Коронавирус • 01 Қазан, 2020

COVID-19: Қай елдерде сақтандыру бар?

429 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда Freedom Finance Life компа­ния­сы­ның сарапшылары ар­найы зерттеу жүр­гі­зіп, коронавирустан сақ­­тандыру жүйесі қай ел­дерде қалай жасал­ғаны туралы жариялады.

COVID-19: Қай елдерде сақтандыру бар?

Былтырғы желтоқсан айынан бастап COVID-19 вирусы әлемдегі ең бас­ты мәселелердің біріне айнал­ғаны мәлім. Worldometers дерегі бойын­ша қатерлі вирус дүние жүзінің 215 еліне тарап, 33 млн адамға жұқты, құр­бан болғандардың саны 1 млн-нан асты. Пандемия кезінде отандық және шет­елдік өмірді сақтандыру компания­лары жаңа өнім дайындап, іске қосуда. Freedom Finance ашық ақпарат көздерін­дегі мәліметтерді зерттей келе, Қазақ­стан­мен қатар АҚШ, Италия, Франция, Түр­кия, Литва, Украина, Ресей, Қы­­тай, Қы­р­ғызстан және бас­қа да елдерде жаңа сақ­тан­дыру жүйесі жасалғанын анық­тады.

АҚШ пандемияның ал­ғаш­қы толқы­ны басталысымен қолданыстағы жүйеге COVID-19-дан және пневмо­ниядан сақтан­дыруды ен­гізді. Сәуір айынан бас­тап сақ­тандыру полисі бар азаматтар үшін емделу 21,9-38,7 мың долларға түсе­ді. Бұл сомаға науқастар емханада 6 күнге дейін емделе алады. Бұдан бөлек кеңес беруге 34 доллар алынатын телемедицина сервисі бар. АҚШ-та сақтандыру полисі жоқ адамдар үшін стационарда бір апта емделу құны 73,3 мың долларға түсетінін айта кету керек.

Францияның Сақтандыру­шылар федерациясы коронавирусты кәдуілгі тұмауға және басқа жиі кездесетін рес­пи­­­ра­тор­лық ауруларға теңес­тіру­мен шек­телді. Сәйкесінше, клиенттер уақытша еңбек ету қабілетінен айырылған уақыты үшін ғана сақтандыру ақысын алады.

Пандемия қатты өршіп, адам өлімі көп тіркелген Италияда мамандар сақ­тан­дырудың бірқатар шараларын іске қосты. Мысалы, танымал еуропалық сақ­тандыру компаниясы Generali кор­пора­тивтік клиенттер үшін ша­­ғын және орта бизнесті, сон­дай-ақ ірі корпорацияларды қолдау бағдарламасын іске қос­ты. Аталған бағдарлама бо­йын­ша сақтандыру жағдайы туын­даған кезде клиенттер­ге ұзақ госпитализация кезін­де тәулік сайын 100 еуро мөл­шері­нде төленіп отырды. Оған қоса жансақтаудан кейін клиент­ті оңалту үшін 3 мың еуро мөл­шерінде жәрдемақы беріледі.

Generali сақтандыру шараларынан бөлек, пандемияға қарсы күреске қолдау ретінде жалпы сомасы 100 млн еуродан астам қаржы бөліп, Халық­аралық төтенше қор құрғанын да атап өткен ләзім. Аталған қаражаттың 30 млн еуросы ел халқына көмек беруге жұмсалды. Сақтандыру компаниясы­ның қызметкерлеріне қорға қосқан үлес ретінде бірнеше жұмыс сағатын тарту ету ұсынылып, оны қызметкерлер құлшына қабылдады.

Шілде айында литвалық сақ­танды­рушы­лар шетелге шығу­шы туристерді COVID-19-дан сақтандыруды іске қос­ты. Аталған бағдарламаға сәйкес клиент­тің коронавирусқа шал­дық­қаны анық­талса, компаниялар барлық қажетті меди­циналық шығынды өтейді, қажет болса, елге қайту шығынын да жабады. Бір айта кетерлігі, сақтандырудың баруға тыйым салынған елдерге қатысы жоқ.

Түркияда маусым айында елдегі барлық туристерді COVID-19-дан сақтан­дыру жүйесі енгізілді. Полис құны 13-23 еуро шамасында, ал төленетін қаржы көлемі 2-7 мың еуро аралығында құбылып тұрады. 1 маусымнан бастап елдің барлық авиакомпаниялары мен әуежайларында полисті онлайн ресімдеуге мүмкіндік жасалды.

Пандемия басталғанда Ук­раинада сақтандыру түріне сұраныс өскені анықталды. Сөйтіп сәуір айында 10-ға жуық компания COVID-19-дан сақ­тандыруды іске қосты. Компаниялар полистерінің бағасында алшақтық көп – 100-1500 гривна аралығында. Сәйкесінше, төлем құны 10 мың мен 120 мың гривна аралығында.

Коронавирустан сақтандыру жүйе­сі Ресейде наурыз айының басында қалыптаса бастады. Ең арзан полис бағасы 2 мың 500 рубльден басталады, ең қымбаты 10 мың рубль. Коронавирус диагнозы анық­талған жағдайда клиентке берілетін төлем 20-100 мың рубль мөлшерінде.

20 жыл бұрын Қытай аза­мат­тарының үштен бірінің медициналық сақтан­дыруы болған екен. Қазір халқы түгел­ге жуық сақтан­дырылған. Табы­сына, әлеуметтік мәрте­бесіне қарамастан, әр азамат медици­налық қызмет пен сапалы ем алады. Корона­вирус пайда бол­ғаннан бастап Қытай үкіметі барлық науқастың тегін емде­летінін мәлімдеді. Бұл шаралар халық­ты медициналық көмекке уақтылы жүгінуге ынталандырды және басқаларға жұқ­тыру қаупін төмендетеді.

Қырғызстанда осы саладағы компа­ниялардың шарттарына сәйкес коронавирустан 60 жасқа дейінгі азаматтар 180 күндік мерзімге сақтандырыла алады. Полис бағасы таңдалған бағдарламаға қарай 2 мың сомнан басталады. Ста­цио­нарда емделген әр тәулік үшін 1000 сом­нан 2500 сомға дейін төлем жасалады.

Қазақстанда COVID-19-дан жаппай сақтандыру сәуір айында басталды. Маусым айында Corona Protect бағ­дарламасы бойынша Freedom Finance Life өмірді сақтандыру компаниясы бастапқы сақтандыру төлемдерін жүзеге асырды.

Аталған бағдарлама бойынша ең көп сақтандыру төлемдері Алматы мен Ақтау қаласында төленіпті. Freedom Finance Life компаниясында төлем алған сақтандырылғандар орташа есеппен – 30-50 жаста.

Corona Protect бағдарламасы бо­йынша 5 мыңнан астам жеке және заңды тұлғалар полис ресімдеді. Оның полисі 6 ай бойы бүкіл әлемде қолданылады. Тиісті талап бойынша клиенттер емханаға жатқызылған жағдайда қаржылық көмек ала алады. Алда-жалда қайтыс болған клиенттерге тиесілі сақтандыру төлемі мұрагеріне беріледі. Таңдалған пакетке сәйкес сақтандыру құны 4900 теңгеден 24 500 теңгеге дейін. Ал төлемдері 100 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейін барады.

Ерте көктемде пандемияның алғашқы толқыны келісімен-ақ Қазақстанның ішіндегі және шет мемлекеттермен ара­дағы ұшақ байланыстары тоқта­тылғаны белгілі. Алғашқы толқын өткен­нен кейін әуе рейстері қалпына келіп, шетел­ге қыдырушылар пайда бола бастады. Сол тұста туристік операторлардың бар­­лығы саяхаттаушыларға мін­детті түрде COVID-19-дан сақ­тандыру туралы талап қойды. Міндетті сақтандыру коро­навирустың ауыр түрін жұқтырған туристің барлық емдеу және қатынау шығындарын жабады.