Қазақ халқының туыстық жүйесі, асыл тегін антропология ғылымының арқауына айналдырған абыз ғалым салыстырмалы дерек ретінде бауырлас халықтардың биоәлеуметтік деректерін өнімді пайдалануы түбі бір түркі халықтарының ара байланысын, туысқандық сезімін жақындата түсетін алтын көпір сынды әсер қалдырады. Оның зерттеу нысаны Қазақстанның аумағында ғана шектеліп қалмай, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағы, Ресейдің Қосағаш ауданы қазақтары арасында экспедициялық сапарларға ұласып, маңызды нәтиже беруі алыстағы қандастарға деген патриоттық сезімінің көрінісі десек болады. Ғалымның Мажарстан антропологі Тибор Тот жолын жалғастырған жас буын зерттеушілермен әріптестік байланыстар орнатып, Тұран құрылтайын белсенді қолдауы да достықты ардақтайтын батагөйлік болмысы екені аян. Кісілік парасатына кішіпейіл қалыбы жарасқан, ғылымның ақ сарайының төріне биязы болмыс-бітімімен сән берген, табанды, еңбекқор жігерімен тау қопарып, ғылым кенін ашқан біртуар ғұламаның кесек тұлғасы ол негізін қалаған ғылым саласының күрделі жүйесімен үндестікте өрілген.
Әлбетте, адамзаттың пайда болуынан бастап бүгінге дейінгі дәуірлерді зерттейтін саланың бірі – антропология ғылымы. Белгілі бір аймақтан тұтас континенттердегі тұрғындардың биологиялық дамуын толықтай зерттей алатын бұл ғылым өзара эволюциялық антропология, палеоантропология, этникалық антропология, тарихи антропология және физикалық антропология деп жіктеледі. Осылардың қатарында физикалық антропология – адамның шығу тегін, дене құрылымын, жасын, салмағын, бойын, тірі кезіндегі әдеттері мен басқа да ерекшеліктерін бұлтартпас дәйектер арқылы анықтай алатын бірден-бір нақты ғылым.
Ықылым заманғы тарихи оқиғалардың көмескі тұсын танып-білуге, байырғы халықтардың бет-бейнесін дөп басуға сүбелі үлес қосатын бұл саланы ғалымдар әлдеқашан мойындаса да, әлем бойынша антрополог ғалымдар саусақпен санарлық екен. Себебі антрополог болу үшін медицина мен археологияны ұштастырып, тарих пен мәдениетті терең білу керек.
Қазақстандағы антропология ғылымы кеңестік кезеңнің қызыл саясатына ұшыраса да, тәуелсіздіктің арайлы таңымен қайта жаңғырып, биік белеске көтерілгені белгілі. Әрине, мұндай жетістік осы салада ұшан-теңіз жұмыстар атқарып, толайым табыстарға жеткен белгілі ғалым, академик, тұңғыш қазақ антропологі Оразақ ағаның қажырлы еңбегінің арқасы. Ол – еліміздегі физикалық антропология мектебінің негізін қалап, жарты ғасырға жуық қазақ халқының генетикалық құрылымын зерттеуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан бірегей маман. Биыл тоқсанның төріне шыққан Оразақ аға әлі де осы саланың тізгінін берік ұстап, іргелі зерттеулер жүргізіп келеді.
Саналы ғұмырын ғылымға арнап, бұрмаланған тарихымызды қайта пайымдауға, жоғалған құндылықтарымызды қайта түгендеуге атсалысып жүрген академик ағамыздың қиындыққа толы күрделі өмірі мен ғылымдағы жемісті еңбегі бір кітапқа жүк боларлық. Осы орайда, қашанда асыл қалпынан айнымай, ақырын жүріп, анық басатын зиялы тұлғаны мерейлі 90 жасымен құттықтай отырып, оның тұлғалық болмысы мен ғылыми-шығармашылық жолы жайында аз-кем толғануды жөн көрдік.
Оразақ Смағұлұлы 1930 жылы Қостанай облысы Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Жастайынан анасынан айырылып, тағдыр тауқыметін көп тартқан оның сәбилік шағы ашаршылықпен, бозбала шағы қасіретті соғыс жылдарымен өрілген. Оразақ аға өзінің балалық шағы туралы бір сұхбатында: «Мен сол ашаршылық жылдары туған төлмін. Анам аштықтан бұратылып өліп жатқанда, бір күн бойы қойнында жатып, емшегін еміппін. Көрші Ресейге тамақ іздеп кеткен әкем келіп, мені ажалдан аман алып қалыпты», дейді.
Сол кезде ойын баласы болса да, қазақ даласын жайлаған аштық пен қуғын-сүргіннің салқын ызғары қайдан есіп тұрғанын іштей бағамдап, зобалаң жылдардағы қасіретті оқиғаларды жадына түйіп өседі. Ағамыз жастайынан ауыр жұмыстарға жегіліп, шаршап-шалдықса да, оқысам, білсем деген ілімге құштарлығы оның Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсуіне себеп болады. Университет қабырғасында жүріп өз ұлтының өткен тарихы мен шығу тегін зерттеуді мақсат етеді. Әр жаз сайын археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, мол тәжірибе жинайды. Ғалымның антрополог ретінде қалыптасуына да осы археологиялық экспедицияларда көрген-түйгендері үлкен ықпал етсе керек. Ол туралы өзі былай деп еске алады: «Бірде кезекті археологиялық практикада жүргенімізде, археологтердің табылған артефактілерді жинап алып, адам сүйектерін қалдырып кететінін байқадым. Олардан адам сүйектерін неге жинап алмаймыз, бұл деген нағыз дәлел-дәйектер ғой деген сұрағыма «мұны зерттейтін бізде маман жоқ», деп қысқа қайырды».
Осы оқиғадан кейін жас маман Алматыдағы мединститутқа барып, «Адам анатомиясы» кафедрасының меңгерушісі профессор Нұрыш Бөкейхановқа жолығып, сүйектердің зерттелмей жатқанын және өзінің осы саланың маманы болғысы келетінін жеткізеді. Сонда Нұрыш Бөкейханов: «Апыр-ай, қазақтың сүйегін зерттейтін бір адам табылды-ау», деп балаша қуанып, осы оқу бөлімінің жауапты адамын шақыртып, дереу оқуға қабылдатқан екен.
Оразақ Смағұлұлы тарих мамандығын тәмамдаған соң, ҰҒА Тарих және этнология институтында және Алматы медицина институтында қосымша жұмыс істеп, екі мамандықты қатар алып жүреді. Әрине, ғалымның бақ-талайына орай, Одақтың жергілікті ұлт өкілдерінен антропология саласына маман даярлау тапсырмасымен 1957 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясының жолдамасы бұйырып, Мәскеуге аттануы – оның ғылымдағы жарқын болашағының бастауы еді. Болашақ антрополог Мәскеу мемлекеттік университетіне барысымен Ғылыми-зерттеу институты мен биология факультетіндегі антропология музейінде тәжірибе жинақтауға жіберіледі. Тәжірибе барысында маймылдардың анатомиялық құрылымын зерттеп, кейіннен Ленинградтағы белгілі ғалым, профессор В.Л.Гинзбургтің қарамағында I Петр кезеңінен бері сақталған адам сүйектерінің құрылымымен танысады, адамның физиологиясы бойынша білімін жетілдіреді. Осылайша, жан-жақты мол білім мен бай тәжірибе жинақтаған жас зерттеуші 1958 жылы аспирантураға қабылданады.
Оразақ Смағұлұлы кандидаттық зерттеу тақырыбын Қазақстан антропологиясымен байланыстырмақ болғанда ғылыми кеңес мүшелері Қазақстанда көне дәуір адам сүйектерінің базасы жоқтығын алға тартады. Осы тұста ұстазы Г.Дебец Мәскеудегі үлкен жиынға академик Қаныш Сәтбаевтың келгенін, сол арқылы бұл мәселені біржола шешіп алуын айтып кеңес береді. Болашақ антрополог қазақ ғылымының тау тұлғасы, академик Қ.И.Сәтбаевпен жолығып, елімізде физикалық антропология ғылымын дамытып, осы арқылы қазақтың арғы-бергі тарихы мен генетикасын зерттеу ісін қолға алғысы келетінін жеткізеді. Осы кездесу туралы ғалым өз естелігінде: «Қаныш Имантайұлы сол кездесуде мені қолдайтынын жеткізіп тұрып: «Әй, Оразақ, сен қазақтың биологиялық әке-шешесін (шығу тегін) анықта», деп қадап тапсырды, сол аманаты бүгінге дейін құлағымда жаңғырып тұрады», дейді. Көп өтпей ұлы академиктің қолдауымен ұйымдастырылған алғашқы экспедиция Семей облысының Шұбартау ауданынан басталып, Баянауыл өңірінде және Қазақстанның басқа да ауыл, аудандарында жалғасады. Осы орайда, «бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, Қаныш ағаның қолдауы мен сенімі жас ғалымға қанат бітіріп, кейіннен кеңестік шеңберден шығып, әлемдік деңгейдегі белгілі антрополог-ғалым ретінде танылуына тікелей ықпал етеді.
Осы оқиғадан кейін Қазақстан бойынша антропологиялық іргелі зерттеу жұмыстары О.Смағұлұлына табысталады. Бұл уақытта ол кандидаттық зерттеуін сәтті қорғап, ғылыми дәрежесін алған кәсіби антрополог-тын. Мәскеуде жүргенде тәлім алған Г.Ф.Дебец, Я.Я.Рогинский, В.В.Бунак сынды антрополог ғалымдармен қанаттаса зерттеу жүргізіп, ұзақ жылдар Орталық Азиядағы түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының да физикалық антропологиясын зерделеп, тың деректер мен мол жаңалықтарға қол жеткізеді. Ғалым үлкен жобаларды одан әрі дамыту үшін Жапония, АҚШ, Үндістан елдерінде болып, халықаралық ғалымдармен тәжірибе алмасып, бірнеше антропологиялық экспедицияға қатысады. Осы жылдарда жинақталған дереккөздердің қорытындысы ретінде 1970 жылы «Қола дәуірінен қазіргі заманға дейінгі Қазақстан тұрғындары» деген палеоантропологиялық зерттеуі жарыққа шығады.
Ғалымның тырнақалды туындыларының бірі – «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» кітабы сол кездегі қоғамдық және ғылыми ортада ерекше қызығушылық тудырды. Бұл кітапқа ғалымның ширек ғасыр бойы жинақтаған бай материалдары енген. Алайда Орталық Комитет бұл кітаптың мазмұны партияның идеологиясына сай емес деген желеумен оның таратылуына тыйым салады. Тағылған айып: «О.Смағұлов шетелдік буржуазияның идеологиясымен уланған әрі қазақтарды руға, жүзге бөлiп, ескiлiктi дәрiптеді» деген негізсіз жалалар. Ғалымның «мен ру, жүздерді тәсіл ретінде пайдаландым, сол арқылы әр аймақтағы қазақтардың биологиялық қан құрамы мен генетикасын зерттеп, олардың біртұтас ұлт екенін дәлелдедім» деген пікіріне ешкім құлақ аспайды. Осы тұста жалғыз академик Әлкей Марғұлан ғана сыңаржақ пiкiрлерге қарсы тұрып, Оразақ Смағұловтың «Қазақстанның этникалық геногеографиясы» кітабы жалпыға түсiнiктi әрі қазақ халқының арғы-бергі тарихы мен шежіресін толық тануға мүмкіндік беретін өте жоғары деңгейдегі ғылыми еңбек деген жоғары баға береді. Алайда аталмыш еңбек партияның қаулысымен сөрелерден алынып, тіпті шетелге таратылып кеткен нұсқаларының да кейбірі кері қайтарылып, өртеледі. Тек 1991 жылы Орталық Комитет таратылғанда ғана ғалымның кітабы ресми түрде ақталып, өз бағасын алады. Шынтуайтында, бұл еңбек сол кезде-ақ халықаралық беделді ғалымдар тарапынан мойындалып, үлкен сұранысқа ие болған еді.
Осы оқиғалардан кейін де ғалымның қаламы мұқалмай, 1982 жылы «Қазақстанның этникалық антропологиясы», 1989 жылы «Қазақстанның этникалық одонтологиясы» деген ғылыми зерттеулері жарияланады. Оның антропология саласында атқарған толағай еңбектерінің бірі – тұғырлы тұлғаларымыздың бет-бейнесін қалпына келтіріп, халыққа қайта қауыштыруы. Мәселен, Ұлық Ұлыстың атасы Жошы хан мен Алаша хан кесенелеріне жүргізілген ғылыми жұмыстардың бел ортасында жүріп, табылған адам сүйектеріне зерттеу жүргізеді. Ғалым Алаша хан кесенесінен қазып алынған бассүйектің негізінде жасалған мүсіннің антропологиялық анықтамалары қазаққа келетінін дәлелдеді. Сондай-ақ ол Қобыланды батыр кесенесіне де археологиялық қазба жүргізіп, әдебиетші, тарихшы, археолог ғалымдармен бірлесе отырып, әйгілі батыр тұлғаның антропологиялық бейнесін қалпына келтіреді. Ол табылған сүйекті зерттей келе, Қобыланды батырдың бет-бейнесінде Орта ғасырлар кезеңінде қалыптасқан қазақтарға ортақ антропологиялық ерекшеліктер бар екенін айтады. Академиктің дәл осындай Абылай хан мен Әйтеке биге қатысты ғылыми зерттеулері отан тарихындағы тұлғатану саласына қосқан зор үлес деп бағалауға болады.
Антрополог-ғалымның әр жылдары Қазақстанның түкпір-түкпіріне жүргізілген экспедицияларының нәтижесінде «Абылай хан: тарихи-антропологиялық зерттеулер», «Алтай қазақтары», «Қазақ халқының этникалық антропологиясы», «Қазақ халқының тарихи антропологиясы», «Қазақ халқының антропологиялық тарихы», «Қазақ халқының шығу тегі» және «Қазақ халқы және ататегі» атты іргелі зерттеулері жарияланып, 300-ден аса ғылыми мақаласы алыс-жақын шетелдерде жарық көрді. Академиктің шоқтығы биік туындыларының бірі – қызы Айнагүл Смағұловамен бірлесіп жазған «Қазақ халқы және ататегі» атты кітабы. Аталған ғылыми еңбекте ғалымның 50 жылға жуық жинақтаған материалдары негізінде қазақ халқының бет-бейнесі, қан жүйесі, тіс морфологиясы, тері бедерлері мен қаңқа сүйектеріне жасалған салыстырмалы зерттеулерінің ғылыми тұжырымдары топтастырылған. Сондай-ақ кітаптың жалпы мазмұны байырғы қазақтардың атамекені мен оның тұрғындарының шығу тегіне, олардың тарихи-биологиялық дамуына байланысты этноантропологиясына, түркітектес халықтардың лингвистикасы мен антропологиясына арналған.
Ғалымның қай еңбегін алып қарасаңыз да терең пайымдауларға, ғылыми тың тұжырымдар мен нақты дәлел-дәйектерге негізделген. Ол қай тақырыпты жазса да ұғынықты тілмен жеткізіп, оқырманын тарихтың терең иіріміне иіріп әкетеді. Оразақ Смағұлұлының еңбектерін оқып отырып, байырғы бабалардың батыр келбетін көз алдыңызға елестетесіз, Ұлы даланы көктей өтіп жөңкілген халықтардың дүбірлі дабысы мен сыр-сымбатын сезінесіз. Ғасырлар қойнауына сүңгіп, тарихты ұғасыз, тұлғаларды жақыннан тани түсесіз.
Түйіндей келгенде, ғалымның қажырлы зерттеулерінің арқасында қазақ халқының тарихи-биологиялық даму сатылары сонау тас дәуірінен бастау алып, кейін мыс, қола, ерте темір және түркі кезеңі арқылы үзіліссіз жалғасып келгендігі анықталып, тұңғыш рет қырық ғасырлық тарихымыз түзіліп отыр. Сондықтан да Оразақ Смағұлұлындай әлемдік деңгейдегі антрополог-ғалымның маңдайымызға бұйырғанын мақтаныш ету керек.
Оразақ Смағұлұлы – бүгіндері отандық тарих ғылымының абыз ақсақалы. Ол бір институттың жүгін арқалап, елімізде кенжелеп қалған антропология саласына жан бітірген әлемдік деңгейдегі көшбасшы маман, рухани өміріміздегі көкейкесті мәселелерге салиқалы ой, байсалды пікір айтып жүрген ұстанымы берік зиялы, ғылымның қамқоршысы. Қашанда бойынан әділеттің жолында жүріп, әділ сөйлейтін, жанынан ізгіліктің лебі есіп тұратын Оразақ аға кешегі Алаштың айбоз оқымыстыларының сарқыты сынды дегдар табиғатымен халқына ғылым нәрін шашып жүрген терең парасат иесі, сирек кездесетін интеллектуал тұлға.
Жасай беріңіз, жақсы аға!