Әдебиет • 30 Қыркүйек, 2020

Адасқандардың соңғы аялдамасы немесе Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романын оқып шыққаннан кейінгі ой

659 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қайталап айтқанды тәуір көретін бір сөзім бар: үлкен әдебиетте ұсақ штрихтар болмайды. Адам жанын танитын қаламгер кісінің көз қиығын былай қойғанда, денесінің, аяқ-қолының қозғалысы мен бет-жүзінің ым-ишарасын, тыныс алғанын, кірпік қаққанын, тіпті оның иісіне дейін шеберлікпен суреттеп, жан дүниесіндегі қайнап жатқан ой-сезімдерді ақ қағазға шашпай-төкпей «орналастырады».

Адасқандардың соңғы аялдамасы немесе Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романын оқып шыққаннан кейінгі ой

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Адам мен адам арасындағы қа­рым-қатынасты, түрлі оқиға­ны, сюжеттерді дәлдікпен, бас­қаша айтқанда математикалық фор­муламен өрнектейді. Ондай шы­ғар­мада басы артық оқиға, кейіп­кер, тіпті сөз де болмайды. Әр оқиға­ның, кейіпкердің өз орны бар, әр ой­дың жүгі бар. Екіншіден, мұн­дай шығарманың әсері жылтыр, еліктіргіш, әр жерден жиып-терген ақылды сөздердің жиынтығынан тұратын кітаптарға қарағанда мол әрі ұзақ болады. Қырғыздың қазіргі заманғы көрнекті жазушыларының бірі Сұлтан Раевтың «Жанжаза» романын оқып шыққан соң ең алдымен «осылай да жазуға болады екен-ау» деп ойладық. Сосын штрихтардың, символдардың көптігі назар аударт­ты. Мысалы, киелі кітаптың өртенбей қалуы, императордың түсіне қай­та-қайта кіретін жылан, айдың тұ­тылуы, аруақ-әйелдің моншағы, сай­танның таңбасы басылған бала, үш кейіпкердің түсіне кірген ке­сілген дарақтар, жол бойында сат­қын­дық­тың, өлімнің, өмірдің бейнесінде кездескен кейіпкерлер, т.б көптеген нәрселерді оп-оңай сыдыртып өте алмайсың. Айтпақшы, былтыр ха­лықаралық кітап жәрмеңкесінде бұл кітап қалың оқырманға та­ныс­тырылған еді. Қазақ тіліне тәржі­малаған Халықаралық Түркі академиясы екенін де айта кетуіміз керек.

Сонымен роман не туралы? Реа­лизм мен сюрреализм шарпысқан, мистика, миф, тарих, философия, психология, әлеуметтану тұтасымен көрініс беретін шығармаға не үшін қызығушылық таныттық? Рас, бір ауыз сөзбен жындылардың жан азабы туралы деп қысқаша мазмұндай салуға да болады. Бірақ романдағы қаншама зерлі, астарлы, қабат-қабат ойлар жай адамның түсінігіндегі «жындыхана», «жынды» дейтін кәдуілгі, қарапайым түсініктермен отаспайтынын нық сезіп тұрған соң, қаламға жүгіндік.

Ғылым мен техника өркендеп, қара күшті ақылдың күші алмас­тырған, адамның орнына роботтар жұмыс істей алатын бұл дәуірде де адам өзінің рухани проблемаларын шеше алған жоқ. Қайта шектен тыс білімдарлық, одан туындайтын менмендік, тәкаппарлық адамзат қоғамында проблемаларды одан сайын көбейтті. Дара болуға ұмтылу, құдай болуға құмарту, шек­сіз билікті аңсау, жан құмарын ұмытып, тән құмарына берілу – дерттер құдайсыздықтан, өзін аса жоғары бағалаудан пайда болатыны түсінікті. Ал адам миы космос­ты игере бастаған тұста мұндай дерттер асқынып-ақ кетті. Жас пен кәрінің, ауру мен саудың, ақылды мен ақымақтың, тақуа мен құмарпаздың, сұлу мен ұсқынсыздың орны ауысып, адамзат қоғамында абсурдты жағдайлар орын алғанын көзбен көріп, жүректен өткізген жазушының «Жанжазаға» үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. «Жанжазаның» басты-басты ерекшеліктері мынадай: мұнда кейіпкерлердің нақты бір ұлты жоқ. Нақты бір кеңістік те аталмайды. Уақыт та көрсетілмейді. Тіпті негізгі кейіпкерлердің аттары да жоқ. Олар оқырманға жындыханада таңылған есімдерімен таныстырылады. Олардың саны көп те емес. Жетеу ғана. «Жындылар» киелі жерді іздеп табу үшін жындыханадан қашып шығады. Ұшы-қиыры жоқ құмды даланы кешіп өте алмай, жандары да, тәндері де азап шегеді. Бірақ олардың азабы жеңілдемейді...

Автор оқырманның жүйкесіне салмақ салғанды жақсы көреді. Ойлан, тап. Неге «Киелі кітап», «Кие­лі жер» аталған? Кейіпкерлер неге Жерұйыққа, Өтүкенге емес, Эдем бағына құштар? Киелі кітаптың адам қолымен өзгертілгенін еске са­ла беретін жазушы өркениеттің адасуының, азғындықтың кең етек алуының сырын тұспалдап отыр ма? Тазару, арылу үшін жолға шықса да, неге олардың бәрі бірдей мақсатына жетпеді?

Адам қанша жерден сұмырай болса да, қиянатын, иттігін, көр­кө­кіректігін, пасықтығын, қатыгез­ді­гін тым құрығанда өзіне мойындай алатын жаратылыс. Романда­ғы бар­лық кейіпкер өз кемшілікте­­рін жақсы біледі. Есі ауысып кетсе де, олар өткен шақтағы қателіктері мен қиянаттарын ұмытпайды. Жа­зушы кейіпкерлермен аттас тарихи тұлғалардың өмірлерінен де пси­­хологиялық параллелизм әді­сі­мен сыр шертіп, олардың бұл «есуас­тарға» қаншалықты қатысы бар екен­діктерін шебер өрнектейді. Шек­тен тыс құмарлық билеген жан­ның міндетті түрде азап тартатынын, ол азаптың салмағы тозақтың үрейінен бірнеше есе ауыр болатынын көркемдікпен жеткізеді. Шектен тыс құмарлықтың бастауы өзін танымауда екеніне ой жүгірткізеді. Киелі жерге жол тартқан жолаушылар­дың алдынан кездескен түрлі бейнелер олардың әрқайсысынан «сен өзің­ді таныдың ба?» сұрайтыны тегін емес. Өзін танымау, сондай-ақ ең жоғарғы абсолютті күш Жа­ратушыны мойындамау дегеніміз – түп­теп келгенде жалған наным-се­німдермен, ауада қалықтап тұр­ған «ақылды сөздермен», жұрт та­ңып берген «атақпен» өмір сүру еке­нін, оның соңы жан азабына ұла­са­тынын жазушы бадырайтып айт­пай, емеурінмен ғана білдіреді. Сол үшін «есуастарға» қойылған Ескендір Зұлқарнайын, Шыңғысхан, Лир, Таис Афинская, император деген есімдердің негізгі сыры осында екеніне шүбә келтірмейміз.

«Жанжаза» адасқандардың соң­ғы аялдамасы сияқты. Ол аялдамадан түскендердің арылатынына, тазаратынына кепілдік те жоқ. Бірақ соңынан өлетін үміт бейбақ «есуастарды» осы аялдамаға дейін жетелей бермек. Қорыта келгенде, жазушы Сұлтан Раевтың «Жанжазасындағы» қабат-қабат ойлардың бір парасына шамамен осылай интерпретация жасадық.