Бауыржанмен бірер апта бұрын газетке кезекті бір материалды әзірлеу барысында таныстық. Instagram желісі арқылы онлайн-жаттығу жүргізетінін көріп қалғанымыз бар-тын. Сөзге тарттық. Дене дайындығына, фитнес-индустрияға қатысты айтқан тұшымды ойлары ұнады. Сөйтсек, ол осы саланы бір кісідей меңгерген кәсіби маман екен.
Әдетте, ірі фитнес-клубтарда бұлшық еті бұлтиып, нұсқау беріп жүретін жаттықтырушылардың ішінен қазақ жігіттерін сирек кездестіреміз. Сондықтан болар, Бауыржанның бұл саладағы жетістігіне кәдімгідей қуанып қалдық. Ал оның пандемия кезінде Қазақстанда алғаш болып онлайн-жаттығу ұйымдастырғанын естігенде «Бәрекелді!» аузымыздан қалай шыққанын аңдамай қалдық.
Бауыржан Рысбек – Семейдің тумасы. Шымкентте өсіп, ер жеткен. Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 12 жыл құқық қорғау органдарында еңбек еткен. Президент Әкімшілігінде қызмет атқарыпты. 2014 жылы спорт саласына ауысып, шегеге ілген қолғабын 13 жылдық үзілістен кейін қайта киіп, жаттығуға кіріскен. Кезінде ұлттық құраманың екінші, үшінші нөмірлі жігіттерімен бірге жаттыққан Бауыржан үшін спорттық бабына оралу аса қиынға соқпапты.
– Бір жыл жаттығып, қалпыма келдім. Қайтадан ұлттық құрамаға іліндім. Олимпиада ойындарына қатысқым келді. Бірақ, құраманың сол кездегі бас бапкері Мырзағали Айтжанов оңаша бір отырғанда жолды жастарға беру керектігін ескертті. Үлкеннің сөзіне тоқтаған елміз ғой, қарсылық білдірмедім. Іле кәсіпқой боксқа ауысу туралы да ұсыныс түсті. Алайда құқық қорғау органдарында қызмет атқарғандықтан, құпия мәліметтердің иесі ретінде бес жыл шетелге шығуыма болмайтын еді. Сөйтіп боксты доғарып, спортшыларды физикалық тұрғыдан шынықтыруды қолға алдым, – дейді ол.
Бүгінде қырықты алқымдап қалған Бауыржан фитнес-тренер болып жұмыс істейді. Атап өткеніміздей, Рио Олимпиадасында мерейі үстем болған бірқатар спортшыны шынықтырған. Әнші әрі боксшы Ибрагим Ескендірді шынықтырған да осы бапкер. Қазір кәсіпқой бокстағы қос оғлан Мадияр Әшкеев пен Айдос Ербосынұлының физикалық дайындығымен айналысып жүр. Спорттық бабында жүруді жөн көретін Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты да шынықтырады. Бұдан бөлек, Instagram желісінің тікелей эфирі арқылы онлайн-жаттығу ұйымдастырады.
– Қазақстанда карантин режімі енгізілген сәтте-ақ Instagram арқылы онлайн-жаттығу өткізуге көштім. Алғашқы аптада 7-8 адам кіріп, қадағалап отырды. Одан кейінгі аптада тұрақты көрермендердің саны 25-ке жетті. Кейін бір сәтте 50 адамды жаттықтыратын болдым. Наурыз, сәуір, мамыр айларында осылай жұмыс істедік. Кейін ашық алаңдарда жаттығу жүргізуге рұқсат берілді. Менен кейін онлайн-жаттығуға көшкендер көп болды, – дейді ол.
Өмірімізге көп өзгеріс енгізген пандемия фитнес-индустрияны да тығырыққа тірегені рас. Себебі, бірінші кезекте фитнес-клубтардың қызметіне тыйым салынды. Сол қиындықтан жол тапқан кәсіби мамандардың көшін дәл осы Бауыржан бастап тұр.
– Біздегі фитнес-индустрия бәсекеге қабілетсіз. Қызметін қадағалайтын, жұмысын реттейтін орган жоқ. Әркім 25 мың теңге төлеп, фитнес-тренердің сертификатын иеленіп жүр. Олар үйретіп жарытпайды. Ал кәсіби маман төтенше жағдайдың өзін тың мүмкіндік деп қарастыруы керек. Біздің салада теорияны жақсы меңгергендер көп. Алайда олар практикаға келгенде пышырап қалады. Қазір жаңа технологияның заманы. Бірақ соның мүмкіндіктерін әлі толық пайдалана алмай келеміз. Фитнес-индустрияның пандемия кезінде тоқырағаны да сондықтан, – дейді кейіпкеріміз.
Шынында да, әлемнің дамыған елдеріндегі фитнес-индустрия амалын тауып, жағдайға қарай бейімделе алды. Соның бір дәлелі – онлайн-жаттығудың қанат жаюы. Сондықтан ертең қар көрмейтін елдер фитнес-индустрияны «далаға көшіріп» жатса, таңданудың қажеті шамалы. Оның үстіне пандемияның әзір басыла қоятын түрі жоқ.
– Оқып, ізденудің нәтижесінде онлайн-жаттығу бойынша авторлық әдістемемді әзірледім. Онда ерлерге, әйелдерге, спортшыларға жеке-жеке бағдарламалар қарастырылған. Бұдан бөлек, дене тұрқына байланысты әр адамға лайықталған бағдарламаларым бар. Мәселен, бойшаң жанға аласа бойлы адамның жаттығуын жасатуға болмайды. Қысқасы, әр адамға жеке-жеке назар аудару керек. Өкінішке қарай, фитнес-тренерлер осы жағына келгенде ақсап жатады. Олар барлығын бір әдістемемен шынықтыра береді, – дейді Бауыржан.
Оның пікірінше, онлайн-жаттығу әркез бетмоншағы үзіліп тұратын біздің ұлттың менталитетіне сәйкес келеді.
– Қазақтардың көбі залда жаттығуға қысылады. Көп жағдайда дене бітімінен ыңғайсызданады. Ал онлайн-жаттығуды ешкімнің көзіне түспей, үйде де жасай беруге болады. Бұл – бір. Екіншіден, қазір намазға жығылған жастар көп. Біздегі фитнес-клубтарда ерлер мен әйелдер араласып жүре береді. Олар мұндай жерге бармайды, әлбетте. Сондықтан онлайн-жаттығу намаз оқитын қыз-жігіттер үшін де тамаша мүмкіндік, – дейді ол.
Бауыржанның бодибилдингке қатысты көзқарасын білгіміз келді.
– Айналысып жүргендер ренжімесін, бірақ бодибилдинг – жалқаулардың спорты. Мұның жанында емдік дене шынықтыру әлдеқайда пайдалы. Рас, бодибилдинг те спорттың өзінше бір түрі. Бірақ, ол адамды мүгедек етіп тынады. Себебі, онымен айналысқанда адамның қарым-қабілеті, дене бітімі ескерілмейді. Бұлшық етті есепсіз өсіре бергеннен ағзадағы майдың, сіңірдің қызметі нашарлайды. Тамырлар қысылып қалады. Егер бодибилингтер мықты болса, неліктен кермеге ұзақ тартыла алмайды? Ұзақ қашыққа жүгірмейтіні де сондықтан. Жалпы, тренажердегі жаттығуға аса үйір болмау керек. Адам бұл жерде робот секілді өзгелердің жасағанын ғана қайталайды. Аңғарғаным, көп адам далада өздігінен жаттығу жасауды білмейді екен. Жарнамасына қызығып фитнес-клубтарға жүгіретініміз де содан-ау, – дейді Б.Рысбек.
Ол Қазақстан ұлттық құрамасындағы боксшыларды дайындауға әзір екенін айтты. Алайда ондағылар Бауыржанның қызметіне мұқтаж емес секілді.
– Біздің боксшылардың физикалық дайындығын кеңестік көзқараспен келе жатқан ағалар қадағалап отыр. Соңғы жылдары өзбектерден ұтылып, үндістерден жеңілуіміздің бір себебі осында жатыр. Спортшыларды дайындау жүйесін қайта қарау керек. Мысал келтірейін. Жәнібек Әлімханұлы деген жарық жұлдызымыз шықты. Алайда біздің дене дайындығына жауапты тренерлер 20 жасқа толар-толмас кезеңде Жәнібектің бойындағы бар сөлін, күшін сығып алды. Салдарынан боксшы құлдырады. Ақыры ол кәсіпқой боксқа ауысып кетті және дұрыс қадам жасады деп ойлаймын. Әр спортшыға жеке назар аудару керек. Бізде олай емес. Серік Сәпиев чемпион атанса, барлығын Серік секілді жаттықтыруға көшеміз. Әркімнің қабілеті әртүрлі екенін естен шығарып аламыз. Ал боксшылар психологиялық тұрғыдан өте нәзік келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Шынықтырудың шебері Бауыржанның міндеті – халықты дұрыс жаттығуға үйрету. Жалқаулықтан арылту да – арманы.