Оқиға • 06 Қазан, 2020

Қатыгез әке – қоғамға қатер

649 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлімжеттік – әлеуметтік теңдікті бұзатын, адам құқығына нұқсан келтіретін қоғамға қауіпті әрекет. Ал осындай безбүйректік аялы алақан, қамқор қорған деп білетін отбасында жасалса, бұдан асқан сорақылық жоқ шығар.

Қатыгез әке – қоғамға қатер

Жақында әлеуметтік желіні шарлап кеткен жауыз әкенің баласын аяусыз ұрып-соққан видеосы көпшілікті шошытты. Бұл – көз көріп, жұртқа жария болған, бұлтартпас айғақ ретінде таралған жағдай. Ал көпшілік біле бермейтін, отбасының ойранын шығарып, құтын қашырып отырған зорлық-зомбылықтар қаншама?!.

Аталған оқиға Түркістан облысы Қазы­ғұрт ауданына қарасты Қы­зыл­қия ауы­лында болған. Әлеу­меттік желіде тараған видеода отағасы баласын аяусыз ұрып жат­қаны түсірілген. Тағы бір видеода екінші баласы да опасыз әкесінен оңбай таяқ жепті.

Қазір күйеуінен көресіні көр­ген әйелі балаларын алып қашып, төркінінен пана тауыпты. Әйел бұған дейін полицияға жұбайының мұндай әрекетін айтып ауызша арызданған, бірақ өтініш беруден бас тартқан екен. Енді полицейлер 4 қазан күні әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында аталған оқиғаны анықтап, іс сотқа дейінгі тергеу тізіліміне Қылмыстық кодекстің
110-бабы – азаптау бойынша тіркелді.

Жұрттың жаппай наразылығын тудырған мұндай оқиғалар тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-ша­раларды күшейтіп, отбасының бере­кесін қашыр­ған оспадарлардың жазасын барынша қа­тайту керек екенін көрсетеді. Бұл мәселе Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалмай, Президент тапсырмасымен Парламентте отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы жазаны күшейту жөнінде заң жобасы қаралып жатыр.

Осындай оқиғаға қынжылыс біл­дір­генде көпшілік көбіне құқық қорғау органдарының әрекетсіздігін сын­ға алады. Айталық биыл­ғы 8 ай­дағы жағдай бойынша тұр­мыс­тық зор­лық-зомбылыққа байланыс­ты 130 мың шағым түскен екен. Оның тек 2,5 мыңына қатысты қылмыстық іс қоз­­­­ға­лып, 30 мың іс әкімшілік қа­рау­­ғ­а жі­берілген. Яғни, полиция бар­лық ша­­ғымға тиісті шара қолдана алма­­ған.

Ал індет қос өкпеден қысқан күр­делі кезеңде үйінде қалып, үрей құшағына енген, отағасынан жәбір көрген жағдайлар күрт көбейді. Қоғамның бірлігі сыналар шырғалаң шақта шаңырағының шырқын бұзар қатыгез әкеден келетін қауіптің алдын алу маңызды болып тұр.

 

(Тақырыптың жалғасын 15-беттен оқисыздар)