Қоғам • 02 Қазан, 2020

Төрт өңірде құстың қырылуы тоқтады

241 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында құстың қырылуы тоқтады. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында қанаттылардың өлім-жітімі азайып келеді.

Төрт өңірде құстың қырылуы тоқтады

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі Ветеринариялық бақы­лау және қадағалау комитеті тө­ра­ғасының міндетін атқарушы Тұр­сын Қабдолдановтың айтуынша, екі облыста және бір республикалық қалада құс тұ­мауы расталмады. 48 елді ме­кенде карантиндік шаралар бел­гіленді.

– Соңғы тәулікте құс өлімі­нің төмендегенін байқадық. Каран­тинге жабылған елді мекендерде эпизотияға қарсы отрядтың 733 маманы жұмыс істеуде және 148 техника жұмылдырылған. Жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша бекітілген ветеринарлық іс-шаралар жоспарына сәйкес осы жылдың ақпан айында екпе жүргізу үшін құс тұмауына қарсы 3,3 млн-нан астам вакцина бөлінді. Сонымен қатар қыркүйек айында құс тұмауын жұқтыру ошақтарын оқшаулау үшін республикалық резервтен қосымша 3,1 млн доза қарастырылды. Осы аптаның соңында тағы 1,3 млн доза жет­кізіледі. Осылайша, өңірлерге бері­летін доза көлемі 7,7 млн болады. Вакцинация – отандық өнім, тегін жүргізіледі, – деді Т.Қабдолданов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, бүгінде мәжбүрлі вакцинация аясында 8 облыстың 424 ауылдық округіндегі 1,7 млн құсқа вакцина салынған.

– Құс өсірушілер одағы­мен және жұмыртқа өндіру­ші­лер қауымдастығымен ке­лі­сіл­­ген стратегия бойынша рес­публикалық бюджет есе­бі­­нен тек аналық құстарға, сон­­дай-ақ құс фабрика­лары­ның айналасындағы 20 шақырымдық аймақта ор­налас­қан жеке аула­дағы құс­тарға және жабайы құс­­тардың ұшу жолына про­филак­тикалық вакцинация жүр­гізіледі. Қолданыстағы вете­ринарлық заңнамаға сәйкес құс фабрикаларының өздері вак­­циналау жүргізуге міндетті. Бұл ретте бройлер бағытындағы құс фабрикалары олардың өмір сүру мерзімінің қысқалығына (36-40 күн) байланысты екпе жүргізбейді. Олар бір тәуліктік балапандар мен ин­кубациялық жұмыртқаны құс фабрикаларынан алады. Ал ондағы аналық құс тұмауға қарсы егілген. Жұ­мыртқа ба­ғы­тындағы құс фабрикалары тауықтарды вакциналайды, – деді Т.Қабдолданов.

Статистика комитетінің ресми дерегіне сүйенсек, республикада 46,7 млн құс бар. Оның 14 млн-ы жеке аулаларға тиесілі, қалғаны  құс фабрикаларының иелігінде.

– Бүгінде бүкіл республика аумағындағы құстың шығынын есептеп отырмыз. Халық қазір бір құс өлсе де бізге хабарлайтын болды. Мәселен, Қызылордада 12 құс өлді. Олардан сынама алынып, зертханада тексеріледі. Зертханаға апарған сынаманың 50 пайызынан құс тұмауы анық­талмайды. Бұл жерде табиғи шығын да жоқ емес. Қазақстанда осы уақытқа дейін қырылған 588 мың тауық көміліп, есепке алынды. Бірақ оның ішінде құс тұмауынан өлгені – 329 651 бас. Оларға өтемақы төленеді, – деп нақтылады ол.

Құс өлімі 7 облыстың 99 елді мекенінде тіркелген. Жеке аулаларда 23 854 құстың өлгені анықталды.

Т.Қабдолданов баспасөз мәс­лихаты барысында Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Якорь ауылындағы құс фабрикасында қырылған құсқа қатысты түсініктеме берді. 

– Жұмыс тобы аталған ауыл­дағы құс фабрикасына барып, мән-жайға қанықты. Тексеріс кезінде анықталғандай, ондағы құстардың 256 мыңы ауа жетпей тұншығып өлген. Яғни құс тұмауынан емес, – деді Т.Қаб­дол­данов.

Еске сала кетейік, осы жыл­дың қыркүйек айында әлем бо­йынша 26 елде құс тұмауының 429 ошағы тіркелді. Бұл ретте, көршілес Ресейде аурудың 28 ошағы анықталған. Осыған байланысты Қазақстан өз тарапынан Омбы және Челябі облыс­тарынан құс және құс өнімдерін әкелуге, өткізуге уақытша шектеулер енгізді.