Таным • 01 Қазан, 2020

Әуезов оқулары тың зерттеулермен ерекшеленді

477 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биылғы жылы «ХVIІ Әуезов оқулары» пандемия кезіне тап келгеніне қарамастан, сала мамандары дәстүрлі ғылыми-тәжірибелік конференция мазмұнын «Абай және М.О.Әуезов», «Алаш және М.О.Әуезов», «Абайтанудағы М.О.Әуезов» ғылыми-текстологиялық әдіснамасы, шетелдік әдеби сын назарындағы Әуезов мұрасы мәселелері төңірегіндегі ғылыми баяндамалармен байытты.

Әуезов оқулары тың зерттеулермен ерекшеленді

Конференцияны кіріспе сөзімен ашқан М.О.Әуе­­зов атындағы Әдебиет және өнер институ­ты­ның директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мү­шесі, филология ғылымдарының докторы К.Ма­ты­­жанов әуезовтануға бағытталған дәстүрлі іс-ша­­раның жас ғалымдар үшін маңыздылығын атап өтті.

Осы жиында филология ғылымдарының док­торы, профессор А.Ісмақова «Алаш және Мұхтар Әуезов» тақырыбында сөз сөйлеп, М.О.Әуе­зовтің «Өз жайымнан» мақаласына талдау жасады. Ғалым атап өткендей, бұл еңбек Смағұл Сәдуақасұлының сауалдарына берген жауап ре­тінде жазылған. Ғалым аталмыш мақалада Әуе­зовтің абайтануға келуіне қатысты құнды мағ­лұматтар баршылық екендігін айтады. Әуезов үшін әдеби үлгі кім дегенге былай жауап берілген: «Қазақ жазушыларынан әрине Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда Абай деген сөз қазақ деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар сияқты. Абайды сүюім үнемі ақылдан туған, сыннан туған сүйіс емес, кейде туған орта, кір жуып, кіндік кес­кен жерді сүюмен бара-бар болатыны бар. Бұдан соң Мағжанды сүйемін... Мағжаннан басқамыздың бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін».

А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышын­дағы» қазақ әдебиетінің дәуірлеу кезеңдерін М.Әуезов Кеңес кезінде «Әдебиет тарихы» зерт­теуінде нақтылап шықты. Алаш жолы – Қазақ жолы деген концептке тыйым салынған кезде Әуе­зов «Абай жолы» эпопеясын жазу арқылы Алаш­тың аманатын орындауға бүкіл ғұмырын бағыш­тап, бұл істі абыроймен атқарып, соцреа­лизм құрсауындағы қатаң цензуралық кезеңді Абайды танытумен атқарды. А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» пен «Қазақтың бас ақыны» зерттеуіндегі әдебиет теориясын М.Әуезов «Әде­биет тарихы» мен соцреалистік қиын кезеңде жазған еңбектерімен дамытып әкетті. «Абай жолы» романын да осы басты концепті орнықтыру үшін жазғанын есте сақтауымыз қажет. Әр сөзін бақылап отырған соцреалистік құрсауда М.Әуезов Алаш аманатын – Ұлт әдебиетінің тарихы мен тео­риясын толық қалыптастырып берді», деп атап өт­ті А.Ісмақова.

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Мәдібай: «Абай өлеңдерінің басылым тарихында бірнеше рет қаріп алмасып, жазу өзге­ріп отырғандығын» «Абайдың бір сөзі» баян­дамасына арқау ете отырып, «Бірқатар тексто­логиялық жаңсақтықтардың орын алуына мәтінді қолжазба нұсқалар бойынша, 1909, 1922 жылғы араб қарпіндегі баспасында салыстыра саралап, түгендеп, түзеп оқитын, тіл білетін, жазу танитын маман тапшылығы да әсер етті», деп атап өтті. «Мұхтар Әуезов ел ішінің «баспаханасы» деп атаған Мүрсейіт Бікіұлының Абай қайтыс болғаннан кейін 1905, 1907, 1910 жылдарда жазып дайындаған көшірме нұсқалары Абайдың 1909 жылғы тұңғыш жинағынан бастап, кейінгі толық басылымдардың барлығында да назарда болды. Сол қолжазба көшірмелер негізінде 1933, 1939-40, 1945, 1957, 1977, 1995 жылғы толық жинақтарда мәтіндік салыстыру, түзетулер жасалып отырды», деген ой түйеді. Ғалымның айтуынша, күні бүгінге шейін талас тудырып отырған жеке сөз, ұғымдардың Абай шығармаларының түпнұсқасы мәнінде саналып келе жатқан 1909 жылғы басылым мен Мүрсейіт Бікіұлының (1905, 1907, 1910 жж.) қолжазба көшірмелерінің ескі жазуды білетін адамдардың мақсатты салыстыруынан толық өтпегендігі. Қайсыбір текстологиялық мәселелерде назар аударылатын Сәдуақас, Оразке, т.б. көшірме нұсқалардың толық мәтіндерінің қолда болмауы, болған күнде де тұтас ғылыми, текстологиялық айналымға тартылмай отыруы, ақын жайында айтылған естеліктердегі Абай сөзі делінетін өлең мәтіндері, олардың әр деректе әрқилы өзге­рістермен келтірілуі, кейіндеп айналымға қосылуы, сонымен бірге абайтанудағы ілгерідегі түбегейлі тоқтамдар, қилы саяси ахуал тасасында қалған кейінгі 30 шақты жыл көлеміндегі Абайдың Шығысы, т.б. нақтылы қажеттіліктер, классикалық мұраны ықтияттаудың әлемдік бай тәжірибесі, әдеби мұраны түгендеу мен игерудегі отандық әдебиеттанудың озық жұмыс бағыттары ескеріліп әзірленді», деді Қ.Мәдібай.

«М.Әуезовтің жазушылық жолындағы әрбір шығармасы құнды. «Абай жолы» романы халық тарихының көркем шежіресі. Оған батыстың небір даңқты жазушылары ХХ ғасырдың ұлы романдарының бірі деген баға берді. Қазақ елі тәуелсіздік алған жылдарда да М.Әуезов романына деген қызығушылық азайған емес. 1997 жылы жазушының 50 томдық толық жинағының басылып шыға бастауы оның барша еңбегінің бағасын арттыра түсті. Ұлы жазушының ақын туралы романы жас ұрпақты қазақ халқының бай әдебиеті мен өнерін, салты мен дәстүрін, ерлік пен даңққа толы тарихын құрметтеуге үйретеді», деді «М.Әуезов­тің Абай жайындағы тарихи романы» баяндамасын­­да филология ғылымдарының кандидаты К.Рахым­жан. Ғалым талдап көрсеткендей, кезінде халық тарихын жазуға мұрша бермеген себептер М.Әуезов­тей ұлы жазушыға да өткенге деген құрметін жеткі­зу­ге мүмкіндік бермегенін айта кетуіміз керек. Абай жайындағы роман беттерін оқи отырып, қазақ­тың бай фольклоры мен батырлар жырының тама­ша оқиға сілемдері, тарихи жырлардағы шебер­лік мектептері жазушыға қандай шабыт бергенін сезінудің өзі ғанибет. Қазақ тарихының бұрын­ғы шежіресіндегі ортағасырлық жазушылардың еңбектеріндегі асылдарды әйгілеп мақала жазу­ды жазушы басқа жолға шегерді. Өйткені Қ.Ха­лид, З.Бабыр, М.Х.Дулати, Қ.Жалайыр сияқты бұрын­ғы тарихшылар еңбегі жазушы дүниетанымына әсер етпей қалмады. Бірақ ол жайында анықтап ашық ай­туға түрлі шектеулер, тыйымдар қолбайлау болды.

Ал филология ғылымдарының кандидаты Л.Мұ­салы М.Әуезовтің «Абай жолы» романын­дағы символ-бейнелер және олардың көркемдік қыз­метіне» тоқталып, М.Әуезовтің «Абай жолы» био­гра­­фиялық, тарихи, этнографиялық сипаты бар дәуір­намалық энциклопедиялық кітап екені айтылды. «Дегенмен де, бұл шығарманың, ең ал­ды­мен, поэтикалық өнер туындысы, көркем­сөз үл­гісі екенін басты назарда ұстаған жөн деп білеміз. Өзінің басты кітабына автор өмірлік, дү­ние­танымдық, эстетикалық мұраттарымен қоса поэ­тикалық дарынының бүкіл шығармашылық мүм­кіндігін сарқа жұмсаған. Сондықтан да бұл кітап бізге, ең алдымен әдеби туынды ретін­де, әдеби-эстетикалық ескерткіш ретінде қым­бат. Сондықтан да әдебиет оқытушысы бұл туын­дыны оқыту барысында көркемдік құнды­лығын басты назарда ұстау қажет. Ол үшін ең алдымен көркемдік құралдарды жеке қарастырып, студенттерді олардың мән-мағынасы мен қызме­тін семантикалық, лингвопоэтикалық тұрғыдан талдауға жетелеу керек» деп атап өтсе, І.Жансүгі­ров атындағы ЖМУ докторанты М.Дәулеткерей Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасындағы ақынның тұлғалық әлеуетін» зерделеп, «Абайдың болмысын, тұлғалық әлеуетін, ақындық шеберлігін айқындау ғасырдан астам уақытты қамтыса да, толық танып болдық, зерт­тедік деп нүкте қоя алмаймыз», деп атап өтті. Ғалымның айтуынша, оның себебін Абайдың тұлғалық әлеуетінің, пәлсафасының тереңдігінен іздегеніміз жөн болар. Р.Тоқтаров Абай бейнесін «адамдық мінез-болмысымен жан-жақты әрі жанды танылуы, шығарма идеясына тікелей қа­тыстылығы тұрғысынан танымдық-эстетикалық мәні жоғары образдың ең күрделі түрі» типтік бейне деңгейіне жеткізген. Абайдың психологиялық портреті де «тек автордың баяндауымен жасалынбай, кейіпкер көзімен, аңдауымен» сәтті ашылған. Р.Тоқтаров «Абайдың жұмбағы» роман-хамсасы арқылы Абайдың дүниеге келуінен бастап, өмірден өткеніне дейінгі аралықты қамтып, ақын болмысын, шығармашылық тұлғасын, адамдық әлеуетін айқындаған. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан алшақ кетпей, тек кеңестік қасаң қағиданың құрбаны болған ойларды аша білген», деп атап өтті.

Әуезов шығармашылығына арналған дәстүр­лі кездесу драматургия, бейнелеу өнері, кино, фоль­к­лористика, жалпы әдебиеттану саласы бо­йын­ша тақырыптарды қозғап, жаңалығы бар зерттеулермен жалғасын тапты.