Саясат • 02 Қазан, 2020

Азаматтық – жайлы өмірдің символы емес!

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында «Мемлекеттік қызметшінің немесе квази­мемлекеттік мекеме басшысының қос азаматтығы анықталған жағдайда олар қызметінен босатылады», деп мәлімдеді.

Азаматтық – жайлы өмірдің символы емес!

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Президенттің бұл мәселеге назар ауда­­руы бекер емес. Кейінгі кезде қос ел­дің азаматтығын алғандар туралы ақпарат та, жауапқа тартылған адам­­дар да көбейіп барады. Ішкі істер министрлігі Көші-қон қызметі басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қазақ­станда жыл басынан бері пы­сықталған алгоритм бойынша қос аза­маттығы үшін жауаптылыққа тар­тылған 284 бұрынғы азаматы анықталды.

Азаматтығынан айырылған адамдар бола тұра, тәртіп бұзушылар Қазақстанға келу және тұру үшін қазақстандық құжаттарды пайдаланды. Олардың бірқатары шет мемлекеттің азаматтығын қабыл­дағаны туралы уақтылы хабар­ламағаны үшін әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. Осы заң бұзушылықтар үшін 266 адамға (277 800 теңгеден 555 мың теңгеге дейін) айыппұл салынып, 18 адам елден шығарылды. Бұл – Ішкі істер органдарының анықтағаны ғана. Ал ешкімнің көзіне түспей, «көк паспортты» емін-еркін пайдаланып жүргендердің нақты саны белгісіз.

Қос азаматтыққа Ата заңымызда да, «Азаматтық туралы» заңда да тыйым салынған. Заң бойынша, өзге елдің азаматтығын қабылдаған Қазақстан азаматы отыз тәулік ішінде Ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне осы қадамы туралы хабарлап, қолындағы Қазақстан Республикасының паспортын немесе жеке куәлігін тапсыруы тиіс.

Аталған  заң талаптарын орын­дауға асықпайтындар да бар. Олар бір жағынан Қазақстанның азамат­тарына арналған игілікті көріп отыр­са, екінші жағынан шетелдің жақ­сылығын пайдалануға тырысады. «Егемен Қазақстан» газетінің тілшілері дайындаған  мақалалар осыны дәлелдейді. Ендеше, бұл мәселеге құқық қорғау органдары ерекше назар аударып, ұқыптылық танытуы қажет екені айтпаса да түсінікті.