Аймақтар • 05 Қазан, 2020

Жылдағыдан ерте басталды

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Күн райының күрт суытуына байланыс­ты Жетісу өлкесінде де жылыту маусымы жыл­­д­ағыдан ерте басталды. Бірінші кезекте әлеу­меттік нысандарға жылу берілсе, тұрғын үйлер де кезегімен жылытылуда.

Жылдағыдан ерте басталды

Жылуға деген сұраныс негізінен облыс орта­лығында артып тұр. Талдықорған қаласында орталық жылыту жүйесіне қосылған 82 бюджеттік мекеме мен 753 көпқабатты тұрғын үй бар. Енді бұл нысандардағы адамдар жаурамайтын болды. Жалпы, биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстарына бюджеттен 15,9 млрд теңге қаржы бөлінген болатын. Оның ішінде жылумен жабдықтау нысандарын жөндеу үшін 6 млрд теңге, көмір, мазут, дизель отынын сатып алуға 9,4 млрд теңге, жылу жүйелерін жөндеуге және қажетті құрал-жабдық сатып алуға 538 млн теңге бөлінсе, кәсіпорындардың өз қаражаттары есебінен 2,1 млрд теңге тағы қарастырылған.

Аудандарда да жылу беру маусымы басталды. Оның ішінде көппәтерлі үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу мен жеке қазандықтарға жалғау ісі биыл алғаш рет жүзеге асқан аудандар да бар. Мәселен, Қарасай және Талғар аудандарында мыңнан аса абоненттері бар 23 көппәтерлі тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылған. Бұл үшін 14 жеке жылу қазандығы салынды.

Сондай-ақ биыл Қаратал, Қарасай, Еңбекші­қазақ және Панфилов аудандарында 108 көппә­терлі тұрғын үйді жылыту үшін 33 жеке қазан­дықты іске қосу жобасы әзірленген болатын. Ал алдағы жылы Еңбекшіқазақ, Қарасай, Ұйғыр, Көксу және Іле аудандарында 17 модульді қазан­дық салу үшін 254,3 млн теңге бөлініп отыр екен. Нәтижесінде 106 көппәтерлі тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылмақ.

Айтпақшы, аймақтағы жылыту қазандықтары мен жеке үйлер 379,5 мың тонна көмір тұтынады. Қазір қажетті қатты отын дайындау 80 пайыздан асты. Облыс бойынша 64,3 шақырым жылу магистралі, 13,4 мың шақырым электр желісі, 3 016 трансформатор стансасы мен басқа да құрыл­ғылар жөндеуден өтіп, қысқы маусымға сақадай сай болып тұр.

 

Алматы облысы