Бүгінгі күні дербестіктің көк туы желбіреп, талай игі бастамаларымен айдай әлемді тамсандырған азат еліміз жыл санап өсіп-өркендеп, олқылықтардың орнын артығымен толтырып жатыр. Айталық, алғашқы жылдары тоқырауға ұшыраған жергілікті кәсіпкерлеріміз, шаруа қожалықтарымыз бүгінде біраз қор жинап, тындырымды тірліктер атқарып, еңселерін тіктей түсті. Біз бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған Әлібек Сартаев жөнінде әңгіме қозғауды жөн көрген едік.
Бүгінгі күні дербестіктің көк туы желбіреп, талай игі бастамаларымен айдай әлемді тамсандырған азат еліміз жыл санап өсіп-өркендеп, олқылықтардың орнын артығымен толтырып жатыр. Айталық, алғашқы жылдары тоқырауға ұшыраған жергілікті кәсіпкерлеріміз, шаруа қожалықтарымыз бүгінде біраз қор жинап, тындырымды тірліктер атқарып, еңселерін тіктей түсті. Біз бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған Әлібек Сартаев жөнінде әңгіме қозғауды жөн көрген едік.

Әлібек Сартаев өмір бойы адал ниетімен, ісімен қоғамға қызмет етіп келеді. Өзін екі қолға бір күрек таба алмайтындардың қатарына жатқызбаған ол құр жатпай шаруасын дөңгелетуде. Ең алдымен Әлібек үйінің жанынан дөңгелек жөндеу шеберханасын ашты. Кейін ісі алға басып, орталықтан шағын ғимарат салып, заман талабына сай жаңа қондырғыларды сатып алды. Бүгінде дөңгелек жөндеу орны ауыл орталығының М.Мәметова көшесінде орналасқан.
Бүгінгі дамыған заманда автокөліктің түр-түрін көруге болады. Осыған орай автокөліктерге қызмет көрсететін орындар да ашылуда. Өткенді еске түсірер болсақ, автокөлік жөндеу бекеттерін тек қаладан көретінбіз. Ал ауылда дөңгелек жөндеу шеберханасын көру қиынға соғатын. Көліктің «тілі мен ішек-бауырын» түсінетін азаматтар үйінің жанындағы гараждарынан оны-мұнысын жөндеп алатын. Ал қазір ауылда бір-екі жерде сервистік қызмет көрсету орталықтары ашылып, көлік иелерінің көзі ашылды. Мамандар ақысына қарай темір тұлпарлардың ақауын лезде тауып беретін жағдайға жетті. Бұл орында автокөлік дөңгелегіне түрлі қызмет көрсетіледі. Дөңгелекті ашып-жабу, босатып алу, үрлеу секілді жұмыстар жаңа үлгідегі құрылғылармен жасалады. Сонымен қатар дөңгелек камераларын желімдеу, қысымын өлшеу қызметі де бар.
– Күннен күнге көліктердің саны артып келеді. Ауылдың ішінде қанша көлік барын санамалаудың өзі артық. Көліктердің дөңгелектерін жөндеу халық үшін бірден-бір қажет деп есептеймін, – дейді жеке кәсіпкер Әлібек.
Қашанда қызу жұмыстың ортасындағы Әлақаң дөңгелек жөндеу ғимаратын кеңейтіп, жылу жүргізіп, жылыту қазандығын бөлек шығарған. Бүгінгі таңда дөңгелек жөндеу емес, автокөліктердің ақауын қарайтын цехы да жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар осы шеберханасының жанынан автобөлшектер сатуды қолға алған. Автобөлшектерді сонау Ресейдің Тольятти қаласынан алып, сапасына көңіл аударып, тиімді бағамен сатуда.
Әлібек Сартаев өз қаражаты есебінен болашақта автокөлік жуу, ағаш жону шеберханасын ашу жоспарда бар екенін, оның барлық құрылыс материалдары дайын екенін айтқан еді.
– Автокөліктердің дөңгелектерін жөндеуде Айбек Батыровтың еңбегі зор. Тұтынушылардан ешқандай ескерту алып көрген емес. Бұл жұмыстар екінің бірінің қолынан келе бермейді, – дейді Әлақаң бізбен әңгімесінде.
Талабы зор кәсіпкер ағамыздың кәсібі алға жүрер болса, осы жерге көлігіміздің ақауын жөндеуге, көлігімізді жууға талай келерміз.
Тұрарбек АҚМУРЗИН.