08 Қараша, 2013

«Ауыл сақшысы» – жаңа телесериал

378 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Sequence 01.Still03411 қарашадан бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «Ауыл сақшысы» атты жаңа телесериал көрсете бастайды. Енді бұл премьера «аяқ-астынан қайдан пайда бола кетті, кімдер жасады» деген мәселеге тоқталайық...

11 қарашадан бастап «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «Ауыл сақшысы» атты жаңа телесериал көрсете бастайды. Енді бұл премьера «аяқ-астынан қайдан пайда бола кетті, кімдер жасады» деген мәселеге тоқталайық...

Sequence 01.Still034

Сәбит Құрманбеков – қыл­қаламын қайқы қылыштай сермеп жүрген танымал кари­ка­турашы-суретші. Елімізде есімі карикатурашы-суретші, кино-қоюшы қызметімен танымал болған өнерлі азамат бұл жо­лы киносериалдың режиссері тұғырында жаңа қырынан та­нылмақ. Виктор Климов – Қа­зақ­стан көрерменіне деректі фильмдердің авторы ретінде та­нылған белгілі теле-журналист, қазір кино өндірісіне, оның ішінде телесериалдарға про­дюсерлік етіп келеді. Жаңа са­ла­да «қаламын сынаған» оның «Біздің заманымыздың қаһар­маны» фильмі көрерменін бейжай қалдырмағаны көпшілікке мәлім. Бейбарыс Жұманиязов – музыкант. Атақты «Үркер» тобының байырғы мүшесі. Бүгінде киноға сценарий жазумен айналысады. Ал Бейбарыстың «Үркер» тобындағы әріптесі, композитор Айдос Саға­тов біз айтып отырған осынау «Ауыл сақшысы» телесериалының музыкасын жазып шықты.

Міне, өздеріңіз байқағандай, сериалдың авторлары, бір қара­ғанда, кино әлемінде кездейсоқ бас қосқан, либерал, мемлекеттік арнаның кірпияз талаптарын түсініп те білмеген жандар секілді. Алайда, осынау жаңа туындыдан Ұлттық арнаның жаңа заманғы жаңаша іздену тәжірибесіне еш нұқсан келмегені анық. «Қа­зақстан» 11 қарашадан бастап импорттық сериалдарды тағы да белгілі мөлшерде қысқартуға мәжбүр... Өйткені, экранға «Ауыл сақшысы» шығады! «Ауыл сақ­шысы» фильмінің бұл қадамы отандық кино өндірісінің бүгінгі бұлқынысынан сыр тартқандай. Бұл құбылысты Ұлттық арнаның мемлекеттің басты саясаты – ауыл­ға бетбұрыс бағытымен үндесуі десе де жарасамды болып тұр.

Фильмнің оқиғасы қарапайым желіде құрылғанмен, бүгінгі күнгі көкейкестілігімен, зәрулігімен көрерменін бірден баурайды. Арды аяққа басқан аттөбеліндей азғантай топ пайдалы қазба табылған ауылдың айналасында теріс пиғылды оймен «өрмекшінің торын құрып» әлекке түседі. Кезекті тексеру ісімен қаладан ауылға аз уақытқа атбасын бұрған полицияның жас лейтенанты бұл жерде кездейсоқ кідіреді. Әри­не, әрине, әуелде ...ауылдың қызығы мен шыжығына батып, диірменнің тасындай шыр айналып есінен танған қала баласы тезірек бұл иірімнен құтылуға асыққан. Алайда, лейтенантты кідірткен талшыбықтай майысқан ауыл қызына деген шоқтай сезім еді... Қызметтік борыш пен жеке өміріндегі сезім әуездері айналып келіп нағыз бүгінгі күннің қаһарманы – полиция погонындағы батырдың болмысы сомдалады. Көрермен осыны байқайды.

Шынайы ауыл өмірі тура­лы сериалды «Қазақстан» ұлт­тық арнасының қазіргі саяси жағдаяттардың пернесін дөп басуы демеске амалың жоқ. Баршаға мәлім, биылғы 1 қарашадан бастап, еліміздің көшелеріне әмбебап полияция қызметкері шықты. Соның ізін ала Ұлттық арна ол қызметкердің қандай болу керектігі жайында көркем шежіре ұсынып отыр. Шынайы үйлесімділік! Ақиқаты солай, ешқандай да пафоссыз бейнеленетін телесериал полиция қызметкерін әдеттегідей қамшының астына ала бермей, оның кімге де болса дос, жолдас, қажетті кезінде қолұшын беретін көмекші екенін көрсетеді. Ауыл сақшысының (полиция инспекторының) міндеті – халықты қорғау, халыққа қолұшын беру екенін қайталап еске салады!

Сонымен, қазіргі қазақ киносериалдары қатарында өзінің жайдары да уытты сықақ-әзілге бай көріністерімен, айналайын ауылдың бүгінгі өмірі мен оның қарапайым адамдарының бейне-болмысын айна-қатесіз сомдаған фильм көрерменге жол тартты. Шығарманың күллі желісін көз алдымыздан тізбектеп өткізген біздің ойымыз осындай. Ал сіз­ге, құрметті көрермен, «Ауыл сақ­шысы» сериалының премьерасы «Қазақстан» ұлттық арнасы­нан 11 қарашада 19.30 сағатта көрсе­тілетінін ескерткіміз ғана келеді.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

журналист.

АЛМАТЫ.