта арнайы техникамыздың өзі 18-ден 2836-ға дейін артты деген сөз! Соңғы рет өрт сөндіру техникасы өткен жылы сатып алыныпты. Ал бүгінде тілсіз жаумен арпалысып жүрген  өрт сөндірушілер саны елімізде 12 мыңнан асып жығылады.

Тәуелсіздік жылдары елімізде 350 мыңнан астам өрт оқиғасы болса, осы жылдың басынан бері 6960-тан астам өрт тіркелді. Өткен жылы елімізде орын алған өрттің саны 13922-ге жетті. Жыл сайын елімізде орта есеппен алғанда 15 мыңға жуық өрт болатын көрінеді. Құтқарушылар төтенше жағдай орнынан 8 мыңға жуық адамды құтқарып, 20 мыңнан астам адамды эвакуациялайды. Сондықтан бұл салада еңбек ететін маманның да, пайдаланылатын тех­никаның да артығы жоқ. Әр қызметкердің өзіне жүктелген міндеті, әр техниканың қолдану аясы белгіленген.

Иә, өрт сөндіру ісі қаншалықты маңыз­ды болса, соншалықты қауіпті. Оны еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін біледі. Соған қарамастан апатпен арпалысудан тайсалмайтын ер жүрек азаматтар арамызда әлі де бар. Бір өкініштісі сол, ажалмен арпалысып, адам құтқарамын деп жүріп өз өмірін құрбан еткендердің саны  1991-2019 жылдар аралығында 51-ге жетіп отыр. Ондай ерлік ел есінен өшсін бе? Ешқашан өшпейді. Қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқандардың құрметіне ел көлемінде 30 ескерткіш қойылып, 76 бұрыш орналастырылған. Бұдан бөлек 14 ведомстволық мұражай жұмыс істеп тұр. Онда қаза тапқан қызметкерлердің қызметтік киім-кешектері мен наградалары сақталған.

Награда демекші, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың 2006 жылғы 5 маусым­дағы №129 Жарлығымен елімізде «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалі бекітілген еді. Тәуелсіздік жылдары еліміздің 30 мыңнан астам өрт сөндірушісі түрлі алғыс хат, құрмет грамоталары, медаль, төсбелгі, ордендермен марапатталды.

Сонау 1996 жылы «Өрт қауіпсіздігі туралы» заңның қабылдануынан бастау алған еліміздің өртке қарсы қызметін дамыту жұмысы бүгінде жүйелі жолға қойылған десе де болады. Азаматтық қорғаныс саласының мамандары жыл са­йын профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізуді қолға алып келеді. Әсі­ресе жылыту маусымы мен орманда, далада өрт тұтануы ықтимал қауіп­ті кезеңдерде қарап қалған емес. Бұл іс-ша­раларға өрт сөндірушілер мен құтқа­ру­шылардан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың, полицияның, мүдделі мем­лекеттік органдардың және үкіметтік емес сектор өкілдері Jas Otan жастар қана­тының волонтерлері қатысады. Мәсе­лен, жыл сайын жылыту маусымы қарсаңында өрт қауіпсіздік айлығы ұйымдас­тырылады. Төтенше жағдай органы­ның мамандары әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау салалары­ның өкілдерімен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топтарының, жетімдер­дің, көпбалалы отбасылардың, жалғыз­басты адамдардың үйлерін аралайды. Бұл жұмыстар барысында әлеуметтік қорғау бөлімдерінің  мамандары халықтың әлеу­мет­тік осал топтарын есепке алады, сон­дай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу­шылық фактілері, қажетті әлеуметтік көмек түрі анықталады. Бұзушы­лықтар анықталған жағдайда олқылық­тың орнын толтыру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Рейд барысында өрт қауіп­сіздік қағидалары жазылған парақшалар, жадынамалар, буклеттер және басқа үгіттеу, ескерту материалдары та­ратылады. Нұсқаулықтар мен түсін­діру жұмыстары (әңгімелесулер, инте­рак­тивтік сабақтар)  назарға алынады.

Соған қарамастан өртке қатысты оқиғалар толастамай тұр. Мәселен, биыл 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында Грачи ауылынан 26 шақырым жерде «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Долонский филиалы аумағындағы орман отқа оранып, тілсіз жау алғашында 300 гектар жерді шарпыған еді. Өрт сөндіру жұмысы ауа райына, ауа температурасына және желдің екпіні секундына 18 метрге дейін күшеюіне байланысты қиындап, тілсіз жау тек 25 сәуірде ғана ауыз­дықталды. Қызыл жалын шарпыған жал­пы аумақ сол кезде 3948 гектарға жетті.

5 маусымда Атыраудағы Атамбаев көшесінде орналасқан «ПромГаз» ЖШС-нің аумағында газ жарылып, автоцистерна кабинасы жалынға оранды. Соның салдарынан 60-70 метр қашықтықта тұр­ған ғимарат қирады. Оған осы өңір­дегі 25 өрт сөндіру қызметкері мен 4 тех­ника жұмылдырылды. 4 адамды кү­йік шалып, ауруханаға жеткізілді. Зар­дап шеккендердің қатарында жанар-жағар май құюшы, газ тасушы көліктің жүргізушісі және екі төтенше жағдайлар қызметкері бар.

13 шілдеде Батыс Қазақстан об­лы­­сындағы Ақжайық ауданының Буда­рин ауылдық округінде Коловертное кен­ті­нен 10 шақырым жерде «Бударин орманшылығы» КММ аумағындағы  орман алқабы отқа оранса, осы Ақжайық ауда­нының Чапаев ауылдық округі «Чапаев орманшылығы» КММ және Кө­нек­­кет­кен ауылдық округі «Есенсай орман­­шылығы» КММ аумақтарында құр­ғақ шөп пен орман алқабы жалын құшты.

18 шілдеде Жамбыл облысы Мойын­құм ауданының Мойынқұм ауылынан 180 шақырым жерде 44,6 мың гектар ау­мақ­тағы құрғақ шөп пен сексеуіл өртеніп, жалын тек 24 шілде күні ғана ауыздықталды.

Біз тек биыл орын алған өрт оқиға­лары­ның аса ірісін ғана айтып отырмыз. Аталмай қалғаны қанша. Солай бола тұра, осы қауіпті мамандықты таңдай­тын азаматтар аз емес. Әрине, арнайы даярлықтан өтпеген кез келген адам төтенше жағдайлар қызметінің сапында еңбек ете алмайды. Ол үшін оқу мен тоқу қажет. Сондықтан еліміздегі өртке қарсы қызмет саласы жыл сайын мамандандырылған оқу орындарының түлектерімен толықтырылып отырады. Мұндай оқу орындары туралы айт­қанда Көкшетаудағы техникалық инс­титутты, Ақтөбе және Алматы облыс­тарындағы кәсіптік даярлау мектептерін, 2 өңірлік оқу орталықтарын ескеру қажет. Қатардағы, кіші және орта басшы құрам лауазымдарына қызметке алғаш рет келетін азаматтар үшін жыл сайын бастапқы даярлау курстары, ал азаматтық қорғау органдарында жұмыс істеп жүрген қызметкерлер үшін қайта даярлау және біліктілігін арттыру курс­тары ұйымдастырылады. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар мен басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері үшін өртке қарсы минимум бойынша оқыту жүргізіледі. Оқу аяқталғаннан кейін арнайы куәлік беріледі. Осылайша еліміздегі азаматтық қорғаныс жүйесі құрылғаннан бастап кәсіптік даярлау мектептерінде шамамен 120 800-ге жуық адам оқытылған екен.

Өрт сөндірушілердің тәжірибесін шыңдап, шеберлігін арттыратын тағы бір құрал бар. Бұл – осы сала мамандарының арасында ұйымдастырылатын түрлі жарыстар мен халықаралық сайыстар. Өрт сөндіру құралдарын барынша жыл­­дам жоғары көтеру, ғимараттың жо­ғары қабаттарында қалған адамдарды құт­қару, биіктікте, түтінде және жоғары тем­пе­ратурада жұмыс істеу, күрделі жағдай­ларда әртүрлі кедергілерді еңсеру – өрт сөндірушілерден шыдамдылық пен күш-жігерді, физикалық дайындықты, батылдық пен жылдамдықты талап етеді. Бұл қасиеттер ең алдымен спортпен шұғылдану кезінде шыңдалады.

Бұл ретте спорттық жарыстардың маңызы аса зор. Еліміздің өрт сөнді­ру­шілері осындай халықаралық сайыс­тарға өрт сөндіру-құтқару спортына халықаралық мәртебе берілген 2001 жылдан бері қатысып келеді. Ал 2004 жылдан бастап отандастарымыз Еуропа мен Азияның 20-дан астам елі кіретін халықаралық спорт федерациясының мүшесі саналады. Түсінген адамға бұл да бір үлкен жетістік. Осы күні елімізде өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша 19 ерлер, 12 әйелдер және 16 жасөспірімдер секциясы бар. Жаттықтырушылар штабының құрамы 34 адамнан асады. Соның нәтижесінде жыл сайын сынақ көрсеткіштері жақсарып, жаңа ұлттық рекордтар орнатылуда. Бұған спортшылардың мақсатты даярлығы, республикалық турнирлер мен қолданбалы спорт түрінен әлем чемпионаттарына қатысуы арқылы қол жеткізілуде. Халықаралық аренада Қазақстанның атынан 3 ұлттық құрама (ерлер, әйелдер және жасөспірімдер)  өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт аралығында спортшыларымыз әлем чем­пионатына 15 және халықаралық жарыстарға 19 рет қатысып, жалпы ко­мандалық және жеке сынақтарда жүл­дегер атанып үлгерді. 2014 жылы өрт-құтқару спорты еліміздегі спорт түр­лерінің тізіліміне енгізілді. Команда активінде 17 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 60 спорт шебері, 92 спорт ше­б­еріне үміткер, сондай-ақ 262 разрядтау­шы спортшы бар. Төрешілер құрамы халықаралық санаттағы 8 судьядан тұрады. Жаттықтырушылар құрамына ұлттық санаттағы 2 жаттықтырушы еніп отыр.

Мәселен, біздің жасөспірімдеріміз 2018 жылы Варна қаласында (Болгария) өткен әлем чемпионатында жалпы есепте 4-орынға ие болды. Сонымен қатар күрделі пәндердің бірінде жасөспірімдер бірінші орынды жеңіп алып, «Жауынгерлік қанат жаю» бо­йынша әлем чемпионы атанды. Өткен жылы осы команда Саратов қаласында (Ресей) өткен халықаралық біріншілікте 3-орынға табан тіреді. Әйелдер құрамасы 2017 жылы Измир қаласында (Түркия) әлемнің қола жүлдегері атаса, өткен жылы Саратовта (Ресей) жалпы командалық есепте 4-нші болып, «Жауынгерлік қанат жаю» пәнінен «күмісті» жеңіп алды. Ерлер құрамасы 2017 жылы Измирде (Түркия) жалпы рейтингте 7-орынға тұрақтап, 2018 жылы Банска қаласында (Словакия) 5-орынға көтерілді. Ал өткен жылы Саратовта тартысты бәсекеге түсіп, екінші орынды иеленді.

 

P.S. Несін жасырайық, жаңа ведомствоның жұмысынан бәріміз де жемісті нәтиже күтеміз. Апаттармен күресуден бұрын, оны болдырмау, алдын алу жұмыстарына мән берілсе дейміз ғой, баяғы. Сондықтан Жолдауда берілген тапсырмаларды жүзеге асырудың жолын айқындап жатқанымыз маңызды. Себебі Мемлекет басшысы айтып өткендей, дағдарыс жағдайында атқарылатын іс-шаралардың жемісті жүзеге асуы əрқайсысымызға байланысты.