09 Қараша, 2013

Құт қонып, бақ дарыған өркенді өңір

412 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

03Ақтөбе облысы Қазақстандағы ірі өнеркәсіктік өңірлердің бірі болып табылады. Облыс 300,6 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Бұл Қазақстан Республикасы аумағының 11 пайызын құрайды.

Облыста 803 мың адам тұрады, оның басым бөлігі, яғни 61 пайызы қала тұрғындары болып табылады. Облыс өңірінен теміржол, автокөлік, құбыр және халықаралық әуежай өтеді. Алыс және жақын шетелдерге, мұнай тасымалдауға арналған көліктік-логистикалық жүйе жұмыс жасайды. Облыстың газ өндіруші аудандарын және негізгі ішкі тұтыну нарығы – Қазақстанның оңтүстігін біріктіретін Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральды газ құбыры салынуда.

 

 

акимБЕТБҰРЫС

Ақтөбе облысы Қазақстандағы ірі өнеркәсіктік өңірлердің бірі болып табылады. Облыс 300,6 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Бұл Қазақстан Республикасы аумағының 11 пайызын құрайды.

Облыста 803 мың адам тұрады, оның басым бөлігі, яғни 61 пайызы қала тұрғындары болып табылады. Облыс өңірінен теміржол, автокөлік, құбыр және халықаралық әуежай өтеді. Алыс және жақын шетелдерге, мұнай тасымалдауға арналған көліктік-логистикалық жүйе жұмыс жасайды. Облыстың газ өндіруші аудандарын және негізгі ішкі тұтыну нарығы – Қазақстанның оңтүстігін біріктіретін Бейнеу-Бозой-Шымкент магистральды газ құбыры салынуда.

Ақтөбе облысы бірегей минерал­дық-шикізат қорына ие. Өңірдің жер қойнауында 140-тан астам барланған пайдалы қазбалардың кен орындары бар. Облысымызда хромның республикалық қорла­рының барлығы, титанның 70 па­йызы, никельдің 25,5 пайызы, кобальттің 15,6 пайызы, фос­фо­риттердің 17,4 пайызы және еліміздің мұнай қорының барлау бойынша 10 пайызы, болжам бо­йын­ша 30 пайызы бар. Сонымен қатар, мыс, алтын, күміс, сирек кездесетін металдар, боксит, тас көмір, калий тұздары және басқа да пайдалы қазбалардың қорлары біздің өңірімізде шоғырланған.

Облыс экономикасы әлемдік экономика жүйесімен тығыз байланыста дамуда. Оның дәлелі ретінде, облысымыздың әлемнің 90-нан астам елдерімен сауда жүргізіп отырғанын айта кетуге болады.

Өңіріміздің географиялық орналасуының қолайлылығы, табиғи байлығы, облыстың жеке энергетикалық ресурстармен, әсіресе, газбен қамтамасыз еті­луі, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және облыс экономикасының дамуына жағымды әсерін тигізуде.

Оған дәлел ретінде, 2012 жылы Президент Әкімшілігі жүргізген рейтингтік көрсеткіштерге сәйкес Ақтөбе облысы Қазақстан бойынша бірінші бестіктегі жоғарғы даму әлеуетіне ие өңірлердің қатарында екенін айта кетуге болады.

2013 жылдың 9 айындағы негізгі көрсеткіштер де көңіл толтырады.

Экономиканың базалық саласы өнеркәсіп, ол – жалпы өңір­лік өнімнің 41 пайызын қа­лып­­тастырады. Бұл салада 627 өнер­кәсіптік кәсіпорын өндіріс­тік қыз­мет­терін жүзеге асыруда, оның іш­ін­де 91 ірі және орта кәсіп­орын­дар, өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемінің 80 пайыздық үлесін береді.

Өнеркәсіптің негізін тау-кен өндіру саласы құрайтынына қарамастан, соңғы жылдарда Үде­мелі индустриялық-инно­ва­ция­­­­лық даму мемлекеттік бағдар­­ламасы­ның тиімді жүзеге асырылуының нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі де жоғары қарқынмен дамып келеді. Үстіміздегі жылдың осы кезеңінде өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі 110,7 пайызды құрады.

Әлемдік экономиканың, өсу қарқынының бәсеңдеуі, дәстүрлі түрде экспортқа жіберілетін феррохромның, алтын кендерінің, темір концентраттарының және басқа да металлургия өнімдерінің әлемдік бағасының төмендеуі, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өндірістік қызметтеріне қолайсыз әсерін тигізгенін атап өту қажет. Бірақ, оған қарамастан өнеркәсіп өнімінің көлемін өткен жылдың деңгейінен 3,1 пайыз арттыруға қол жеткізілді. Оған іске қосылған жаңа инвестициялық жобалар оң әсерін тигізді.

Есепті кезеңде облысымызға 306 млрд. теңге көлемінде инвес­тиция тартылды. Оның ауқым­ды көлемі кәсіпорындар мен меке­мелердің жеке қаражаттарының үлесіне тиесілі болды. Бұл облыс­тың көптеген шаруашылық субъек­тілерінің, экономикалық ахуалының жақсы деңгейде екенін көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 90,6 млрд. теңгені құрады. Бұл 2012 жылдың осы деңгейіне 100,1 пайыз болды.

Құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі өткен жылғы деңгейден 23,4 пайызға артып, 108,2 млрд. теңгені құрады.

Есептік кезеңде 277,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 2012 жылдың сәйкес кезеңіне – 100,5 пайыз болды.

Қызмет көрсету саласы да дамып келеді. Бөлшек тауар айналымы мен жүк айналымының көлемі 110 және 108,4 пайызды құрады.

Ағымдағы жылдың 9 айында, шоғырланған бюджетке 459,0 млрд. теңге түсім түсті. Оның 88 пайызы немесе 403,4 млрд. теңгесі Ұлттық қор мен республикалық бюджет­ке аударылып, түскен жалпы түсім­нің 12 пайызы ғана облыстың мен­­­шігінде қалды. Яғни, жергілікті бюд­жетке 55,5 млрд. теңге түсім түс­­ті. Бұл болжамнан 27,5 пайызға артық.

Жылдың аяғына дейін мемле­кеттік бюджет пен Ұлттық қорға 600 млрд. теңгеден астам қаражат түсіруді жоспарлап отырмыз.

Өңір экономикасының өсімі­мен бірге облыс тұрғындарының әлеу­меттік әл-ауқаты да жақсара түсуде.

Ағымдағы жылдың 8 айында тұрғындардың жан басына шақ­­қандағы номиналды ақшалай табысы 7,9 пайызға өссе, орташа айлық еңбекақы қаңтар – қыркүйек айларында 6,2 пайызға артты.

Табыстары кедейлік деңгейінен төмен келетін тұрғындар саны 27,5 пайызға қысқарып, 284 адамға дейін төмендеді.

Еңбек нарығындағы жағ­­дай да тұрақты бола түсті. Облы­­сымыздағы жұмыссыздық деңгейі ең төменгі көрсеткішке ие болып, экономикалық белсенді тұрғындар санының 0,3 пайызын ғана құрады.

Оған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының жүзеге асырылуы, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, жаңа өндіріс көздерінің ашылуы ықпал етуде.

Облыста Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда да бірқатар қолжеткен табыстар бар.

Қазақстанның индустрияландыру картасына жалпы соммасы 517,2 млрд. теңге болатын 74 жоба енгізілді. Бұл жобалар жүзеге асы­­рылғанда 10 мыңнан астам жаңа тұ­­­­рақты жұмыс орындары ашылады.

Соңғы жылдары жалпы инвес­тициялық көлемі 189,4 млрд. теңге болатын 67 жоба жүзеге асырылып, 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды.

Үстіміздегі жылы жалпы сомасы 118,2 млрд. теңге болатын 10 инвестициялық жобаның жетеуі жү­зеге асырылып, пайдалануға берілді.

«Қазхром» АҚ жаңа ферро­қорыт­па зауыты, №3 Жаңажол газ өңдеу зауытының 2 және 3 кезеңдері, Бенқала катоттық мыс зауыты, мыс комбинаты ел экономикасына іргелі серпін беретін кәсіпорындар болғалы тұр. Об­лыста топырақ өңдеу техникаларын шығаруға бағыт ұсталуда. Сондай-ақ, ыдыстық әйнек шығару жолға қойылуда. Қаланың өркен жайып, шағын аудандары бой көтеруіне байланысты құрылыс индустриясы дамып келеді. «Экотон-батыс», «Силикат», «Стиль» ЖШС өнімдерінің сұранысына ие болуда.

Италияның «Siemens-VAI» компаниясы жабдықтарды жеткізіп, өз технологияларын өндіріске орнатып қана қоймайды, қондырғыларды құру және құрылыс жұмыстарының дұрыс жүргізілуіне бақылау жасайды. Зауыттың бас корпусын технологиялық жарақтандыру, прокаттық қондырғыларды жасақ­тау, іске қосу – реттеу жұмыс­тарын итальяндық мамандар жүзеге асырады. Бас мердігер – «Союзкомплект» Қазақстан –Украин бірлескен кәсіпорыны да өз тарапынан ат­қа­рылатын жұмыстардың уақ­тылы және сапалы болатынына кепілдік беріп отыр. Жобаны жүзеге асыруға қатысатын ресейлік «Прокатмонтаж» фирмасының итальяндықтармен жұмыс жасауда бұрыннан қалыптасқан тәжірибесі бар екен.

Осындай қарқынды өнеркәсіп орындарының көптеп бой көтеруі өңір экономикасының ілгерілеуіне алғышарт жасап отыр. Биыл мал азығының мол дайындалып алынуы, егін орағы қиын жағдайда тәуір аяқталды. Тұқымдық астық құйылып алынды, азықтық астық қоры да жеткілікті, жемдік қор құйылды.

Өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 25,5 мың АҚШ долларына жетіп отыр.

«Қазақстан темір жолы» Ұлт­тық компаниясының қолда­уы­мен ірі инвестициялық жоба – рельс­арқалық зауытының құры­лы­сы жүзеге асырылатын болады. Зауыт ұзындығы 120 метрді құрайтын жоғары сапалы рельстер шығаруымен ерекшеленеді, жоғары қозғалысты және жоғары жүк тасымалына төзімді желілерде пайдаланылатын болады. Жоба шеңберінде жоғары сапалы рельс дайындамаларын (блюм) шығаратын электр болат балқыту зауытын салу көз­делуде. Зауытты электр энер­­­гия­сымен қамтамасыз ету үшін қуаты 40 МВт әрі қарай 150 МВт.-ға дейін кеңейтілетін газтурбинді электр стансасы салынатын болады. Жалпы инвестиция көлемі 115,0 млрд.теңгені құрады.

Қазіргі кезде Үдемелі ин­дус­­триялық-инновациялық да­му бағдарламасының екінші бес­жыл­дығы әзірленуде.Онда респуб­ликаның әр аймағы бойынша 2020 жылға дейінгі экономикалық мамандану саласы қамтылатын болады. Ақтөбе облысының басым бағыттары мұнай-газ өндіру және өңдеу, химия өнеркәсібі және құрылыс индустриясы болып табылады. Осылайша, 2020 жылға дейін облыстың өнеркәсіп өндірісі 1,7 трлн.теңгеге дейін, өңдеу өнер­кәсібінің көлемі 300 млрд.теңгеге дейін, негізгі капиталға инвестиция көлемі 600 млрд.теңгеге дейін жеткізілетін болады. Бұл өңірдің өскелең мүмкіндігін білдіреді.

Архимед МҰХАМБЕТОВ,

Ақтөбе облысының әкімі.

 

03

02

09

ДАМУ ДЕРЕКТЕРІ

2013 жылдың қаңтар – қыр­күй­ек айларында өнеркәсіп өнімі­­­нің көлемі 985,8 млрд. теңге, нақ­ты көлем индексі – 103,1%-ды құрады.

Тау-кен өнеркәсібі өнімінің кө­лемі 1,6% өсіп, 724,5 млрд. тең­­­­ге­ні, өңдеу өнімі 10,7% өсіп, 203,2 млрд. теңгені, электрмен жаб­дық­тау, газ, бу беру және ауа баптау 3,5% өсіп, 49,3 млрд. теңгені құрады.

*   *   *

Облыста келешегі бар ин­вестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2013 жылы 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құру көз­делген құны 118,2 млрд. теңгеге 11 жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Есепті кезеңде құны 1,5 млрд. теңгеге Индустрияландыру картасының 6 жаңа нысаны пайдалануға берілді.

*   *   *

Ауылшаруашылық өнімінің көлемі 1% өсіп, 90,6 млрд. теңгені құрады (НКИ – 100,1%).

Астық жиналатын 426,9 мың га алқаптың 387,7 мың гектары орылды. Ол 90,7% құрады. Об­лыс бойынша егістің орташа шығымдылығы 5,8 центнерден айналды. Ол 2012 жылғы көр­сет­кіш­тен 2 есеге жоғары. Есепті кезеңде 224,1 мың тонна астық жиналды.

*   *   *

Ағымдағы жылы 5,3 мың га картоп, 3,5 мың га көкөніс егілген болатын. Одан 86,3 мың тонна картоп және 62,5 мың тонна көкөніс жиналды.

2013 жылдың 1 қазанына 1301,1 мың тонна шөп дайындалды. Жалпы жоспарланған көлем 110,0 пайызға асыра орындалды.

*   *   *

Облыс тұрғындарын кезең аралық көкөніспен қамтамасыз ету үшін «НИКА 99» ЖШС 2,0 га алқапта жылына 200 тонна көкөніс өсіретін жылыжайды пайдалануға берді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың аяғына дейін «Ақтөбе жылыжай» ЖШС жылыжай кешенінің құрылысын аяқтау жоспарлануда.

*   *   *

2013 жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруға ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 2619,6 млн.теңге субсидия бөлінді.

*   *   *

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 306 млрд.-тан астам теңгені құрады. Бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 103,3%.

Орындалған құрылыс жұмыс­тарының көлемі 108,2 млрд. теңге. Бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 123,4%.

277,7 мың ш.м. тұрғын үй пай­далануға берілді. Ол 2012 жылдың сәйкес кезеңінен 0,5% жоғары.

*   *   *

Бөлшек тауар айналымының көлемі 243,8 млрд. теңге. Бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңінен 10,5% жоғары.

2013 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыс бойынша тұтыну индексі 103,6% құрады, оның ішінде азық-түлік тауарларына – 101,3%.

*   *  *

Шоғырланған бюджетке салықтар мен басқа да төлем түсімдері 458,9 млрд. теңгені құрады оның ішінде жергілікті бюджет түсімі 55,5 млрд. теңгені (болжамға 127,5%) құрады.

*   *   *

Шағын және орта бизнесте белсенді субъектілердің жалпы саны 32,5 мың бірлікті құрады (96,5%). Онда 116,7 мың адам жұмыспен қамтылып, өндірілген өнім көлемі 314,9 млрд. теңгені құрады. Шағын және орта бизнес субъектілерінен түскен бюджет төлемдері 79,4 млрд. теңгені құрады (102,1%).

*   *   *

2012 жылдың қаңтар-тамыз айларындағы сыртқы экономикалық айналым 5415,4 млн. АҚШ долларын, оның ішінде экспорт 4556,4 млн. АҚШ долларын, импорт 859,0 млн. АҚШ долларын құрады. Сауда балансының оң сальдосы 3697,4 млн. АҚШ доллары негізінде қалыптасты.

*   *   *

Еңбек нарығында жаңа 14303 жұмыс орны ашылды, жұмысқа орналасуға 11275 адамға көмек көрсетіліп, 3818 адам қоғамдық жұмыстарға жолданды. Тіркелген жұмыссыздық деңгейі 0,3%-ды құрады.

11

15

Сүт бұлағын ағызатын серіктестік

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Өзімізде шығарылатын өнімнің сапасын арттыру, соған сай тұтынушылар назарын барынша отандық өнімге бұру, Қазақстанда жасалған бұйымдар, құрал-жабдықтар, азық-түлік тауарларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында елімізде түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып, қаржыландыру деңгейі жыл сайын артып келеді.

Ақтөбе – өндірісі қарқынды дамып келе жатқан өңір. Орасан зор экономикалық әлеуетінің арқасында өңірімізде жыл сайын ірілі-ұсақты бірнеше кәсіпорын ашылып, зауыт-фабрикалар іске қосылып жатыр.

Өз саласында аты да, заты да бренд болып табылатын «Ақтө­берентген» кәсіпорнының атағы кезінде әлем елдерін жайлап кетті. Тау-кен өндірісі, химия саласы, өндірістің басқа да салаларында елімізде бірегей болып есептелетін кәсіпорындар жемісті жұмыс жасап жатыр. Шағын және орта кәсіпкерлік, жеңіл өнеркәсіптің дамуы да қарқынды.

Еліміз соңғы жылдары индус­триялық-инновациялық даму жолына түскенін бәріміз білеміз. Бұл қажеттілік уақыттың талабы еді, яғни біздің өркендеуіміздің келе­шегі болып табылады. Мем­лекеттік бағдарлама аясында көпте­ген ауқымды жобалар жүзеге асырылғанын көріп отырмыз. Қазақстан тауарлары заманның бар­лық талаптарына сай болмаса, біз мына ғаламдану кезеңінде артта қаламыз. Сондықтан «нағыз сапаның, мықты өндірістің символы» берік болуы үшін әр кәсіпкер, әр өндіріс орны жауапты болуға тиіс.

Ақтөбе нарығында өзіне ла­йық­ты орнын алып үлгерген «АЙС» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің өнімдерін екінің бірі біледі десек, артық айтқандық болмас. Қазіргі уақытта облыстағы сүт өнімдері рыногының 60 пайызын өз өнімдерімен «жаулап» отырған кәсіпорын алдағы уақытта бұл көрсеткішті одан әрі арттырмақ ниетте.

1999 жылы бұрынғы қалалық сүт зауыты базасында ашылған «АЙС» кәсіпорны алғашқыда тек балмұздақ шығарумен ғана айналысты. 2002 жылы қышқыл сүт өнімдерін шығаратын цех ашылып, қосымша «Айран», «Ряженка», «Снежок» секілді түрлі сүт өнімдері сауда сөрелеріне қойыла бастады. 2005 жылдан бас­тап үшінші цехтың жұмысы жолға қойылды. Қазіргі уақытта «АЙС» серіктестігінде сүт өнімдерінің қырыққа жуық түрі шығарылады. Олардың ішінде майлылығы әртүрлі айран, «Ряженка», «Снежок», «Варенец», қаймақ, йогурттар, сүт өнімдері, балмұздақтың түр-түрі бар. Бүгінде серіктестік өнімдері Ақтөбе облысымен қатар, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарына таралады. Биылдан бастап Қызылорда облысындағы, Астана қаласындағы тұтынушылар тұтынатын болады. Сонымен бірге, көрші Орынбор облысына экспорттауды жолға қоймақшы. «АЙС» серіктестігі 2010 жылы маусым айында кәсіпорынды индус­трияландыру картасының аясында Германия мен Венгриядан 1100 бас жоғары өнімді сүтті голштин-фриз тұқымды сиыр әкеліп, сүт-тауарлы ферманы іске қосты. Бұл ферма кәсіпорынды шикізатқа тәуелділіктен біршама құтқарды деуге болады. Өзіміздің сиыр жылына 2,5-3 мың тонна сүт беретін болса, асыл тұқымды сиыр 7-8 мың тонна сүт береді екен.

2010 жылға дейін сүт шикізатын шаруа қожалықтарынан, жеке адамдардан алып келді. Жазда қиын­дық жоқ, бірақ қыста сүттің жоқтығынан қиналып қалушы еді. Қазір, шүкір, фермаға күніне 16 тонна сүт беріп тұр. Ай сайын тағы 10 тоннаны бұрынғыша шаруа қожалықтарынан алады. Сонымен, қазіргі уақытта серіктестіктің күніне 25-26 тоннадай сүт алуға мүмкіндігі бар.

Екі-үш жылдың ішінде мал басы көбейсе, жылына 7200 тонна сүт алуға қол жетеді. Ферма толық мәнінде жұмыс жасағанда күніне 20 тоннадай өнім алу жоспарлануда.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

01

«ҚАЗХРОМНЫҢ» БІРЕГЕЙ ЖОБАСЫ

Биыл жетпіс жылдығын атап өткен Қазақстан қара метал­­­лургиясының қарлығашы – ENRC құрамына кіретін «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акцио­нерлік қоғамының филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жылына 300 мың тоннадан астам жоғары сапалы ферроқорытпа өндіретін ірі кәсіпорын болып табылады. Зауытта жоғары көміртекті феррохром, орта көміртекті феррохром, төмен көміртекті ферро­хром, ферросилиций, металлоконцентрат сияқты металлургиялық өнімдерден басқа қожды қиыр­шықтас, қождан жасалған отқа төзімді бұйымдар, әктас, оттегі, азот және көмірқышқыл газ шығару игерілген. Акционерлік қоғам нарықтық қатынас жағдайында ырғақты жұмыс істеп қана қоймай, өндіріс тиімділігін арттыру жолдарын іздестіруде. Осы бағытта үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңадан салынып жатқан кәсіпорынның №4 цехын өз алдына бөлек ферроқорытпа зауыты десе де болғандай. Еліміздің индустрияландыру картасына енгі­зілген бұл жоба әлемде теңдесі жоқ жоғары көміртекті ферро­хром өндірісінің инновациялық тех­нологиясын енгізумен, электр қондырғыларының, автомат­­­тан­­дырудың және тұрақты ток пештерінің жаңа жүйесін пайдаланатындығымен бағалы. 47 гектарды алып жатқан жаңа зауыт 72 МВт тұрақты тоқпен жұмыс істейтін төрт пештен тұра­ды. Бұл жерде келіп түскен шикі­құрам материалдарынан бас­тап дайын өнімдерді тиеуге дейінгі толық өндірістік цикл құрылады. Құрылыстың құны 750 миллион АҚШ долларын құрайды. Зауыттың қуаттылығы туралы энергияны жұмсауына қарай пікір айтуға болады, ол 320 МВт құрайды.

Жобаны жүзеге асыру еліміздің жоғары көміртекті феррохромды экспорттау мүмкіндігін 16 пайызға, ал облыста 46 пайызға арттырады, өнімнің өзіндік құнын төмендетеді деп күтілуде. Мұнда еңбек өнім­ділігі 3-4 есе өседі, жоғары тем­пе­ратураның жұмысшыларға әсері анағұрлым кемиді. Қазір қарастырылған қаржының басым бөлігі игерілді. Жобаны пайда­лануға беру үстіміздегі жылдың аяғына жоспарланып отыр. Жаңа зауыттың жылдық қуаты 440 мың тонна ферроқорытпа шығаруға мүмкіндік береді. Қазір құрылыс жұмыстарында 2 мыңнан астам қазақстандық еңбек етуде. Ал, зауыт іске қосылғанда 1 мың адам жұмыс істейтін болады. Жаңа зауыттың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Құрылысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жұмысшылар жұмылдырылуда. Қазіргі таңда жаңа зауыт құрылысына Қазақстандағы ең ірі деген 28 мердігерлік ұйымдар, білікті мамандар тартылған. Мұн­­­дағы ішкі инфрақұрылым, энергиямен қамту жұмыс істеп тұрған зауыттан бөлек. Үлкен де бірегей зауытты Қазақстанның түсті, қара металлургия, сирек металдар, алтын өндіру, машина жасау өнеркәсібі кәсіпорындарын жобалау жөніндегі бас институты жобалаған. Тендерлік құжаттарда мұнда металл құрастырмаларын дайындауды және құрастыруды бір компанияның жүргізуі қарас­тырылған. Шығындарға логистика мен құрастыру алаңындағы жүк түсіру де кіргізілген. Мердігер стандарттан тыс қондырғылар үшін өндірістік жұмыстарды бөлек жобалаған. Нәтижесінде, Қазақстаннан мүмкін болғанның барлығы сатып алынған. Мысалы, құрылыс алаңын электрмен қамта­масыз ететін трансформатор­лар Кентау трансформатор зауы­­тынан жеткізілген, металл құрыл­ғылары «Имсталькон» АҚ-тың Қа­рағандыдағы, Жамбылдағы, Семейдегі, Шымкент пен Ақтөбедегі зауыттарынан қамтамасыз етілген. Салынып жатқан зауытта техно­логиялық жаңалық та бар. Бұған дейін ферроқорытпа өндірісі бри­кеттерді, шекемтастарды және табиғи кесек кендерді пайдаланып келді. Жаңа зауытта қолданылатын технология кенді қосымша өңдеуді қажет етпейді. Барлық ұсақ кен брикеттеу фабрикасына немесе окатыш өндірісіне емес, бірден пешке түсіп балқытылады. Мұнда Шұбаркөлдің арнаулы коксы, Ресейдің антрациті пайдаланылады. Мұның барлығы шығынды кемітуге мүмкіндік береді. Бұл қазіргідей бәсекелестікке негізделген нарықтық жағдайда өте маңызды. Қазірдің өзінде алғашқы екі пеште жұмыс істейтін жұмысшылар саны бекітілді. Олар 500 адам болады, қызметкерлерді оқыту бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Жаңа өнеркәсіптің тағы бір ерекшелігі, мұнда арнайы дайындалған полигондарға пештен шыққан металды полигондық тарата құю әдісі пайдаланылады. Полигондық тарата құю нәтижесінде кран жұмыстары көлемін едәуір азайтады, ал қожды бірден уатады және қиыршықтас түрінде жүзеге асырады. Салынып жатқан жаңа зауыт Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік ферроқорытпа салалары үшін де бірегей инновациялық технологиялар кешені болып табылады.

Мұрат МҰҚАШЕВ,

«Қазхром» АҚ филиалы

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры.

БАСТЫ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ

Еліміздің ең негізгі байлығы – адам капиталы екені сөзсіз. Қай кезде де денсаулық сақтау мәселесі бірінші кезекке қойылатыны да сондықтан. Бұл бағытта облыста соңғы жылдары бірқатар қол жеткен жетістіктер баршылық. Жаңадан ауруханалар мен емханалар салынып, пайдалануға берілуде. Олар осы заманғы озық қондырғылармен жабдықталуда. Жоғары білімді дәрігерлер ауылдық жерлерге бара бастады. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жыл сайын артып келеді. Тым әріге бармай-ақ, облыстың денсаулық сақтау саласының 2013 жылғы бюджет жиынтығы 28 449 407,2 мың теңгені құрап отырғанын айтсақ та біраз жайтты аңғаруға болады.

Облыста «100 аурухана құрылысы», «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшер­­­лік-акушерлік пункт және 50 емхана құрылысы» мемлекеттік бағдарламалары нәтижелі жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы Шұбарқұдық поселкесінде ауысымына 250 қабылдауға арналған Темір аудандық емханасы пайдалануға берілді. Осы жылдың соңына дейін тағы екі ірі мекеме – облыс орталығындағы 500 адамды қабылдауға арналған қалалық емхана мен 300 керуеттік көпсалалы аурухана пайдалануға берілетін болады. Әл-ауқаты жоғары елді мекендерде жоспарланған 19 дәрігерлік амбулатория құрылысының 9-ы үстіміздегі жылы салынды.

Денсаулық сақтаудың біртұтас ұлттық жүйесін енгізу осы саланың мемлекеттік емес секторының белсенді түрде дамуына мүмкіндік берді. Қазір облыста мемлекеттік тапсырыстың 25 пайыз көлемін жеке медициналық ұйымдар жүзеге асырады. Денсаулық сақтаудың біртұтас ұлттық жүйесі және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жеке секторды дамыту үшін денсаулық сақтау саласының шынайы тартымдылығына жағдай жасады. Аталған бағдарламалардың қатысуымен облыста өткен жылы екі жоба жүзеге асырылды. Жалпы құны 2 млрд. теңгеден астам «Дару клини­касы» оңалту орталығы және «ТК Фарм Ақтөбе» фармацевтикалық зауыты пайдалануға берілді. «Дару клиникасы» осы заманғы бірегей құрал-жабдықтармен жарақтандырылған.

Мемлекет пен кәсіпкерлік арасындағы серіктестік аясында 500 адам қабылдауға арналған заманауи емхана құрылысын салу көзделуде. Қазіргі уақытта қайтадан қолдану үшін типтік жобаны әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет пен кәсіпкерлік арасындағы серіктестік бағдарламасын іске асыру үшін 5 концессиялық ұсыныстар енгізілді. 2014 жылы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің және жөндеу базасы мен қосалқы стансалары бар қалалық медициналық жедел жәрдем стансасы кешенінің құрылысы басталады.

Саланың ресурстық қамтамасыз етілуін жақсарту, медициналық көмекті басқару және ұйымдастыру технология­ларын жетілдіру, кадрлар біліктілігін арттыру тұрғындар денсаулығының негізгі көрсеткіштеріне оң әсер етті және медициналық-демографиялық ахуалды жақсартты. Жыл сайын бала туу көбеюде. 2013 жылдың 8 айында табиғи өсім 2012 жылғы 1000 адамға шаққандағы 15,94-тен 16,30-ға артты. Бұл республикалық көрсеткіштен жоғары болып табылады. Өңірдегі өмір сүру ұзақтығы, орташа алғанда, еліміз бойынша көрсеткіштен сәл жоғары, 2012 жылы 70,45 жасты құрады. Өткен жылы ана өліміне жол берілмеді.

Бүкіл әлеуметтік елеулі дерттер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілді. Қан айналымы ауруларынан өмірден озу 2013 жылдың 9 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5 пайызға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққандағы 197,7-ден 182,7-ге кеміді.

Соңғы жылдары туберкулез бойын­ша сырқаттанушылық пен өлім-жітім­­нің негізгі эпидемиологиялық көрсет­кіш­терінің тұрақты түрде төмен­­деуі байқалады. 2012 жылдың сәйкес кезе­ңімен салыстырғанда туберкулезбен аурушаңдық 9,1 пайызға, өлім 9,1 пайызға азайды.

Диагностикалау мен емдеудің жаңа жоғары технологиялық әдістерін енгізу одан әрі жалғасуда. Облыста кардиохирургиялық көмек белсенді түрде даму үстінде. Кардиохирургиялық орталық ашылғалы бері кардиохирургтар тарапынан 1000 операция жасалды, 5000 жүрек-қан тамырларын ангиографиялық зерттеу жүзеге асырылды.

Облыстық балалар ауруханасы базасында Батыс Қазақстан балаларына жоғары мамандандырылған көмек көрсету үшін жаңа туылғандар хирургиясының аймақтық орталығы ашылды. Орталықта дүниеге келген алғашқы күндерінен бас­тап, жаңа туылған нәрестелерге туа біткен ауыр дерттеріне хирургиялық түзету жасалады. 2013 жылдың өткен кезеңінде дамудың ауыр бұзылыстарына шалдыққан жаңа туған сәбилерге 35 операция жасалды. Денсаулық сақтау саласында қол жеткен жетістіктер алда да жалғасын табады. Бұған толық мүмкіндік бар.

Қайрат САБЫР,

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау

басқармасының басшысы.

 

САПАҒА САПАР

Біздің «Анди» ЖШС темір-бетон бұйым­дарын шығаратын («ЖБИ-25») зауыттың бұрынғы қосалқы шаруашылығының ізінде құрылды. Ол қала маңындағы №39 темір жол бекеті аумағында орналасқан. Біз 1998 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеміз. Бұған дейін зауыттың қосал­қы шаруашылығында біраз мал өсіріліп, өнімдері қала халқына ұсынылған. Алайда, олардың бәрі де өнімділігі төмен жергілікті малдың тұқымы болатын. Бұлай нарықтық қатынас жағдайында бәсекелестікке төтеп бермек түгілі, табыс табудың өзі мүмкін еместігін түсініп, мал тұқымын жақсартуға бағыт ұсталды. Сөйтіп, 2011 жылы серік­тес­тік қолға алған бұл жоба еліміздің Үдеме­лі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енді. «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының қаржыландыруы арқылы шетелден жеткізілетін сиырлар үшін жобалық қуаттылығы 500 ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасын салдық. Қазіргі заманғы талапқа сай жабдықтар орнатып, іске қостық. Осы шаруалар аяқталған соң, асыл тұқымды сауын сиыр­­лар алудың қамына кірістік. Бұл жолы да «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы көмекке келді. Американың Айдахо штаты­нан асыл тұқымды голштино-фриз сүтті сиырын сатып алуға несие бөлді. Сөйтіп, сүттік бағыттағы голштино-фриз тұқымды 474 қашар әкелінді.

Жалпы жобаның құны 1079,4 миллион теңге тұрады. Соның 916,5 миллион теңгесін «ҚазАгроҚаржы» АҚ несиелеп отыр. Қалған қаржыны құрылтайшының өзі салды.

Мұндай малды алғандағы мақ­са­­ты­мыздың өзі сүт өндіруде әлемдік бәсе­­ке­лес­тікке дайын болу ғой. Бұл аталған мал тұқымының дүниежүзінде сүт өндіру жөнін­де генетикалық қуаты өте жоғары. Бір сиыр жылына 7 мың литрге дейін сүт береді. Мұның бәрі сол жақта қолдан ұрықтандырылған буаз құнажын сиырлар. Карантиндік кезеңнен өтті. Барлық жағдай жасалып, күтіліп-бағылуда. Малды жайлау, сауу автоматты түрде атқарылады. Қазір жаңадан жұмысшылар алынып жатыр. Мұнда 37 адам жұмыс істейді. Бір ме­зетте 28 сиыр автоматпен сауылатын ор­ында ауы­сымына екі сауыншы жұмыс атқаратын болады. Бұл – облыстағы екін­ші ірі тауарлы-сүт фермасы. Оның іске қосылуы облысқа жылына қосымша 3500 тонна сүт өнімдерін алуға мүмкіндік береді.

Шетелдік мал біздің өңірге жақсы үйреніп, бейімделіп жатыр. Себебі, бұл малдар бағылған жердің ауа райымен біздің өңірдің ауа райы, климат жағдайы біркелкі үйлеседі. Малға жүгері, судан шөбі беріледі. Құнарлы жеммен азықтандырылады.

Үстіміздегі жылдың қараша айынан бастап серіктестіктің тауарлы-сүт фермасындағы бұзаулаған қашарлар сауыла бастайды. Бастапқы кезде мұнда өндірілген сүт қаладағы өңдеу кәсіпорнына тапсырылады. Болашақта сүт өнімдерін шығаратын цех салуды да ойластырудамыз.

Осында ұсталатын мал санын 1000 сиырға дейін жеткізбекшіміз.

Содан кейін асыл тұқымды ірі қараны басқа шаруашылықтарға өткізу жоспарлануда.

Мәди ҚАБАҚБАЕВ,

«Анди» ЖШС директоры.

_______________________________________

Айқарма беттің материалдарын дайындаған

«Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы

меншікті тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ.

Соңғы жаңалықтар