Тарих • 05 Қазан, 2020

Қуғын-сүргінге ұшыраған ұстаздар

3095 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ұстаз­дардың өмірі және тарихтағы рөлі жөнінде Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Г.Ахметованың «Репрессированные учителя» («Қуғын-сүргін құрбаны болған ұстаздар») деп аталатын монографиясы – соңғы уақыттарда тарихтағы ақтаңдақ тақырыптың қалтарысын ашқан салмақты зерттеулердің қатарына жатады.

Қуғын-сүргінге ұшыраған ұстаздар

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Нақтылай айтқанда, кітап бүгінге дейін жете көңіл аударылмаған жиыр­масыншы ғасырдың алғашқы жар­­­тысын­да Қазақстандағы қуғын-cүргін нәубеті­нің ұстаздар қауымына қатысты қырын ашуға арналыпты. Мо­нографияның басты мақсаты – қазақ хал­қының тарихи жадын қалпына кел­тіру, қуғынға ұшыраған ұстаздардың ауыр кезеңдегі ерлікке бара-бар істерін, жан­кешті еңбектерін, тағылымды тағдыр­ларын мұрағаттардан аршып алып, өске­лең ұрпаққа өнеге ету.

Еңбекті оқи отырып тарихымыздағы осынау трагедиялық кезеңнің әлі күн­ге толық ашылмаған кеңестік кезең­нің қитұрқы саясатының осынша­лық күр­делі екендігіне көз жеткізесіз. Кі­тапта мұғалімдердің саяси қуғынға ұшы­­­рау шежіресі кеңінен қамтылған. Мұ­­­рағаттық материалдар негізінде елі­міз­­дің көрнекті қоғамдық-сая­си қай­рат­кер­лерінің ты­нымсыз жүр­гі­зілген тау­қыметті ағартушылық еңбек­терінің мән-ма­ңызына қанығасыз. Мем­лекет, қоғам қайраткерлерінің қай-қайсысы бол­сын еңбек жолдарын ағартушылықтан бас­таған. Ол – жұрт­тың көзін ашып, сая­си сауатын арт­тырып, қоғамдық қоз­ға­лыстарды ояту­дың бірден-бір жо­лы болатын. Бұл істегі ең алдымен көмек­ке келетін топ – мұғалімдер екендігі де бел­гілі. Сондықтан да ел ісіндегі ұстаздардың орны өлшеусіз жоғары болды. Демек, саяси науқан кезінде мұғалімдердің назардан тыс қалуы мүмкін емес еді.

Кітаптың әр тарауында Қазақстан­ның әртүрлі өңіріндегі қуғын-сүргінге ұшыраған мұғалімдер туралы мұрағаттық құжаттар кеңінен қамтылған. Әртүрлі мәдени, тарихи, қоғамдық-саяси, көркем-әдеби және білім беру факторларын кешенді түрде зерттеу – тоталитарлық жүйе­нің қатыгез жазалауынан үзіліп қал­ған гуманитарлық-педагогикалық үде­рістерді тың, тәуелсіз көзқарас тұр­ғысынан саралауға әкелген.

Кітаптың алғашқы тарауында біз­ге бұрыннан біршама мағлұм бол­ған А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сей­фул­лин, О.Жандосов, І.Жансүгіров, Б.Май­лин, С.Асфендияров, М.Жұмабаев, Ж.Ай­­мауытов, Т.Жүргенов, Е.Бек­ма­­ханов, Ә.Ермеков тәрізді көр­некті қай­раткерлердің өмірі мен шығар­ма­шылығы алғаш рет жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы біртұтас ұлттық білім берудің дискурсы тұрғысынан қа­­растырылыпты. «Қазақ даласының қу­ғын-сүргінге ұшыраған белгілі мем­ле­кеттік қайраткерлері» деп аталатын бұл бөлімде халыққа білім беру жү­йесінің мәселелерін өткір түрде көтере алған бірсыпыра қазақ зиялыларының пе­дагогикалық қызметі жаңа қырынан қарастырылған. Еліміздегі ғылыми-педагогикалық ақыл-ой тарихын осылайша кезеңдік ерекшеліктері тұрғысынан зерделеудің өзі ғылымдағы жаңа бағыт екендігі сөзсіз.

А.Байтұрсыновтың педагогикалық қызметін зерттей отырып, Г.Ахметова: «Мек­тептің жаны – мұғалім» деген қа­натты сөздің нақ осы ұлы тұлғаға тиесілі екендігін өзінше айғақтап, жекелеген дәйектемелер келтіреді. 1921-1928 жылдары халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиетінен, мәдениет тарихынан сабақ берген ұстаз-ғалымның айтқан сөздерінің сол заманға сай мол тәжірибеден туғандығын дәйектейді.

Қазақ халқының таңдаулы перзент­терінің көзін жоюды сол жылдардағы жымысқы саясат тереңнен ойластырып жасағанын монография авторы нақты дәлелдермен батыл түрде айыптайды. Кітапты оқи отырып, күйзеліске ұшы­рай бастаған қызыл империяның әлеу­меттік және экономикалық ауқымды дағдарыстарын жасыру үшін еш жазығы жоқ ұстаздардың өзін «халық жаулары» ретінде жариялағанына қайран қаласыз. Халық үнін күшпен тұмшалауға біржолата бет қойған озбыр жүйе қоғамдағы әлеу­меттік наразылықты бәсеңдетуге осы әрекетті қасақана таңдаған сыңайлы. Қуғындалған адамдардың басым бөлігі еңбек лагерьлеріне жіберіліп, отызыншы жылдардағы «өндірісті өркендетуге» иен-тегін жұмыс күшіне айналғаны белгілі. Оны автор мұқият зерделеп, бұрын оқырман көзіне түсе қоймаған қызықты да нанымды фактілер келтіреді.

Бұл нәубет-науқанға тұтас халық­тармен бірге жекелеген әлеуметтік топ­тардың, атап айтқанда: «бұрынғы дворяндар ұрпақтары, кулактарға жатқызылған шаруалар, әскерилер... коммунистер, социал-демократтар, эсерлер, армия және полиция офицерлері, діни қызметкерлер мен судьялардың да» ұшырағаны санамалап көрсетіледі. «Мұрағаттық және статистикалық мәліметтер бойынша, – деп көрсетілген кітапта, 1937-1938 жылдары Қа­зақстанда жүз мыңнан астам адам сотталып, олардың жиырма бес мыңы түрлі желеумен ешқандай сотсыз-тергеусіз атылған. Солардың арасында педагогтер қауымының көптеген өкілі, білім беру жүйесінің ұйымдастырушылары мен жетекшілері, мектеп, медресе ұстаздары, жоғары оқу орындарының оқытушылары болған».

Сөз жоқ, моральдық-адамгершілік ой­лары, ізгі көзқарастары мен сенімдері үшін зардап шеккендердің ауыр сал­мағы, негізінен білім беру саласының өкіл­деріне түскен. Себебі білімді, еркін көзқарастағы зиялы қауым өкілдерінен коммунистік билік қатты қауіптенген. Әрине, өткен ғасыр басындағы жаңа қоғам болашағы жайлы прогрессивтік пікірлерімен, өздерінің қалыптасқан этикалық-моральдық сенімдерімен ұлт­тық сана-сезімнің оянуына тікелей ықпал ететін алаштық идеядағы зиялы қауымның өздеріне үлкен қарсылас бо­латындығын сол уақыттағы билік басында отырғандар жақсы түсінді. Ол жө­нінде: «Кеңестік жүйе сол замандағы қазақ зиялы қауымының қалың армиясынан халық ағарту жұмыстарын сауатты түрде ұйымдастыра алатын, сөйтіп тек қазақ халқын ғана емес, бүкіл Орталық Азия халықтарын біріктіре алатын қуатты күшті көрді» деп жазады ғалым.

Қазақ зиялыларының алысты көз­деген демократиялық көзқарастары боль­шевиктердің түпкілікті мақсаттарымен түбірінен сәйкес келмейтін. Зерттеушінің пікірінше, сол кезеңдегі билік саясаты қазақ зиялыларын, олардың арқа сүйер қалың қауымы алдыңғы қатарлы өкілде­рі мұғалімдерді алдымен құртуға мақсат­ты түрде барған.

Қуғындалған мұғалімдер мен олар­дың трагедиялық тағдырлары арқылы автор қазақ халқының еркін ойлы бол­мы­сы­ның ұлттық тәуелсіздікке жетуде қан­дай «тар жол, тайғақ кешуден» өткенін ашып көрсетеді. Сонымен бірге ол қо­­­ғам­­дық-саяси ауыр жағдайларға, әр адам­ның басындағы трагедиялық ауыр тағдырларына, жиырмасыншы ға­сыр­­­дың бірінші жартысындағы қоғам үшін драмалық оқиғаларға қарамастан, ұлт­тың ғасырлар бойы қалыптасқан дәс­түрлі құндылықтарының өзегі бұ­­зыл­­мағанын атап көрсетеді. Осы­ның өзі­нен-ақ қазақ халқының тауқыметті та­рихы мен темірдей мықты ұлттық бол­­мыс-бітімі айқын танылады.

Осы жағдаяттарды нақты архив де­ректерімен өрнектей отырып, ғалым сол замандардағы большевиктер жүзеге асыр­ған саяси қуғын-сүргіннің тарихи себептеріне назар аударады. Ауқымды мұрағаттық материалдар негізінде «Қу­ғындалған мұғалімдер» деген тарауда Сталин дәуірінде жазықсыз жапа шеккен 50-ден астам мұғалімнің тауқыметті тағдыры таратыла баяндалыпты.

Кітап беттерін ақтарып отырып, ав­­тор­дың мұрағаттық материалдармен қыруар жұмыс атқарғанына көз жет­­кізесіз. Ордерлердің көшірмелері, рес­ми хаттар, шығарылған үкімдер, хат­­тамалардан, соның ішінде тінту хат­та­ма­ларынан, қаулылардан, айыптау қоры­­тындыларынан үзінділер, солардың ішінде әртүрлі актілердің үзінділері, газет беттеріндегі жарияланымдар, қа­малғандардың анкеталары, прокуратура органдарының әртүрлі наразылықтары, жекелеген хаттар тәрізді құжаттар зерттеу еңбекті байытып, оның мазмұнын тереңдетіп, аша түскен. Әр материалды оқи отырып, қилы тағдырларды қиналмай оқу мүмкін емес. Мәселен, Солтүстік Қа­зақстан облысы, Совет ауданының Қай­рақты ауылының мұғалімі Ниязов Мұхаметжан Мұсабайұлының талайлы тағдырына назар салайықшы. Ол 1885 жылы Аққайың ауданындағы Игілік ауылында дүниеге келген. Әкесі Бутри Иван деген орыс байында батырақ болып жұмыс істеген. 1912 жылы баласы Мұхаметжанды Троицкіге оқуға жі­береді. Оқуын бітірген соң ол Көкшетау облысының Қыстауқарағай деген жеріне мұғалім болып орналасып, Қайрақты деген ауылда өзіне үй салып, мектеп ашады. Кейіннен, сол өңірде 1926 жылдан бастап, он жыл бойына Казгородок деп аталатын аудан орталығында орта мектеп интернат меңгерушісі болып қызмет атқарады. Ниязов Мұхаметжан Мұсабайұлы қазіргі Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданында 18 мектеп ашқан екен.

Сөйткен Мұхаметжанды 1936 жы­лы жаламен ұстап, түрмеге жабады. Сәлемдеме алып келген әйелін жі­бермеген соң, қоршаудан асып түсем де­генде іштегі сегіз айлық баласымен құлап, көп қан кетіп ауруханада қай­тыс болады. Артында қалған үш қы­зының (Асыл, Алтын, Алма) екеуін ба­ла­лар үйіне өткізіп жібереді, кішісін ағайындары асырап алады. Мұхаметжан ке­йіннен ақталып келіп, жаңа өмір бас­тайды, үйленіп Серік, Баян атты егіз бала кө­реді. Қыздарының бәрін қолына алып, тәрбиелеп өсіреді. Төрт қызы да ұстаздық жолға түсіп, қырық жылдан астам білім беру ісінде қызмет етеді.

Кітап кейіпкерлерінің барлығы да осын­дай жазықсыз жапа шеккен тау­­қыметті тағдыр иелері. Осындай де­рек­тер­ді жинақтай келе, автор мұға­лім­дердің ерекше тарихи-мәдени дәс­түрлері мен жоғары қоғамдық-саяси рөлі педагог кадрлардың арасында саяси құрбандардың еріксіз көп болуына әкеліп соққан деген қоры­тынды жасайды. Әсіресе түрмеге қа­малғандар мен атылғандар санының күні бүгінге дейін бізге мәлім болып келген ақпараттан әлдеқайда көп екендігіне қынжылыс білдіреді.

Екінші жағынан алып қараған­да, жиыр­масыншы ғасырдың бірінші жар­­­тысындағы мұғалім мамандығы «...ку­лактар мен байшылдардан арылту жә­не ұжымдастыру жұмыстарына мұ­ғалімдерді мәжбүрлі түрде қатыстыру болғандықтан да, оның ақыры ұстаз­дар­дың өздерінің өмірлеріне қауіп төн­діріп отырған». Мұғалімдер жаңа сая­си қондырманың саяси науқанының ал­дыңғы қатарынан табыла отырып, Кеңес өкіметі жариялаған бостандықтың мұраттарына қалтқысыз сенді, бірақ сонымен бірге олар осы социалистік би­ліктің қорғансыз, құрбандығына айналды. 1920-1930 жылдардағы мұғалімдерге өздеріне тиісті емес айыптардың тағылуы олардың өскелең ұрпақты оқыту және тәрбиелеу секілді педагогтік жұмыстарын да тығырыққа тірегенін де осы еңбектен оқып-біліп жатырмыз. Автордың айтуынша, жеке басқа табынушылық ке­зеңнің саяси науқанына байланысты тарихи үдерістерді обьективті түрде тү­сіну үшін сол кездегі білім беру сала­сындағы күрделі мәселелерді жан-жақты қарастырып, жете ұғыну қажет. Ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдық өмірдің күн­делікті тынысы тікелей білім беру орын­дары мен мәдениет мекемелерінде айқын көрініс беретіндігі еңбекте мұ­рағат материалдары арқылы нақты дәлел­дермен көрсетілген. Демек, бұл зерттеу жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысындағы қоғамдық-саяси, тарихи-мәдени және білім беру-педагогикалық кеңістіктері қарым-қатынастарының бір­тұтас жүйе екендігін дәлелдейді. Білім беру мен мәдениет саласындағы оты­зыншы жылдардың ойранын арнайы зерттеудің өзекті мәселесіне айналуы ақтаңдақтардың тағы бір бетін ашуға деген батыл қадам деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, сталиндік жылдарда репрессияға ұшыраған қазақстандық мұ­ғалімдердің шығармашылық өмір­баяндары мен ғылыми-мәдени мұрала­рын зерттеуге арналған Г.Ахметованың аталған монографиясы қоғамның тарихи дамуының жекелеген трагедиялық бет­терін қалпына келтірген ғылыми не­гізде әділін айтуға ұмтылған бағалы әрі терең ғылыми-зерттеу жұмысы болып табылады. Қазақстандағы қуғын-сүргінге ұшыраған мұғалімдердің өмір жолдары мен шығармашылықтарын зерттеп, қайтадан сараптау жұмыстары «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасында қойылған талаптарға тікелей жауап бере отырып, қазіргі таңдағы мұғалімдерге де ой салатыны сөзсіз.

Аталған монографияны Қазақстан тарихындағы ақтаңдақ беттерді ашуға жасалған кезекті бір ғылыми қадам деп санағанымыз орынды. Оның мазмұны оқырманның патриоттық сезімін кү­шейтіп, Отанға деген сүйіспеншілігін арттырады, мемлекетіміздің алдағы даму жолдарына бағдар сілтейтін қоғамның толеранттылығын, біртұтастығын ны­ғайтуға өз ықпалын тигізетін еңбектердің қатарынан табылады деп бек сеніммен айта аламыз. Бұл – осы саладағы алғашқы күрделі зерттеудің басы. Еңбекке елдің әр өңірінен іріктеп алынған мұрағат материалдарының өзі оның астарында ұшан-теңіз әлі ашылмаған деректердің жатқандығын аңдатады. Тіпті, кейбір облыстардан санаулы ғана адамдардың тізімі қамтылған. Енді әр облыс, аудан бойынша зардап шеккен ұстаздарды түгендеп, іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізудің кезегі келіп тұр. Бұл орайда аталған еңбектің зор бастамашылық мәні бар екендігінде күмән жоқ. Жалпы әр ауылдағы қуғын-сүргін құрбандарына ұшыраған адамдардың тізімін жасап, мектеп музейлерінде олар туралы мағлұ­маттар жинақтап қойса, жас ұрпақ жү­регіне қилы заман тағылымын сіңірудің бір жолы болар еді.

Тұтастай алғанда, мұрағаттық мағ­лұматтары мол, үлкен ізденістердің нәти­жесінде дүниеге келген бұл зерттеу – тарихи сананы жаңғыртып, бүгінгі қоғамды ойлантуға жетелейтін тағылымы зор еңбек. Ел тарихындағы осы уақытқа дейін жабық тақырыпқа айналып келген өзекті мәселе қоғамдық-саяси тарихтан лайықты бағасын алып, жаңа зерттеулерге жол ашады деп ойлаймыз.

 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері