Суретте: Балық қаңқасын топырақтан тазарту және өңдеу сәті
Табиғат музейінің меңгерушісі Гүлжан Назымбетованың айтуынша, бұл ежелгі балық қаңқасының жақсы сақталған күйде алғашқы рет кездесуі. Осы уақытқа дейін Тетис мұхиты тіршілік иелерінің тасқа айналған қалдықтары, теңіз балдырлары мен жануарларының сүйектерінің іздері, шөгінділерден акула тістері де табылған болатын. Алдын ала болжам бойынша, бұл балық эоцен кезеңінде (50-30 млн жыл) тіршілік еткен. Қазіргі Қостанай өлкесінің аумағы біздің заманымызға дейінгі 60-30 млн жыл бұрын көне Тетис мұхитының түбі болған. Ол кезеңде Жерорта, Қара, Азов, Арал және Каспий теңіздердің бедері әлі қалыптаспаған-ды. Мұнда теңіз тіршілігі өркендеп, киттер жүзіп, акулалар мен балықтардың сан алуан түрлері, маржандар өсіп, дауылдар көтерілген.
Өңірден табылған олжаны «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ жетекші ғылыми ұйым ретінде Алматыдағы «Ғылым ордасының» Табиғат музейіне беруді ұйғарған болатын.
Биыл қырқүйек айында карантиндік жеңілдіктерден кейін музей қызметкерлері осы балықтың қаңқасын топырақтан тазартып, Алматыға әкелді. Ғылыми зерттеулер мен қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталған соң эоцен кезеңінің балығы музей экспозициясынан орын алатын болады.
АЛМАТЫ