Аймақтар • 01 Қазан, 2020

Қарамеңдідегі қарттар орталығы

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысының Науырзым ауданында зейнеткерлерге арналған демалыс орны жұмыс істей бастады. Аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан ашылған жаңа орталық Қарамеңдідегі Мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан.

Қарамеңдідегі қарттар орталығы

Енді қариялар қалаған уақытта осында бас қосып, қауқылдасып, хал сұрасып, әңгіме-дүкен құрып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарын ермек етеді. Ардагерлер кеңесі мұнда аудан жастарына өнеге-тәрбие беретін түрлі тағылымды шаралар ұйымдастырып, өскелең ұрпаққа өңір тарихын насихаттауды көздеп отыр.

– Бұл орталықты ашуды біраздан бері ойластырып жүр едік. Бұрынырақ ашқымыз келгенімен, лайықты орын болмады. Көптен бері көңілде жүрген игіліктің сәті енді түсті. Осылай бір жерге жиналып, бас қоссақ, бос уақытты тиімді әрі қызықты етіп өткізсек, жарасымды емес пе?! Бұл ойды әкімдікке жеткіздік. Аудан әкімі Талғат Тойшыбекұлы бірден қолдап, аздап қаржылай көмек көрсетіп, осы орталықтан орын бөлді. Оның ішін мәдениет бөлімінің қызметкерлері әрлеп, жасақтады. Барлығы да тамаша жабдықталған. Ақсақалдар алқасы болып жиналып, өңірдегі қандай да бір мәселе болса шешіп, басшылықты шақырып, мән жайды айтуға мүмкіндік туып отыр. Ауданға жаңа келіп жатқан жас мамандарды да алғаш осы жерде қарсы алып, батамызды беріп, ел аманатын табыстасақ деген ойымыз бар. Пандемияға байланысты шектеулер кедергі болып тұр. Қазірше жиі бас қосып, күнде кездесе алмаймыз. Әйтпесе, жоспар көп. Аман болсақ, бұл орталық әлі талай тамаша кездесулердің ордасына айналады, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Мұттақов.

Орталыққа келетін қариялардың барлығы – өз уақытында әр салада еңбек етіп, осы өлкенің дамуына үлес қосқан, еңбегі сіңген азаматтар. Науырзым ауданында қазір 1060 ардагер бар. Ақсақалдар жаңадан ашыл­ған орталықта біраз іс-шара ұйым­дастыруды жоспарлап отыр екен. Осы аптада шахматтан жарыс өтпек. Сон­дай-ақ ардагерлерге арнал­ған еске алу тақтасын орнату жоспарда бар. Көрші кабинетте этноауыл бар.

Аудан басшылығы енді аталған орталыққа компьютер құрылғыларын орнатып, өмірден көрген-түйгені мол, көкірегі көмбе қариялар мен мектеп шәкірттерінің онлайн кездесулерін ұйымдастыруды көздеп отыр.

 

Қостанай облысы,

Науырзым ауданы,

Қарамеңді ауылы