Аймақтар • 03 Қазан, 2020

Ақмолалық диқандар егін орағын аяқтады

492 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі ең астықты өңірлердің алғашқы үштігінен табылатын облыс диқандары ерте көктемде 4,4 млн гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатын. Ел қамын ойлаған еселі еңбектерінің арқасында жерде өскен дәнді жерде қалдырмай, уақытылы тап-тұйнақтай етіп жинап алды. Қырмандағы қызыл дәнді тау-теңіз етіп текшелеген толайым табыс тегеуірінді еңбекпен келгендігі даусыз, деп жазады Egemen.kz

Ақмолалық диқандар егін орағын аяқтады

Ұзақ жылдар бойы толымды тәжірибе қалыптастырған аймақтың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері 5,2 млн тонна астық бастырды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 17 пайызға көп. Жазда жаңбыр ала-құла жауды. Кейбір аудандарда тіпті аспаннан нәр тамған жоқ. Күн ересен ыстық болды. Ауа райының осындай қолайсыз кезінің өзінде облыс бойынша гектар берекесі 11,8 центнерден айналып отыр. Бұл орайдағы табыс көлемі де өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп.

–Астық сапасы өткен жылмен салыстырғанда өте жақсы. 95 пайызы үшінші класты. Қазіргі күні астық қабылдау кәсіпорындарына жеткізілген дәннің қамырлылығы 30 пайыздан жоғары. 2019 жылы бұл көрсеткіш небәрі 12 пайыз болып еді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаев.

Бүгінде элеваторларға 2 млн тоннадан астам жаңа астық жеткізілген. Қазір кептіріліп, тазартылып жатыр. Егін орағының күзгі жауын-шашынға ұрынбай, уақытылы аяқталуына машина-трактор паркінің жаңартылуы жақсы себеп болып отыр. Мәселен, биылғы егін орағына сегіз мыңнан астам астық жинайтын комбайндар қатыстырылған. Оның ішінде жоғары өнімді шетелдік техниканың үлесі басым.

Өңірдегі астықты аудандардың бірі – Сандықтау. Егістік көлемі және алынған өнімі жағынан алдыңғы лектегі өңір. Аудан диқандары егін орағын қысқа мерзімде аяқтап шықты. Гектар берекесі 15 центнерден айналды.

Ал майлы дақылдар түсімі 8,2 центнерден оралып отыр. Егін орағының соңғы аптасында уақытпен санаспай жұмыс істеген диқан механизаторлар тәулігіне 15-20 мың гектар жердің егінін жинады.

Аудандағы мықты шаруашылықтар қатарынан "Свободное", "Труд", "Белгородский" серіктестіктерін атай кетуге болады. Мәселен, биыл белгородтықтар гектар берекесін 26,1 центнерден, "Каменка и Д" серіктестігі 24 центнерден айналдырды. Осы қатардан "ПЗ Балкашинский", "Свободное"  серіктестіктері де табылып отыр. Диқандардың айтуына қарағанда, құрғақшылық жылы берекенің молынан оралуы ең алдымен агротехникалық шараларды дұрыс үйлестірілулерінде екен.

Бұл шаруашылықтарда топырақ өңдеу мәдениеті жыл сайын жетілдіріліп келеді. Оның үстіне органикалық және минералды тыңайтқыштарды ғылыми негізде пайдаланады. Ең бастысы, жоғары өнімді тұқым қорын сұрыптап, келер жылғы егістің кепілі ретінде сақтауда.

Облыс жиын-терімді абыроймен аяқтап, қазір сүдігер жыртуға кірісуде. Ертеңнің қамын бүгін ойламаса бола ма?!