Руханият • 02 Қазан, 2020

Қазақ-қырғыз бір туған...

1438 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ежелден қазақ пен қырғыз халқының төсекте басы, төскейде малы қосылған бауырлас ел екені белгілі. Еліміз егемендік алған жыл­­дардан бері екі ел эко­но­микалық жағынан ынты­мақтастықта болып қана қоймай, рухани тұрғыдан да пікірлес, мұраттас болып келеді.

Қазақ-қырғыз бір туған...

Ұлттық келісім мен қоғамдық бірегейлікті одан әрі нығайту мақ­сатында Тараз қаласында «Жам­был облыстық «Манас Ата» қырғыз этномәдени бірлес­тігі» қо­ғамдық бірлестігінің ұйымдас­ты­руымен қырғыз этносының мәдениеті мен өнері күні өтті. Мәдени шара барысында аталған қоғамдық бірлестіктің төраға­сы Сағымбек Мырзабеков сөз сөй­леп, жалпыұлттық бірлікті нығай­ту бағытында жұмыс жүргізу бір­лестіктің негізгі мақсаты еке­нін жет­кізді. Сонымен қатар ол қазақ пен қырғыздың ұлттық дәс­түр­леріндегі ұқсастықтар мен тамыр­ластықты сақтау туралы әңгімеледі.

Атақты Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Молда Бағыш, Сарбас пен Қалмырза сияқ­ты ақындардың айтыстары екі елдің де ортақ құндылығы бо­лып саналады. Сол сияқты өнер­дің барлық саласында да қазақ пен қырғыздың рухани үндес­тігі бірден аңғарылады. Қыр­ғыз этносының мәдениеті мен өнері күніне орай Әулиеата то­пы­ра­ғында ұйымдастырылған ша­раға өңірдегі «Ақсақалдар мен Ана­лар» кеңестерінің өкілдері де қатысып, бірлестіктің «Жастар қанаты» көпшілікке өз өнерлерін көр­сетті. Қобыз және домбыра ас­паптарының сүйемелдеуі­мен «Арман-ай», «Жылқычының жыры» әндері шырқалды. Өнер­паздар мыңжылдықтарға жалғас­қан рухани мұра «Манас» эпосынан үзінділер оқып, тараздықтар­ды тәнті етті. Сондай-ақ қырғыз халқының ұлы перзенті, әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың туындылары жайында әңгіме өрбіді. Қаламгердің әрбір шығарма­сын­да қазақтың ұлы болмысы, тағдыры мен тарихы көрініс табатыны айтылды. Сонымен қатар жазушының «Қош бол, Гүлсары», «Ерте қайтқан тырналар» атты атақты шығармаларынан үзінді­лер сахналанды. Шығармада бей­не­ленетін тұлпар Гүлсарының тағ­дыры, Танабай мен Шораның дос­тығы, жалпы, соғыстан кейінгі кезең­нің қиындығы, адамдардың ара­сын­дағы әділетсіздік сияқты көрі­ніс­терге көпшілік куә болды.

Жиын соңында өнер көрсеткен өнерпаздарға алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.

 

Жамбыл облысы