СУРЕТТЕ: «Хәрри Поттер» кітабының мұқабасы Суретті салған Нұрлан Әбішев
Қазақ аударма теориясы бір арнаға түскен жоқ
Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, Аударма және филология факультетінің деканы Бағлан Мизамханның айтуынша, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы ағылшын тіліне орыс тілі арқылы болса да аударылған аз еңбектің бірі. Осындағы Шыңғыс есімі (Gengiz Khan (4), 2. Gengizkhan (8), 3. Genghiz Khan (9), 4. Genghizkhan (137), 5. Genghizkhan (190), 6. Chingiskhan (193), 7. Genghis Khan (280), 8. Jenghiz-Khan (287), 9. Chinghiz (294), 10. Genghiz-Khan (367), 11. Geghiz-Khan (369), 12. Gengkhis-khan (484) деп он екі түрлі графикалық таңба арқылы берілген.
– Өкінішке қарай, кей адамдар аударманы еріккеннің ермегі ретінде қарастыратын кездері де жоқ емес, олар тіл білгеннің барлығы аудара алады деген қате түсінікті ұстанады. Иә, қазақ аударма теориясы әлі де бір арнаға түскен жоқ, онымен нақты айналысатын құзырлы орын да жоқ, бізде бұл жекелеген мақалалар мен магистрлік, PhD докторлық диссертациямен ғана шектелуде, ал іргелі зерттеулер әлі де жасалмады. Алайда бұл әлемдік аударма теориясы да сондай жағдайда деген қате түсінік қалыптастырмауы керек. Шетелдік аударма теориясын былай қойғанда, орыс аударма теориясының өзі бізден әлдеқайда көш ілгері екенін мойындауымыз керек, – дейді ол. Ғалымның айтуынша, адам аттарын аударудың қалыптасқан бірнеше жолы бар, яғни түпнұсқа тілдегі адам аттарын аударма тілде сол қалпы көрсетуге, аударма тілдің фонетикалық және графикалық ережелеріне сай беруге және мәдени трансформация негізінде түпнұсқа тіл аттарын аударма тіл аттарымен алмастыруға болады.
– Тек қазіргі әңгімемізге арқау болып отырған жалқы есімдер, соның ішінде адам аттарын аударуға келер болсақ, бұл бір мақаламен немесе бір диссертациялық жұмыспен шешіле қоятын мәселе емес, оның тілдік, мәдени, прагматикалық, функционалдық және өзге де аспектілері жетіп артылады. Айталық, қазақстандық ақпарат құралдарында Семей «Семей – Семипалатинск», Өскемен – «Өскемен – Устькаменогорск», Орал – «Орал – Уральск» деп беріліп жүр, – дейді Бағлан Мизамхан. Ал аударма үшін ең басты талап қандай деген сауалымызға ғалым мазмұнға еш өзгеріс енгізбеу, аудармашы өз жанынан мәтінге жаңа ақпарат қоспау, жер-су, адам аттарын әлемдік аударма теориясында қабылданған тәсілдердің көмегімен ұлт мәдениетіне сай келетін аударма тәсілдерінің көмегімен жеткізу қажеттігін алға тартты.
Жиі бетпе-бет келетін қиындық – терминология мәселесі
Ұлттық аударма бюросының аудармашысы, дінтану ғылымдарының PhD докторы Мұхит Төлеген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша іргелі оқулықтарды ағылшын тілінен қазақ тіліне аударуға атсалысты. Одан бөлек «Kul Hoca Ahmed Yesevi Makaleler Kitabı» жинағындағы бірқатар ғылыми мақаланы қазақ тілінен түрік тіліне тәржімалап, «Отбасы хрестоматиясы» сериясымен шыққан кітап авторларының бірі ретінде этнопедагогика, мифология бағытында маңызды еңбектердің жариялануына үлес қосып жүрген ғалым қазақ аударма саласының дамуы үшін ғылыми және әдістемелік бағытта көптеген іс-шара жүзеге асуы қажет деп біледі.
– Жоғары оқу орнына, жалпы білім беру саласына қажетті оқулықтарды аударған кезде ең жиі бетпе-бет келетін қиындық – терминология мәселесі. Әсіресе оқулықтарды аудару кезінде терминдерге қатысты түйткілдер қатты сезілді. Әрбір ғылымның өзіне тән қалыптасқан терминологиясы болатындықтан, мұны тек лингвистиканың еншісі деп қарауға болмайтыны көрінді. Қазақ тілінің ғылым тіліне айналуы үшін оның терминологиялық әлеуетін барынша арттыру керек. Меніңше, магистратура, докторантура бағдарламаларында ғылыми монографияларды, оқулықтарды аударудың қыр-сырын зерделеу жолға қойылса, бұл қазақ аударма ісінің дамуына қосылған елеулі үлес болар еді, – дейді Мұхит Төлеген. Оның айтуынша, аударма методологиясын қалыптастыру мен жетілдіруді, әсіресе ғылыми оқулықтарды аударуды зерттеу нысанына айналдыруды қажет деп санайды.
Ана тіліміздің байлығын кәдеге асырсақ...
Әлемнің ең танымал және ірі баспаларымен бірге әріптестік жұмыс атқарып келе жатқан Steppe&WORLD Publishing баспасы еліміздің кітап нарығында тосын жаңалығымен тез танылды. Аталған баспаның негізін қалаушы Райса Сайранқызы кеңестік заманнан қалыптасқан орыс тілінен енгізілген транслитерация ережелерін бұзып-жарып, қазақ тілінің бай фонетикасын тура пайдалануға болатынын жақсы көрсетті.
– Біздің баспа үшін ең маңыздысы – тіл және сапа. Сонымен қатар қоғамда баспа және аударма индустриясында жаңа мүмкіндіктерді көрсетіп, бағыттау болды. Жұмыс тобы мүмкіндігінше жеңіл оқылатын және түсінікті мәтін әзірлеуге бар күшімізді жұмсадық. Халықаралық әріптестермен жұмыс істегендіктен, сол баспалардың стандартына бағынуға тура келді. Олардың басты талабы түпнұсқадан аударуды бірінші орынға қояды. Шынында да, ағылшын тілінен орыс тіліне аударып, одан кейін қазақшаға тәржімалаған кезде маңызды нюанстардың бұзылып кететінін байқадық. Дәл осы себепті ағылшын, француз және неміс тілінен тікелей қазақ тіліне аударуымыз қажет деген талапты берік ұстанамыз, – дейді Райса Сайранқызы. Иә, расымен де көзіміз үйренген Гарри Поттерді «Хәрри Поттер» деп атау үшін тәуекел мен батылдық керек-ақ. Өйткені аға буын өкілдері үшін бұл жағдайды қабылдау, көндігу оңайға түспегендей.
– Ал жас оқырмандар кітапты өте жақсы қабылдады. Өйткені сөздер, есімдер, атаулар – тура түпнұсқадағыдай дыбысталып жазылды. Орыс тілінде оқып өскен оқырмандар әлі де қабылдамай жатыр. Әйтсе де, ағылшын тілін білетін қауым жатсынбады, керісінше қолдады. Реттелуі тиіс мәселенің бірі – Кеңес заманынан қалған транслитерациядан гөрі, ана тіліміздің бар мүмкіндігін, дыбысталуын кәдеге асыруымыз қажет. Қазір Ресейдің өзі түпнұсқалық дыбысталуымен жазғанды жөн көреді, – дейді баспагер. Небәрі үш жыл ішінде 12 кітапты оқырман назарына ұсынып үлгерген баспа түпнұсқадан аударуды және авторлық құқықтың сақталуын насихаттап келеді. Мұны ірілі-ұсақты баспалар мен шығармашылыққа жақын жүргендер қатары түсініп келеді.
Үш тілді жетік меңгерген «Болашақ» түлегі Эльнура Абақан «Атамұра» баспасының бастамасымен беделді Dorling Kindersley (DK) баспасының «GENIUS» және «1000 Useful Words» кітаптарын аударып шығарды. Халықаралық қатынастар, даму және коммуникация саласында 15 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан Эльнураның бұл аударма саласындағы алғашқы тәжірибесі, десе де тыңғылықты, тиянақты атқарылған жұмыс екенін кітапты саралап көргенде өзіміздің де көзіміз жетті.
– Бұған дейін аударма саласымен айналыспасам да, қолым қалт ете қалғанда медиаға түрлі мақалалар жазып тұрдым. Аталған кітаптарды аударуға ұсыныс түскенде ерекше қуандым. Өйткені қазақ тіліндегі контентті дамытуға, оның ішінде балалар әдебиеті аудармасына үлес қосу – мен үшін өте маңызды. Аударма кезінде салалық аударма терминдерін қазақшалауда аздаған қиындықтар кездесті. Әр адам өзінің туған тілін білуі міндет, ал өзге тілді білуі ғанибет. Экономикалық қауіпсіздіктің ең бірінші бастамасы отандық тауарды шығарумен қоса, тіл мен мәдениет, этностық, ұлттық болмысымызды сақтап қалуда жатыр. Патриот қоғам өзіне жаны ашиды, өз тілінде сөйлейді. Білімді қазақ жастарын Уикипедия желісін дамытуға шақырамын, бұл – әр адамның қолынан келетін іс, – дейді Эльнура.
Көркем аударма, ілеспе аударма, ғылыми аударма, мейлі біз мән бермейтін жарнама болсын тіл білімі кез келген халықтың рухани дүниетанымымен, болмысымен тығыз байланысты. Осы ұстанымды ұстын еткенде ғана таза шығармашылық туынды дүниеге келеді. Санамызда сіресіп қатып қалған орысша мәтіндерді қазақ тіліне тәржімалап қана жеткізу мүмкін емес, мұндай салғырт көзқарас таныту тілдің қолданылуына кері әсер ететін, оның дамуын тежейтін қателік екенін көріп келеміз. Десе де, осынау сеңді бұзып-жарып жүрген аудармашы мамандар қазақ тілін ғылым тілі, көркем әдебиет тілі дәрежесіне көтеру үшін термин және терминология мәселелерін тиянақтауда бірізділік керек екендігін айтып-ақ келеді.
«Аударманың түпнұсқаға таянуы шығарманың әрпін түгендеуге емес, оның рухын жеткізе беруде», деп В.Г.Белинский айтты деген сөз бар. Жалпы, қазақ әдебиетінде көркем аударма тәжірибесі жүз жылға жуық тарихы бар десек, артық айтқандық емес. Осы ретте отандық аударма саласын көркейтсек деп түпнұсқаның көркемдік элементтерін қайта жасап шығуға талпынып жүрген бүгінгі аудармашылардың табанды, тиянақты беталысы көңіл қуантады.