Сұхбат • 05 Қазан, 2020

София Молдағалиева: «Жұбан қазақты жырласа, халқы бүгінде Жұбанды жырлайды»

810 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

«Мен – қазақпын мың өліп, мың тіріл­ген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген» деген өлең жолдарын оқымаған қазақ кемде-кем. Жұбандай өр ақынның өр­шіл де, ұлтжанды өлеңі қай-қайсымыз­дың болмасын жүрегімізде намыс отын жағып, ел мен жерге деген сүйіс­пеншілігімізді арттыра түсетіні хақ. Ашаршылық пен жоқшылықтың азабын тартқан, жетімдікті көріп, сұрапыл соғысты басынан өткерген майдангер-қаламгер өзі өмір сүрген кезеңнің әділетсіздігін шығармасына арқау етті. Бүгінде Жамбыл көшесіндегі 147-үй, 9-шы пәтер ақын мұрасының ұясына айнал­ған. Өзі көзі тірісінде жинаған кітап қорының бір парасы сақталған шаңырақта ақынның жары София Молдағалиева қаламгер аманаттап кеткен асыл мұрасын көзінің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа естеліктерімен бөлісіп отыруды өмірінің бір бөлшегіне айналдырған. Жақында Жұбан Молда­ғалиевтің туғанына 100 жыл толуына орай Орал өңірінде өткен кездесуден ора­л­ған София Мәлікқызымен ақын шығармашылығы жайында әңгі­мелескен едік.

София Молдағалиева: «Жұбан қазақты жырласа, халқы бүгінде Жұбанды жырлайды»

– София апай, осы жылы Жұбан Молдағалиевтің туғанына жүз жыл толуына орай Орал өңірінде бір­қатар шаралар жалғасын табуда. Бұл жыл сайын туған жерінде ақынды ес­ке алуға байланысты өтетін дәстүрлі ша­ра­лар деуге негіз бар. Биылғы кездесу­лер несімен ерекшеленді?

– Жұбан ақынды ел-жұрты жылда ес­ке алып, қал-қадерінше отбасына да құрмет көрсетіп келеді. Биыл да өңірде ақынын дәріптеп, еңбектерін насихаттап, келер ұрпақтың жадында қалуы жолында атқарылып жатқан игі істер мол. Бұл жыл сайын жалғасын тауып, үздіксіз өткізіліп тұратын шаралар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ақын мерейтойына байланысты құттықтау хат жіберіпті. Облыс әкімі салтанатты жағдайда осы құттықтау хатты оқыды. Осы жүз жылдық аясында Орал қаласындағы Жұбан саябағында еңсесі биік ескерткіш қойылды. «Мен – қазақпын» байқауы өтіп, кітапхана, мәдени орталықтарда барынша еске алу шаралары өтуде. Аудан орталығында Жұбан орталығының ашылуы, Батыс Қазақстан облыстық әкімдігі тарапынан энциклопедия, естеліктер, тарихи-ғұмырнамалық анықтамалықтың жарық көруі бұл өлкенің өз азаматына деген үлкен құрметі деп білемін. Осы орай­да облыс әкімі Ғали Есқалиевке, Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетовке алғысым шексіз. Жұбан өз заманында қазақты жырласа, халқы бүгінде Жұбанды жырлауда. Осы жылы да ақынның ұрпақтарына деген туған өлкенің құрметі ерекше болды. Өзім бастап, балалар, келіндер, немере, шөберелерімізбен тоғыз жан Жұбанның балалық шағы өтіп, өскен өлкесіне барып мауқымызды басып, аруағына құран бағыштап қайттық.

– Ақынның көзі тірісінде шығар­ма­лары ағылшын, неміс, француз, поляк, тағы да басқа көптеген тіл­ге аударылып, жетпіске тарта кіта­бы жа­рық көрген екен. Ақынның мұра­ға­­тында өзі жазып қал­дырған барлық мұ­ралары жарыққа шықты ма?

– Жұбан нағыз партияның адамы болды. Дегенмен, шығармашылық жос­­пар­ларына қатысты хабардар етпесе де, жазған дүниелерін оқып беріп, менің де пікірімді біліп отыратын. Бірақ жұмысбастылығы үйде шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік бермеді. Десем де Жұбан­ның Махамбет өмірінен жазған «Кек», «Айттым сәлем», «Байқоңыр баспал­дақтары», «Сел», «Қыран дала», Құр­манғазы туралы «Кісен ашқан» поэ­малары қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік шығармалар. «Кісен ашқан» поэмасы үшін 1970 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа, «Сел» поэмасы 1978 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие бол­ғаны белгілі. Ол уақытқа қатал қараған қаламгер ретінде Юрмала, Мәскеу ма­ңында, Малиевкада жазушылардың шы­­ғармашылық үйіне жылына немесе екі жылда бір мәрте барып өнімді жұ­мыс істеп қайтатын. Бұл іссапарлар көп жағдайда Қазақстан Жазушылар одағында басшылық қызметімен, КСРО Министрлер Кеңесінің және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі коллегиясының мүшесі болуымен де тығыз байланысты болды. Өз басым Мәскеуге, Че­хословакияға бірге бардым. Сол жылдарда Кеңес тұсындағы шығармашыл қауымның көпшілігімен етене жақын араластық. Жұбан қазақ қаламгерлерінің шығармаларын орыс тіліне аударуға көп еңбек сіңірді. Қырғызстаннан – Шыңғыс Айтматов, Башқұртстаннан – Мұстай Кәрім, Украинадан – Максим Танк, Ресейден – Георгий Марков, Конс­тантин Ваншенкин, Роберт Рож­дественский, Андрей Вознесенский, Евгений Евтушенко, Римма Казакова, Владимир Савельев сияқты қаламгерлер Жұбанға жақын болды. «Мен қазақпын» шығармасын аударған Римма Казакова­мен етене жақын араластық. Ол есте­лігінде осы шығармаға бар ынтасымен кіріскенін айтқан болатын. Бірде ақын, журналист Сергей Островой «Софья ханым, көптеген қаламгер Алматыда болып, сіздің дастарқаннан дәм татқандарын мақтанышпен айтып отырады» дегені бар. Мен де қазақтың қонақжай халық екенін, дастарқанымыз қашанда жаюлы екенін айтқан едім. Мәскеуде Л.Хамиди ағамыздың үйіндегі Айша апайдың шаңырағында болып, асымызды әзірлеп, қазақы дастарқаннан дәм татқысы келген талай қаламгерді қонақ етіп, сол кезеңдегі әдебиеттің жетістігі мен жаңалықтарын бірге бөлісіп отырушы едік.

– Ақын өмірі қиын-қыстау кезең­дер­мен тұспа-тұс келді. Ашаршылық, сұра­пыл соғыс жылдары. Өз есте­лі­гінде «Анамның жанынан қалмай жү­ріп, жәдитше хат танып кеттім» дейді. Сіз ақынның анасымен бір шаңырақ ас­тында тұрдыңыз. Сол жылдарда Жұ­бан ақынның бала­лық шағына қатысты әңгімелер қанша­лықты жиі айтылушы еді?

– Жұбанның әкесінен ерте қалып, балалық шағының ауыр жылдармен бай­ланысты болғандығы өмірбаяндық деректерінде көп айтылды. Ашаршылық жылдарында Ресейге ауған елдің ішінде Жұбанның да отбасы болғаны белгілі. Ел басына күн туған нәубет жылдарда әкесі мен ағасы тырысқақ ауруынан көз жұмды. Кейін елге оралғаннан кейін Жұбан ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, сол жерден әскерге, одан майданға аттанды. Ал анамыз Зеріп шаруашылық ұстап, сауыншылармен бірге сиыр сауып, сүтінен май қайырып, майданға жөнелткендерін әңгімелеп отыратын. Жұбанның қаламға құштарлығының бір себебі, анасының да өлеңнен қара жаяу еместігімен бай­ланысты. Ол кісі Жұбан өзі еске алғанындай, үйде де қолына домбырасын алып, ішіндегі мұңын ән айту арқылы шығарып отыратын. Енеміз алты айлығында әкесінен жетім қалған Жұбанның балалық шағы туралы да жиі әңгімелейтін. Жұбан да анасын барынша қадірлеп, құрметке бөледі. Қазақ әйелінің өткен заманғы қатал тағдыры мен оның жаңа өмір жолындағы күресін арқау ете отырып 1965 жылы жазылған «Жесір тағдыры» шығармасын жазды. Зеріп анамыз мені келін ретінде өзі таңдап алды. Мен де анамыздың бетіне тура келмей, сыйлап өтуге тырыстым. Бұл шаңыраққа келін болып түсуімнің де тарихы қызық еді ғой. Зеріп анамыз Жұбанды үйлендірмек болып, таныстарына айтып, келін іздей бастайды. Менің нағашы әжеммен жақсы таныс Гүлсім апайға осы ойын айтыпты. Нағашы атам Сейітқали Меңдешев 1937 жылы «халық жауы» болып атылып кеткен. Нағашы әжем Рәзия, анам Жұпар бес баламен бір шаңырақта тұрамыз. Әкем соғыстан қайтпаған. Мен соғыс жылдарында Мәскеуден көшірілген мақта-жіп иіру фабрикасында жұмыс істеймін. Содан Гүлсім апай менің суретімді білдірмей апарып, Зеріп анамызға көрсеткен екен... Осылайша мен Зеріп анамызға ұнап, Жұбанмен отау құрдым. Анамыз балаларды бауырына салып, өмірден өткенге дейін өз қамқорлығына алды. Әже мейіріміне барынша бөлеп, менің балаларға жақындағанымды қаламады. Мен де анамыздың сезімін, мінезін сабырмен, ақылмен түсінуге тырыс­тым. Кейбір кездерде Жұбан менің сөзімді сөйлей қалған жағдайларда анамыз әжептәуір ашуланып қалушы еді. Ақынды тәрбиелеген ананы сыйлап, ол кісінің тәрбиесін алғанымнан жаман болған жоқпын. Бүгінде өзім де ене болып, келіндеріме анамыздан алған өнегеден ғибрат айтып отырамын.

– Жұбан ақынды білетіндер тік мінезді, шыншыл болғандығын айтады. Ғабит Мүсірепов «Ақын Жұбан бүгінгі күннің ең өзекті мәселелеріне жедел үн қосып отыратын, соның өзінде де шығармаларынан асығыстық ақауы кездеспейтін алымды талант» десе, Сафуан Шаймерденов «Жұбан – поэзияда оңай жол іздемейтін, өз шығармашылығына барынша қатал, жалпы қазақ әдебиеті алдындағы жауап­кершілікті айнытпай ту етіп көтер­ген қайраткер» дегені бар.

– Жұбан қылтың-сылтыңды біл­мейтін, тік мінезді адам болды. Өсек-аяң­ға қас еді. Бетің бар, жүзің бар демей тура айта салады. Кезінде «Жұбан Мол­дағалиев барлық пәтерді тек орал­дықтарға берді» деген қауесет тарады. Содан тексеріс жүріп, дәлел табылмады. Кейінгі жылдарда денсаулығы сыр беріп, бауырынан ауырып жүрді. Ауруханаға өз аяғымен барып, қайтып үйге қайтпады ғой... «Хатшыға хат» өлеңі шыққан кезде идеология хатшысы Имашев өлеңді көбейтіп шығарып, министрлерге таратып берген екен деп естиміз. Кезінде кітабын шығара алмай жүргенінде Қонаевқа барды. Сонда ол кісі «Ақынның жазғанынан саяси астар іздеудің қажеті жоқ» деп айтқаннан кейін жағдай тынышталғаны белгілі. Бүгінде Жұбанның еңбектері мемлекеттік бағ­дар­­ламалар аясында жарыққа шығып, республика кітапханаларына таратылып жүр. Дегенмен соңғы жылдары жарыққа шығады деген бес томдық шығармалар жинағы жарыққа шықпай қалды. Оның себебін іздеп жүру де негізсіз болар деп ойлаймын. Ұлым Азамат «Мен – қазақпын!» поэмасын қазақ, орыс тілдерінде кітапша етіп шығарды. Жұбан бір ғана «Мен – қазақпын» толғауы арқылы ұлтына, туған еліне деген сүйіспеншілігін білдіріп кетті ғой. Тарихи шындықты айта отырып, халқымыздың эпикалық өмірін суреттеді. Ана тілі, ұлт тағдыры, ана, әйел, бейбіт заман тақырыбын шығармасына арқау еткен қаламгердің еңбегі қай кезеңде де елеусіз қалмайды деп ойлаймын.

– Желтоқсан оқиғасы кезінде жас­тарға араша түскені, сонымен бір­ге қазақ жастарының оқу орындарында белгілі бір пайызбен ғана оқы­тылуы жайында ойын ашық біл­діріп, Қазақ­стан КП ОК-нің 1-хатшысы Колбиннің ал­дында мәселені төте­сінен қойғаны белгілі. Білетіндер осы жағ­дайлар ақын өміріне қатты әсер ет­кенін айтады...

– Ол бір қиын кездер болды ғой. Жазғандарында артықтау кетіп қалған тұстары болса айтып отыратын едім. Сонда Жұбан «Менің қаламымды ешкім тартып ала алмайды» деуші еді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне шыққан жастардың тағдырына қатты алаңдады. Қызымыз Гүлмира сол алаң жақта тұратын. Жастардың көпшілігі сол үйлерге қашып барып тығылса керек-ті. Біздің екі бала Қуандық пен Азамат алаңға жұмыстарынан ұжым мүшелерімен бірге кезекшілікке барды. Жұбан қатты уайымдап, оларға жастарға қарсы күш қолданбауды қатты тапсырған еді. Содан ол барлық жағдайды жіті бақылауда ұстап, хабардар болып отырды. Жазушылар одағының сол кездегі басшысы Олжас Сүлейменов үйге телефон шалып, Колбиннің келетінін, ол жерде Жұбанның сөз сөйлеуі керектігін айтты. Сонда Жұбан «Өздерің неге сөйлемейсіңдер?» деді. «Ақсақалымызсыз ғой, сіз сөйлеңіз», деді Олжас. Содан жазу бөлмесіне кіріп, айтатын сөздерін қағазға түсірді. Мен жағдайын жасап, шайын қойып беріп, жанында болдым. Бір кезде маған жазғандарын оқып беруге кірісті. Мен болсам «Тым қаттырақ кетіп қалған сияқтысың» дедім. Сол кезде «Маған не болар дейсің?» деп жауап қатты. Осылайша Колбиннің алдында ойын ашық айтып шықты. Жұбан қазақ балаларын оқу орындарында па­йызбен ғана оқыту керек дегеніне де наразылық білдіріп, пікірін айтқан болатын. Кейіннен кездескенде Колбин «Енді ризасыз ба» дегендей осы талаптарының орындалғанын жеткізсе керек. Ақын қызымыз Ақұштап Бақтыгереева ақын рухына арнаған өлеңінде Жұбанның сол бір күндегі көңіл күйін, күйінішін дәл суреттегендей әсер қалдырады. Жұбанның рухына арнаған өлеңінде:

Желтоқсан – 86, ызғарлы күн,

Мұз бен қар жылжығандай құздан бүгін.

Өттің де астан-кестен, ойда жоқта,

Артыңа ұмытылмас із қалдырдың.

Айтамыз ертегі етіп ол күндерді,

Батыр деп мадақтаймыз жөн білгенді.

Халыққа жаңажылдық сәлем жолдап,

Жазушылар үйіне Колбин келді.

Біреулер бастық көрсе, қуанатын,

Біреулер жалпылдайды сұрап атын,

Бір кезде жазушылар мінбесіне

Барады көтеріліп Жұбан ақын...» деген жолдар Жұбанның рухын асқақтатып, мерейін үстем ете түсетіндей.

– Ақын көптеген қазақ қаламгер­ле­рімен етене жақын араласқаны бел­гілі. Бұл ортада ақынмен бірге Сіз­дің де жастық шағыңыз өтті. Сол шығармашыл ортаның қандай шапа­ғатын көрдіңіз?

– Жұбан майдандас жолдасы Сағын­ғали Сейітовпен жақын араласты. Біздер алғашында Алматыға келгенде пәтер жалдап тұрдық. Қазақ қаламгерлерінің барлығының басындағы жағдай осындай болды ғой. Содан 1954 жылы пәтерлі болдық. Ұзыннан-ұзақ салынған үйде қатарласа тұрамыз. Көршіміз – Сәбит Мұқанов. Әбу Сәрсенбаев, Сырбай Мәуленов, Сағи Жиенбаев, Қабдыкәрім Ыдырысов, Ғафу Қайырбеков, Қали­жан Бекқожиннің әйелдері, Тәкен Әлім­құловтың қарындасы болып Сәбит Мұқановтың жары Мәриям апайдың жанында жүреміз. Мәриям апайдың әңгімесіне қанып, қатар жүрген кездерді бүгінде кешегі күннің естелігіндей етіп балаларға әңгіме етіп айтып отырамын.

– Ақын шығармаларына ұл-қыз­дары, немерелері қаншалықты жа­қын? Ата жолын қуғаны, шығар­ма­шылыққа жақындары бар ма?

– Балалардың алды Зеріп әжесінің тәрбиесін көрді ғой. Ол кезде заман басқа. Балалар орыс мектебіне барды. Балаларым бүгінде әкелерін мақтан етеді. Бірақ Жұбанның балаларымыз деп оқуында да, жұмыстарында да жеңілдіктер пайдаланған емес. Жұбан да балалардың оқуға түсуі, жұмысқа орналасуы деген істерге мүлде араласпай, «Өз күшіңмен, өз біліміңмен түс. Мен ешқашан біреудің алдына барып, баламды оқуға түсір деп айтпаймын» деп отыратын. Балалар да әкесіне салмақ салмай жақсы оқыды, жұмыстарына орналасты. Екі балам Қуаныш пен Қуандық сәулет саласында еңбек етті. Осы тұста Оралда Жұбанға арнап қойылған ескертекіштің авторы Қуанышпен институтта бірге оқыған сәулетші Серік Рүстамбеков екенін және Ербол Зиябековтің еңбегі зор деп айта кеткім келеді. Ал қызым Гүлмира ағылшын тілінің маманы, төртінші балам Азамат – энергетик. Гүлмира қызымның бұрындары жазғандарын көріп кезінде Жұбан «Өлең жазу деген оңай емес. Өте қиын. Кейін өзі келіп жатса, көрерсің» дегені бар еді... Немере, шөберелер атасының өлеңдерін жаттап өсіп келеді. Мектептегі байқауларға қатысып жақында шөберем Данеля «Мен –  қазақпын» өлеңін жатқа айтып, жүлделі орын алып келді. Ал Жұбанның ұрпағына артында қалған мұрасын жеткізіп, насихаттап отыру менің басты парызым деп білемін.

– Жұбан ақынның елден келген жастарға көп қамқорлық жасағаны жайында жиі айтылады. Бүгінде жақ­сының шапағатын көрген азаматтар ақынның отбасымен қаншалықты етене жақын араласып тұрады?

– Біздің үйімізге жиі келіп тұратын ауыл жастары көп болды. Жұбан ауыл­дан келген балалардың барлығына дерлік қамқорлық көрсетті. Оқуға тү­суіне көп ықпал етті. Елден келген бірде-бір баланың көңілін жықпай, басқа да қонақтардың келуіне қарсылық білдіргенім жоқ. Барымды беріп, мей­лінше Жұбанмен бірге мейірім беруге тырыстым. Қолымнан келгенше қызмет қылдым. Елден жиналысқа келгендер де біздің үйге түсетін. Маған әзір тұр дейді. Мен дастарқанымды жайып, дайын отырамын. Бүгінге дейін аман-есен отырғаным да сол азаматтардың алғысының арқасы болар. Елге барғанда да қай-қайсысы болса да құрмет-ізетін көрсетіп, Жұбанның отбасына ерекше ілтипаттарын білдіріп жатады. Оған ризамын. Кіші ұлым Азаматтың шаңырағы да ақын шығармашылығын іздеушілерден босаған емес. Келінім Айгүл Құрманғазы атындағы консерва­торияның профессоры, фортепианодан сабақ береді. Ал өзім болсам, Жұбан қызы­ғын көрмей кеткен 8 немере, 11 шөберенің жақсылығына марқайып, аталарының мұрасын дәріптеп отырған жайым бар.

– Аман болыңыз, әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»