Былтыр Испанияда өткен жалпы сайлау кезінде азаттық аңсаушылар Каталониядағы мемлекеттік мекемелердің ғимараттарына саяси тұтқындарды босатып, егемендік жөніндегі референдум жасауға шақырған баннерлер мен сары жалау ілген-ді. Жоғарғы сот мұны елдің ішіне іріткі салуға балап, өңір басшылығына оларды алып тастауға бұйырды. Бірақ тәуелсіздік алуды көксейтіндердің бірі саналатын Ким Торра бұған бағынған жоқ.
Сөйтіп, былтыр Испания жоғарғы соты Торраның өзіне қатысты іс қозғаған. Бірақ Каталония президенті өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді. К.Торраның сөзіне сүйенсек, егемендікке шақырған баннер мен estelada жалауын алып тастау сөз бостандығын шектейді.
Енді жоғарғы соттың шешіміне сәйкес Каталонияда тағы да саяси дүрбелең басталмақ. Өңір парламенті таяу уақытта К.Торраның орнына жаңа үміткер ұсынуы тиіс. Алда-жалда палата келісімге келе алмаса, көп ұзамай Каталонияда сайлауға дайындық басталады.
К.Торраның пайымдауынша, жоғарғы соттың шешімі негізсіз әрі Мадрид билігі Каталония үкіметін қызметінен кетіруді көздейді. Сондай-ақ ол өңірлік сайлаудың өтетініне сенімді.
«Біз азаттықты аңсаймыз. Егемендігімізді алғымыз келеді. Бәрінен бұрын, елімізде демократияның жоғары деңгейіне қол жеткізсек дейміз. Алдағы айларда өтетін сайлауда осы бағытта одан әрі жұмысымызды жалғастыруға мүмкіндік бар. Бұл – өзгерістің бастамасы болуы тиіс», деді ол.
Жоғарғы сот К.Торраның құзыретін тоқтатқанына қарамастан, оның саяси көзқарасын білдіруді шектеген жоқ. Яғни ол алдағы уақытта Каталонияның азаттығы үшін күресті жалғастыра бермек. Сондай-ақ Каталония парламенті жаңа басшыны таңдағанға дейін президенттік лауазымды атқару вице-президент Пере Арагонеске жүктеледі.
Жалпы, Каталонияның тәуелсіздікке талпынысы талайдан бері әңгіме болып жүр. Мәселен, 2014 жылы аймақта тәуелсіздік алу жөнінде халықтық референдум өткен. Онда электораттың басым бөлігі Испаниядан бөлінуге дауыс берді. «Жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» жөн көрді ме, бір жылдан кейін тағы бір мәрте референдум ұйымдастырылып, қатысушылардың көбі тәуелсіздік жариялауға келісімін берді. Былтыр Каталония үкіметі егемендік жөнінде партияаралық дауыс беру өткізген. Каталония парламентінің 50 пайыздан астамы азаттық алуды қолдайтынын білдірді.
Ақыры 2017 жылы өңірде жалпы халықтық референдум өтіп, дауыс бергендердің 90 пайызы егемендік алуды қолдады. Референдумға 5,3 млн электораттың 42,3 пайызы қатысып, 2,26 млн каталониялық азаттық алуды жақтап дауыс берді.
Осылайша, сол кездегі Каталония президенті Карлес Пучдемон тәуелсіздігін жариялады. Бірақ Испания бұл шешімге қарсы келіп, референдум ұйымдастырғандарды қудалаған-ды. Сөйтіп, олардың басым бөлігі темір торға қамалса, К.Пучдемон шетелге қашып, бас сауғалады.
Каталонияның тәуелсіздікке сонша ұмтылуының, оған ресми биліктің қарсы болуының сыры неде? Бұған экономикалық, саяси және тарихи оқиғалар әсер етіп отыр. Солтүстігінде Франциямен шектесіп, шығысын Жерорта теңізінің суы шайып жатқан муниципалитет азаттықты күні кеше майшаммен іздей бастаған жоқ, оның тарихи тамыры тереңге кеткен.
Каталония – Испанияның солтүстік шығысында орналасқан автономиялық аймақ. Халқының саны 6,5 млн-нан асады. Талай қанқұйлы басшының тепкісіне төзген территория XV ғасырда жеке патшалық ретінде жарияланды. Жеріне көз алартқан жауларының ортасында қалған Каталония патшалығы 1714 жылы тарих сахнасынан кетіп, Испанияның бір бөлшегіне айналды. Содан бері азаттықтың тәтті дәмін татқан каталониялықтар тәуелсіздікке талпынысын тоқтатқан жоқ. Генерал Франко биліктен кеткен соң, Испания жаңа даму бағытын ұстанған-тұғын. Каталония осы сәтті ұтымды пайдаланып, 1977 жылы автономия мәртебесіне қол жеткізді. Аймақ 2006 жылы автономия атағын тағы да бекітіп алды. Бірақ 2010 жылы Испания билігі Каталонияның бірқатар автономиялық құқығын шектеп, бар «бақытынан» айырды.
Тәуелсіздікке ұмтылудың келесі бір қадамы – елдегі экономикалық жағдаймен тікелей байланысты. Каталония – Испаниядағы ең ауқатты және индустриясы дамыған аймақ саналады. Сонымен қатар Барселона – туристер ағылатын сүйікті мекенге айналғалы қашан. Шаһарға бизнес өкілдері көптеп келіп, мұнда мемлекеттегі үлкен банктер орналаса бастады. Euronews арнасының мәліметі бойынша, Каталонияның бір өзі елдегі ішкі жалпы өнімінің 20 пайызға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Испанияда еш аймақ мұндай жетістігімен мақтана алмайды. Әйтсе де, үкіметтен аймаққа бөлінетін қаражат үлесі ІЖӨ көлеміне сай емес.
The Telegraph басылымының есептеуіне сәйкес, алда-жалда Каталония егемендігін алса, онда «су жаңа елдің» ІЖӨ мөлшері 314 млрд долларға жетіп, әлем бойынша 34-ші орынға тұрақтайды. Салыстырмалы түрде қарасақ, Каталонияның ІЖӨ көлемі Португалия және Израильден көп. Жан басына шаққандағы ІЖӨ де көбейіп, 35 мың долларды құрайды. Яғни Каталония экономикалық тұрғыда ұтпаса, ұтылмайды.
Тіл мәселесі де каталониялықтардың азаттыққа ұмтылуының бір себебіне айналған. Испанияда каталонша ресми мәртебесі бар кастилия тілімен қатар қолданылады. Бірақ Каталониядан басқа аймақта ол тілде сөйлейтіндер шамалы. Яғни, қағаз жүзінде құқығы болса да, ана тілі Каталония халқынан басқа ешкімге керек емес.
Енді Ким Торраның қызметінен кетуіне байланысты Каталонияда тәуелсіздік алу мәселесі қайта көтеріле бастады. Бұған себеп жетерлік. Біріншіден, жоғарыда айтып өткендей, өңірдің тарихи мәселесі әсер етіп отыр. Екіншіден, Испания саяси истеблишментіндегі кейінгі кездегі жағымсыз оқиғалар да өз үлесін қоспақ.
Мәселен, Испания монархының абыройы халық арасында құлдырап барады. Король Хуан Карлос біріншінің басы дауға қалып, биыл елден кеткен еді. Оған жемқорлыққа қатысы бар деген айып тағылған. Мәселен, Сауд Арабиясынан 65 млн еуро ақша алған. Сондай-ақ 2008-2012 жылдары Швейцариядағы банктегі есепшотынан ай сайын 100 мың еуро шешіп отырған. Сондай-ақ Хуан Карлостың 2014 жылы тақтан бас тартуына да осы мәселелер әсер еткені бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып жүр. Пиреней түбегіндегі елдің бірінші адамының мұндай әрекеті корольдік отбасының да, Испания үкіметінің де абыройына зор нұқсан келтірді.
Оған қоса, таяуда Еуропалық комиссия жасаған зерттеудің нәтижесіне сүйенсек, қарт құрлықтағы бірқатар мемлекеттің соттары өз қызметін адал атқарып отырған жоқ. Солардың арасында Испания да бар.
Қорыта айтқанда, Каталония тағы да егемендік алу туралы бастама көтеретін күн алыс емес. Қазіргі таңда Испанияны әсіреоңшыл популистік партия басқаратынын ескерсек, ел билігі бұған қарсы тұрары сөзсіз.