Абай • 05 Қазан, 2020

Ар ілімін асқақтатты

1037 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қайталанбас, бірегей қасиеттері көп қазақты қаны таза ха­лық дейміз. Өкінішке қарай, осынау өзгеше халқымыз, ұлағатты ұлтымыз басқыншылықтың қорлығын, отар­шылдықтың зорлығын бастан көбірек кешіріп, азапты ғасырларда азаттығынан айырылып, азып-тозуға ұшы­рағаны да аян. Осылайша қаны таза қазақ талай-талай дерттерді жұқтырды. Олар алауыздық, арыз­қойлық, жағымпаздық, күншілдік, дүниеқоңыздық, қанағат­сыздық, екіжүзділік деп жалғасып кете барады.

Ар ілімін асқақтатты

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Биыл туғанына 175 жыл толып отырған Абай Құнанбайұлы өзінің өлеңдері арқылы да, қа­ра­сөздері арқылы да, бүкіл хакімдік ой-толғаныстары мен пәл­сапалық қағидалары арқылы да халқын рухани алапат апаттардан аман алып қалуға жанталаса, жан күйдіре күш-қуат жұм­­сады. Қайран қазағын, қалың жұртын отаршылдық былғаған қан тазалығынан біржолата айырылып қалмауға үндеді. Ар ілімін асқақтатты. Олқылықтардың бар­шасын осып, кесепаттарды кесіп көрсетті. Дендеген дерттер­ден қалай арылудың, қайтіп айы­ғудың жолдарын меңзеп, жөн-жосықтарын таразылады.

Еліміз егемендік алып, тәуел­сіздікке қол жеткізген соң ғана Абай туындылары жан-жақты, шына­йы да еркін зерделеніп, зерттеле бастады. Ұлы ұстаздың, теңдессіз ағартушының, әлемдік деңгейдегі данышпанның шын бағасы беріле бастады. Ақынның 150 жылдығында Тұңғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Назар­баев «Абай сөзі – қазақтың бой­тұмары» деген болатын. Абай Құнанбай­ұлының мерейтойы сол жылы ЮНЕСКО аясында атап өтілді.

Биылғы жылдың басында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген мақаласы жарияланып, елді елең еткізді. Абайдың 175 жылдығын қалай өткізудің жоба-жоспарлары жүйеленген жазбасында Президентіміз ұлт алдындағы ұлы міндеттерге назар аударды. Ел­дігіміз, Абай аманаттары туралы толғанды. Абайдың қай ісімізге күйінгені мен қай қылығымызға сүйінгені жөнінде ой қозғады. Одан соң «Egemen Qazaqstan» газетінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» деген мақаласы шықты. Атының өзі әрбірімізді терең тебірентуге тиіс бұл дүниесі де тағылымға толы, жүзеге асырар қағидалары мол.

Президент: «Биылғы мерей­тойға орай бірқатар іс-шара жоспар­ланған болатын. Бірақ әлемді жайлаған індетке байланысты со­ның көпшілігін онлайн форматқа ауыстырдық. Әрине, сан сынақтан сүрінбеген халқымыз бұл дертті де жеңеді. Қиындық өтпелі, ал Абай мұрасы мәңгілік», – дейді.

Алғаш рет Абай күні атап өтіл­ді. Мемлекет басшысы аталған мақаласында бүкіл еліміздің, қоғамның, оқу, білім орындарының алдына келелі де кемел міндеттер қойды. Абай жан-жақты, жаппай оқытылатын болды. Абайтануға арналған оқулықтар, хрестоматия­лар жазып, басып шығаруға тапсырма берді. Абайға және оның мұраларын меңгеруге байланысты ең алдымен білім игеру, екінші – тәрбие, үшінші – жаңа кәсіп игеру, төртінші – ынтымақ мәселелері бойынша не істеу керектігін нақ­тылады. Президентіміз осылайша қазіргі Қазақстан қоғамын Абайдың рухани ұстанымына сай дамытудың аса маңыздылығын айрықшалады.

Бәріміз де Абай және оның мұраларына байланысты мәңгілік мәністегі міндеттерге бүгінгі бас­ты парызымыз, болашақтың қамы ретінде жоғары жауапкершілікпен қарап, жаңаша жұмыс істеуге тиіспіз. Осы орайда Абай даныш­панның қарасөздеріне байланыс­ты кейбір ойларымызды айта кеткіміз келеді. Біздің қазақ, б­ү­гінгі қоғамымыз бұрын да, бү­гін де қарасөздердің қадіріне жете алмай жатқанын мойындауымыз керек. Енді Абайдың өзі аңғартқандай, «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дегендей, әсіресе қара­сөздерінің әрқайсысына терең ой көзімен қарап, жете меңгеріп, айна­лымға түсіруге бар күш-қай­ра­тымызды жұмсауға борыштармыз.

Қырық бес қарасөз! Олардың ішіндегі пікірлер мен ойлар қан­­дай?! Қағидаттар қандай?! Қа­заққа тән дерттер мен оларды ем­деудің жолдары да айқындалған. Адамдық, адалдық, ақыл-парасат пен әділдік, қанағат пен рақым хақындағы пайымдаулар қандай?! Әрине, Отыз сегізінші қарасөзі секілді анау-мынау адамның «тісі батпайтын» тұстары да аз емес. Алайда түсінікті, ұғынықты, анық та айқын қағидатталған қара­сөздерінің өзін амалға асырсақ та талай-талай табыстарға жетіп, Абай аманаттарына адалдыққа айтар­лықтай үлес қосар едік.

2006 жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы бойынша бүкіл еліміз үшін Абайдың қарасөздерін жаппай оқып-үйрену ұсынылғаны есімізде. Өкінішке қарай, тек кейбір кітапханалар мен бірқатар оқу орындарында ғана іс-шаралар өткізілді. Қарасөздерді сол жылы әрбір ұжым мен ұйым, мекемелер, бүкіл қоғам, әрбір адам оқып-үйренуі тиіс еді. Олай болмады. «Ештен кеш жақсы» дегендей, Абайға, Абай мұраларына, оның ішінде қарасөздерге бетбұрыс басталды. Ләйім, шынайы болсын, ұзағынан сүйіндірсін дей­міз. Оңтүстік өңі­ріндегі, Түр­­кістан өлкесіндегі қа­ра­ша­ңы­рақ ретінде қарасөздерге жан-жақты көңіл бөліп, тәлім-тәрбие ісінде алтын арқауға айналдыратын оқу орнының бірі – Оң­түстік Қазақстан мемлекеттік пе­дагогикалық университеті болатыны сөзсіз. Киелі оқу ордамызда ұлт мақтанышы Абай мерейто­йына деген дайындық өткен жылдан басталып кеткен болатын. «Ұлы даланың дарынды жастары» атты Абай мұрасын оқып-үйрену бағытындағы байқау, «Абай жаққан бір сәуле» онлайн-зияткерлік сайысы, эссе байқауы, Абай өлеңдерінен челлендж, тәлімгер сағаттары ашық, онлайн форматта өткізілді. Қа­­зір біздің университеттің ұжымы жаңа оқу жылында осы бағытта бағдарлар белгілеу үстінде.

Қазақтың бірінің біріне қас­күнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке талас­қыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не? – дейді Абай Үшінші қарасөзінде. Осы сауалына орай ұлы ұстаз бір­қатар жауабын ұсынады. Бүгінгі қазаққа ой салар ұсыныстарын келтіреді. Ал Төртінші қарасөзінде көптің қамы, ұрпақтың қамы, ке­лешектің қамы үшін уайым-қай­ғы ойлағыш кісіні қолдайды. Үнемі уайым-қайғымен бола бермей, солардан құтылудың қарекетін жаса дейді. «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі» дей келе, «Әуелі Құдайға сыйы­нып, екінші, өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау», – дейді. «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» – деген сұрақ қойып, қазақтың көбінесе біреуден қорқытып алғысы, алдап-арбап алғысы келетінін кекете сынайды.

Қарасөздерінің әрбірі қанатты қағидаларға құрылған. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса, жұмасында бір, ең болмаса, айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» Міне, бұл да – әрқайсысымыздың жұмыс орнымызда, үстеліміздің үстінде өрнектеліп тұруға тиіс өнегелі сөз, өшпес өсиет. Он сегізінші қара­сөзінде кербездіктің, кері тартар кердең жақтарынан безуге шақырады. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық», – деп түйіндейді. Жиырма бірінші сөзінде мақтаншақтықтың түр-түрін талдайды. Мақтанның, мақ­таншақтықтың надандыққа апарарынан абайлауға меңзейді.

Мынадай қағидаларды қалайша ұмытамыз: «Өзің үшін еңбек қыл­саң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Ғалым туралы ғылым жайында қаншама қағидаттары бар. «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым» – дейді Абай. Надандық, еріншектік, залымдық үшеуін қатты сынайды. Білімсіздікті хайуандыққа теңейді. Бұрынғы қазақтың да, қазіргі қазақтың да бойынан, болмысынан кетпей жатқан кесірлі кеселдердің бірі мынадай ғой, ағайындар. Абай айтқан: «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға қолы да тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп, ұқпай тынбайтұғыны қалай?» Немесе «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт тыныштық көрсе, сәтке тұрмай тыныштықтан жалыға қалатұғыны қалай?!»

Иә, Абай қарасөздерінің қадірін біліп, қасиетін түсініп, бүкіл өмірі­мізге, әрбір ісімізге бағдар ете біл­генде ғана елдік, мемлекеттік, адам­дық мақсаттарымызға жетеміз. Пре­зидентіміз «Абай – рухани ре­фор­матор» атты мақаласында тұ­­ғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алудың, Абай рухына тағзым етіп, қағидаттарын ұстанудың, аманатқа адал болудың қаншалықты мәнді де маңызды екеніне баса назар аударды. «Сон­да ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіре­міз», – деді.

Осыған орай бір жағдай ойы­мызға түсіп отыр. Жүз жылдан ас­там уақыт бұрын қазақтың алашшыл ақыны, елінің ерен патриоты, жалынды ойшылы Сұлтанмахмұт Торайғыров «Абайды оқы, таңыр­қа» деген еді. Бүгінгі белгілі қа­лам­гер ағамыз, жерлес жазушымыз Мархабат Байғұт «Абайды оқы, орында» деген мәселені біраздан бері белсене көтеріп, терең тебіреніспен насихаттап ке­леді. Шынында да, Абайдың өлең­дерімен, өзге дүниелерімен бірге қарасөздерін оқып, жалықпай то­қып, ерінбей орындағанда ғана Қазақ елі асқаралы асуларды алады.

 

Баршагүл ИСАБЕК,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқу және оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры, профессор